Жыл басынан бері елімізде жалпы саны 8,3 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Жол апатының азаймауына түрлі жағдай себеп болып отыр. Мәселен, жүгенсіз жүргізушілердің жол қауіпсіздігі мен жолда жүру мәдениетін сақтамауы, жылдамдықты шамадан тыс асырып, қарсы бетке шығып кетуі, масаң күйде және ұялы телефоннан көз алмай көлік жүргізуі. Мұндай оқиғалар Алматы (826 жағдай) мен Жамбыл (614 жағдай) облыстарында жиі кездеседі. Жуырда ғана Алматы облысының Нарынқол ауылында 15 жастағы жасөспірім 6 оқушыны көлікпен қағып кетті. Салдарынан бес бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
– Жол саласына қатысты әр деректің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпайық. Ең бастысы – қайғылы оқиғаны болдырмаудың нақты нәтиже беретін жолдарын тауып, жүзеге асыру қажет. Апатты қалай тоқтатамыз? Нақты не істей аламыз? Осы бағытқа күш салу керек. Мәселен, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Астана қалалық полиция департаменті тиісті іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде балаларды жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын жарақаттың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ бірлесіп, тұрақты негізде түрлі алдын алу іс-шараларын жүргізіп отырады. Осылайша, биыл елордада балалардың жолдағы қауіпсіздігі, «Назар аударыңыз, балалар!» атты жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Қазіргі уақытта жедел іс-шараның екінші кезеңі жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың жолды кесіп өтуі кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша 4 862 дәріс оқытылды. Викториналар мен әңгімелер жүргізілді. Балалар мен жас жол инспекторлары қатысуымен көлік құралдарын жүргізушілеріне жол тақырыптары бойынша жарнамалар мен балалар суретін тарата отырып, жол қозғалысы ережелерін білу бойынша 74 сайыс пен викториналар ұйымдастырылды. Таралымы 1 500 данадан асатын көрнекі насихаттың 8 түрі шығарылды, – деді Астана қаласы Полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі бастығының міндетін атқарушы Гүлмира Шырақметова.
Елдегі жол-көлік оқиғалары тек адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер етеді. Өйткені туристер үшін саяхаттайтын мекеннің қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан халықаралық қауымдастықтар жол апаты төңірегінде түрлі зерттеулер жүргізіп отырады. Мысалы, БҰҰ мәліметтеріне зер салсақ, жыл сайын әлемде 1,3 миллионға жуық адам жол апатынан қаза табады. Оқыс оқиға салдарынан қапияда өлім құшқандардың әрбір төртіншісі жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер. Ал шамамен 50 миллион азамат жарақат алады екен. Өміріне қауіп төнгендердің орташа жасы 5-тен 29-ға дейінгі азаматтар.
Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингін бағдарласақ, жол сапасы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 93-орында тұр. Ескере кетсек, елдегі әрбір төртінші көлік апаты осы сапасыз жолдардың салдарынан болады екен.
– Кейінгі 30 жылда жол апатынан көз жұмғандардың саны Ауған соғысынан қаза тапқан әскердің санынан төрт есе асып кетті. Жол апаты салдарынан болатын экономикалық шығынның көлемі жылдық ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын құрайды. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай оқиғалардың көбеюіне емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін оңай сатып алу мүмкіндігі себеп болып отыр. Мұндай «тегін емтиханды» мердігер компанияның қызметкерлері де, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары да ұсынып жүр. Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны орта есеппен 420 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы, яғни 42 мың адам куәлікті сатып алады. Одан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд теңгеден асады. Жүргізуші куәлігін алу кезінде жемқорлыққа жол берілгендіктен бұл мемлекеттік қызмет түрін Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы құзыретінде алып тастау керек деген ұсыныс та айтылды. Сонымен қатар Ішкі істер, Цифрлық даму министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің қатысуымен кеңесші орган құрылды. Оның үстіне елдегі жол сапасы да сын көтермейді. Бұл да жол-көлік оқиғаларының артуына сеп болып отыр, – деді Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.
Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – жол қозғалысы ережелеріне дұрыс дайындау және үйрету. Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Президент те бұл мәселені сынға алған еді. «Кейінгі үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек», деді Мемлекет басшысы.
Өзекті мәселенің бір шешімі ретінде сақтандыру компаниялары көлік жүргізу сапасының факторын тарифке қосуды ұсынып отыр. Бұл үлгілі автокөлік жүргізушілері үшін сақтандыру қызметін арзандатуға мүмкіндік береді.
– Жалпы жол қауіпсіздігі туралы айтқанда, біз нені бақылай аламыз, нені бақылай алмайтынымыздан бастауымыз керек. Мемлекет қауіпсіздікті де, бақылауды да арттыратын инфрақұрылымды белсенді түрде құруда. Алайда ең алдымен бұл мәселеде көлік жүргізу мәдениетіне көп көңіл бөлу керек. Жол-көлік оқиғасын, тіпті адам шығынын тудыруы мүмкін кішігірім құқық бұзушылықтарға толық төзбеушілікті қалыптастыру керек. Астана және Алматы қалаларында бейнебақылау камераларын орнату жүргізушілерімізді қауіпсіздік белдіктерін тағуға, жылдамдық режімін сақтауға т.б. үйреткені анық. Сондықтан бұл векторды әрі қарай жалғастыру керек. Тек осы аралықта жол ережелерін тұрақты түрде ұстануы үшін сақтандырушыларға жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы мәліметтерге қолжетімді ету қажет. Бұл әр азаматтың көлік жүргізу стилін көруге және оларды сақтандыру тарифтері арқылы ынталандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде сақтандыру құнының көтерілуі жол қозғалысы ережелерін бұзу жол-көлік оқиғасына әкеп соққанда және сақтандыру төлемі болған жағдайда қолданылады. Бірақ құқық бұзушы жазадан құтыла алатын жағдайлар бар. Біріншіден, әлі күнге дейін жүргізушілер патрульдік полицияны және сақтандыру компаниясының қызметкерлерін шақырмай-ақ зардап шеккен тарап автокөлікті жөндеуді өтеу туралы келіседі. Екіншіден, тәжірибелі жүргізушілердің көмегімен ЖКО-дан аулақ болуға болады. Үшіншіден, кейбір жол қозғалысы ережелерін бұзушылар басқа жүргізушілердің апатқа түсуіне себепкер болады. Ал жаңағы жолда жүру ережесін бұзған азамат сытылып кетеді. Жол бойында апаттық жағдай туғызатын, өзгелерге қауіп төндіретін жүргізушілердің сақтандыру құнын арттыруды ұсынамыз, – деді сақтандыру компаниясының өкілі Сергей Гаврилов.
Айтпақшы жол-көлік оқиғаларына үй жануарлары да себеп болады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, республикалық трассаларда 300-ден астам қауіпті учаске бар. Осы жылдың соңғы бес айында жануарлар 32 жазатайым оқиғаға себеп болған. Салдарынан 8 адам қаза тауып, 41 адам зардап шеккен.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көп тіркелген республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының учаскелерінде жол қызметкерлері жылқы мен сиырдың муляждарын орнатып жатыр.
Бізге шетелдік тәжірибені де ескеру қажет. Өйткені жолдарының құрылысы жағынан бізге ұқсас Оңтүстік Корея елінде жол апаттарымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Сол елдің ғалымдары жол-көлік оқиғаларын зерттей келе, жылдамдықты 10 пайызға қысқарту арқылы адам өлімін 50 пайызға азайтуға болады деген тұжырым жасады.