Әрине, түрмеге оңды-солды кіріп шығудың реті болмағандықтан, мекеме басшылығы өндірістік аумаққа апармас бұрын темір тордағы тіршілікпен таныстырды. Асхана, кітапхана, компьютер бөлмесі, психологпен кеңесетін бөлме, теологтен дәріс алатын бөлме және арнайы бір жасақтың жағдайымен таныстырып, аралатты. Түрменің өндірістік аумағына өткенімізде шағын көрме қойылды. Осы аумақта өндірілетін, нарыққа шығатын өнімдерді тамашалай алдық. Сөреге 5 литрлік пластикалық ыдыстан бастап, әскери жабдық, жуыну бөлмесіне арналған керамикалық ыдыс, түрлі тұрмыстық бұйымдар, жылыжайда өсірілген қияр, қызанақ, саңырауқұлақ қойылған. Таза былғарыдан тігілген аяқ-киім, арнайы салалық киімдер де бар. Құрылысқа қажетті материалдар: кірпіш, блоктер, шекараға қолданылатын сым да осы түрменің өндірістік аумағынан шығады. Мұнда тігілген аяқкиім сұранысқа ие. Қысқы, күзгі, жазғы ер мен әйелдер аяқкиімі бар. Бағасы – қолжетімді.
– Бағалары 20 мың теңгеден басталады. Сапасы жоғары болу үшін таза былғарыдан тігеміз. Материалды Түркиядан, Ресейден алдырамыз. Интернеттен аяқкиімнің кез келген үлгісін көрсетсеңіз, өлшеміңізді алып, қалғаныңыздай тігіп береміз. Онлайн да тапсырыс қабылдаймыз. Қазір бренд атауымызды ойластырып жатырмыз. Сапасы жақсы болған соң, тапсырысымыз да күннен-күнге өсіп келеді. Жазасын өтеп жатқан 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олардың арасында бұрын аяқкиім тіккендер де бар. Жалақыны тапсырыстың көлеміне қарай төлейміз, – дейді жеке кәсіпкер Кристина Елцова.
«Бұрын мұндай кәсіппен айналысқан соң, бізге аяқ киім тігу аса қиындық тудырмайды. Еңбекақымызды адал алайық деп әр етікті сапалы етіп тігуге тырысамыз. Тігілген аяқкиім көлеміне сәйкес төленеді. Бастысы, мұнда уақыт өтеді. Қасымда екі етікші бар», дейді есімін көрсетпеуді өтінген жазасын өтеуші.
Мұнда раковина шығаратын шағын цех та бар. Үш сотталушы еңбек етеді. Керамикадан құйылатын бұл материалға да сұраныс жоғары екен. Бағасы да нарықтағыдан арзан. Бірақ кәсіпкерлер басқа мекемеге көшуге мәжбүр. Себебі үш жұмыскерін ауыстырып жатыр.
– Негізі, бұл жұмысты игеріп кету оңай емес. Біз жұмыскерлерімізді бір жылға жуық үйреттік. Олар ауысып бара жатқан мекемеге көшуге тура келеді. Басқаларды қайтадан үйретуге бір жыл жоғалтқаннан гөрі үйренген мамандармен жұмысты жалғастырған әлдеқайда тиімді. Жұмыс ауқымымыз ұлғайып жатыр. Өнімімізді құрылыс материалдарын сататын дүкендерге өткіземіз. «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы да саудалап жатырмыз. Енді ванна шығармақшымыз. Сосын өзіміздің брендпен дүкенімізді ашсақ деген мақсатымыз да бар. Мұндағы жұмыскерлермен жұмыс істеу өте тиімді. Кешікпейді, сұранбайды, бірыңғай жұмыспен айналысады және жұмыстарына тиянақты, – дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Акенов.
Онымен қоса, 5 литрлік пластикалық ыдысты арнайы станокпен өндіреді. Мұнда тек бір ғана маман жұмыс істейді. Күніне әлгі станоктің күшімен мың ыдыс өндіреді. Әлі сатылымға шыға қоймаған. Қазір түрменің қажетін ғана өтеп тұр. Сүт, су тасымалдайды.
Саңырауқұлақ цехында да жұмыс қызу. Жұмыспен қамтылған жазасын өтеушілер арнайы температурасы бар бөлмеде өсірілген саңырауқұлақтарды сорттап, патенттейді.
«Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттің кәсіпорынның №6 өнеркәсіптік учаскесінің басшысы Асхат Аманбеков бос тұрған аумақтарды да көрсетті. «Шағын және орта кәсіппен айналысатын ниеттілер болса, жер береміз, бос цехтарды да жалға беруге ықтиярмыз. 1 200 гектар жер телімі бар. Егер бизнесі үшін модульді кешен саламыз десе, рұқсат береміз. Нәтижесінде, жазасын өтеп жатқандарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік көбейер еді» дейді учаске басшысы.
Біз барған өнеркәсіптік аумақта 145 сотталушы еңбек етіп, жалақы алып отыр. Ашық есік күніне арнайы барған облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Данара Смайл, Болат Сыздық мекеме басшыларына ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Қарағанды облысы