Шаруашылық • 26 Қыркүйек, 2023

Мал басын бірізді тіркеу

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл төрт түліктің жас төлін біріздендіру жұмыстарына облыс бюджетінен 110 млн теңгеден аса қаржы бөлініп отыр. Ветеринар мамандар жыл басынан бері 128 132 ірі қараны, 136 010 ұсақ малды, 42 966 доңыз, 13 240 жылқы, 15 түйені сәйкестендіру тізіміне енгізген.

Мал басын бірізді тіркеу

Жануарлардың және олардан алынатын өнім мен шикізаттың тасымалдануын бақы­лауда ұстауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру шараларын жүргізу облыстық ветеринария басқармасына міндеттелген. Мал басын біріздендіру кезінде АШЖБ ақпараттық жүйе­сіне түліктің саны туралы мәліметтер енгізіліп, сырғалау, таңба басу, радиожиілікті белгісі бар сырға, болюс, чип тағу, әр басқа жеке нөмір беру жұмыстары атқарылады.

Облыстық ветеринария басқармасының бас­шысы Ахат Шектібаевтың айтуына қара­ғанда өңірдің эпизоотиялық ахуалы тұрақ­ты. Бұған аса қауіпті жұқпалы мал ауру­лары­ның алдын алатын вакцина егу және диаг­ностикалық зерттеу жұмыстарының белгі­ленген жоспарға сәйкес дер кезінде жүргізілуі сеп болып отыр.

Сала мамандары малдың қан сарысуына диагностикалық зерттеу жүргізу барысында бруцеллезге шалдыққан жануарларды союға ерекше мән береді. Жұқпалы дерт анықталған жағдайда иесі ауру малын 15 күннің ішінде ет өңдеу кәсіпорнына немесе сою пунктіне жіберуге міндетті. Ал аудандық және қалалық ветеринария бекеттері мал иелерін тегін көлік­термен қамтамасыз етуге тиіс. Бруцеллезге ұшыраған малды тасымалдауға осы жылы жергілікті бюджеттен 30 млн теңгеден аса қаражат бөлініп отыр.

– Ауру малды сою цехтарына тапсыру бары­сының дұрыстығын бақылау үшін сани­тарлық сою актісі жасалып, оған жануардың иесі мен сою пунктінің өкілі қол қояды. Мұн­дай шаралар бруцеллездің таралуын бол­дыр­мау және аурудың пайда болуының эпизо­отиялық тізбегін анықтау үшін қолданылады. Сою нысандарында малдың еті мен ішкі органдарға ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізіледі. Ірі қара малда бруцеллезге тән белгілер анықталған жағдайда оның еті мен ішкі органдары өңдеуге жіберіледі. Мал иесіне пышаққа ілінген жануардың нарықтағы құнының 30 пайызы мөлшерінде өтемақы төленеді. Сондай-ақ бруцеллезбен ауырған ұсақ мал да ішкі органдарымен қоса міндетті түрде қайта өңделеді. Оның да 30% мөлшерінде құны өтеледі. Жалпы, жыл басынан бері бруцеллез анықталған 180-дей ұсақ малға 1 млн 564 мың теңге өтемақы төленді, – дейді Ахат Шектібаев.

Облыстық ветеринария басқармасының мамандары жұқпалы аурудың алдын алу мақса­тында шаруашылықтардың қора-жайларын дезинфекциялау шараларын жүргізеді. Бүгінде өңірдегі барлық ветеринария бекеттерінде дезинфекциялық қондырғы орнатылған арнайы автокөлік бар. Дезинфекция препараттары да жеткілікті.

Биыл облыс көлеміндегі 382 қора-жай­ға мәжбүрлі дезинфекция, 254 нысанға профи­лак­тикалық дезинфекция жүргізілген.

 

Қостанай облысы