Ғылым • 27 Қыркүйек, 2023

Агроғылым қашан еңсе тіктейді?

423 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазір диқандар техника жетіспей, жауын астында қалған астықты жинау қамымен арпалысып жатыр. Осының бәріне сараптаманың, істі бастамай тұрып жүргізілетін зерттеудің, зерделеудің кемдігі байқалады.

Агроғылым қашан еңсе тіктейді?

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Зерттеулерге сүйенген жөн

Агроғылым әлдеқашан жан-жақ­ты дамып, қаншама жылға созылған ғылыми жобалар жемісін беріп үл­гергенде, аграрлық саладағы экспорт қазіргіге қарағанда әлдеқайда көп болар ма еді? Экспортты былай қойғанда азық-түлік бағасы күн сайын құбылмас та еді. Олқылықтың орнын толтыру үшін қайтпек керек?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары техноло­гиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруа­ларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылым­ға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқы­рауға емес, құрдымға кетеді. Агро­ғы­­лымды дамыту және ең бас­тысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қол­дану үшін шаралар қабыл­дау қажет», деді.

Абай атындағы ұлттық педа­гоги­калық университетіндегі Жас зерт­теу­шілер кеңесінің төрағасы, География және экология кафедрасының қауым­дас­тырылған профессоры, PhD Шахи­слам Лайсханов агроғылымның дамуын кешеуілдетіп тұрған бірнеше ма­ңыз­д­ы факторды атады. Соның бірі – агро­ғы­лымның тәжірибеге байланбаған бағыт­тары, аграрлық саланы нақты зерттеп жүрген ғалымдардың аздығы.

– Ауыл шаруашылығы – еліміздегі нөмірі бірінші сала. Қазақстан жер ресурс­тарына өте бай, 272 млн гектар жердің 222 млн гектары ауыл шаруашылығына жа­рамды. Әрі осы ауыл шаруашылығы жер­лері үш топырақ зонасында жатыр. Топырақтың 24 түрі, өсімдіктің 6 мыңнан аса түрі кездеседі. Геоморфологиялық жағдайы да сан түрлі, ойпат та, аса биік тау да бар. Бізге батыс, солтүстік, оңтүстіктің де ауа массалары климатымызға әсер етеді. Мұның бәрі осы салада зерттелетін дү­ние­лердің көптігіне алып келеді. Агро­ғы­лымның күрделілігі, өзге саланы зерттеу­ден ерекшелігі осында. Бұл салаға табиғи жағдаймен қатар экономикалық және әлеуметтік жағдайдың бірдей ықпалы болады. Аграрлық ғылымның зерттейтін мәселелері есепсіз, өте көп, зерттейтін тақырыптар мен ғалымдардың саны, қа­зіргі кезде министрліктің агроғылымды қар­­жыландыру деңгейі арасындағы айыр­­­машылық – жер мен көктей. Зерт­те­летін тақырып көп болғандықтан оған бөлінетін қаржы да, оны зерттейтін ғалымдар да сәйкесінше көп болуы керек. Өкінішке қарай, бізде соңғы екеуі жетіспейді. Сондықтан аграрлық саланы екі министрлік те (Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі) қаржыландыруы қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі де Ғы­лым және жоғары білім министрлігі сияқты зерттеулерге гранттық конкурс­тарды жиі жариялағаны абзал, – дейді ауыл шаруашылығы жерлерін картографиялау және топырақтардың деградация­лануы мәселелерін зерттеп жүрген Ш.Лайсханов.

вы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оның айтуынша, агроғылымды қар­жы­­ландыруға кейінгі үш жылда ғана көңіл бөлініп келеді. Ал қаражат бөлін­ген сол зерттеулердің алғашқы легі әлі аяқталған жоқ. Ғылым мен өндірістің арасында алшақтық бар. Себебі ғылыми зерттеулердің нәтижелерін қолданысқа енгізуге өндіріс орындары құлықсыз. Сон­дықтан ғылыми зерттеулердің нәтиже­лері де гранттық қаржыландыру арқылы өндіріске енгізіледі. Өйткені іргелі зерт­теу­лерді қолданбалыға айналдыру да зерт­теуді, ал зерттеу өз кезегінде қаржыны қа­жет етеді. Оның өзінде нәтиже бірден бол­майды, тіпті кейбір нәтиженің өзі көңіл көншітпеуі мүмкін.

– Агроғылым саласындағы зерттеу­лер­ді жүйелеп алған жөн. Негізінен Ғы­лым комитеті зерттеулерді 10 басым ба­ғыт бо­йынша қаржыландырады. Соның ішіндегі 5-ші бағыт «Агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы және ауыл шар­­уа­шылығы өнімінің қауіпсіздігі» деп аталады. Басым бағыт өз ішінде маман­дан­дырылған 7 бағытқа бөлінеді. Бірақ грант басым бағыт бойынша ғана жалпы аграрлық салаға беріледі де, оның ішіндегі мамандандырылған бағыттардың арақатынасы сақталмайды. Мысалы, аг­рар­лық салаға жалпы 50 грант берілді десек, соның тең жартысы немесе басым бөлігі бір ғана мамандандырылған бағытқа (айталық – егін шаруашылығына) бөлініп, кейбір мамандандырылған бағытқа (мысалы, мал шаруашылығына) мүлдем аз беріліп қалуы мүмкін. Сондық­тан осы жерде Ұлттық ғылыми кеңес мамандан­ды­рылған бағыттардың арақатынасы сақталуын қадағалағаны маңызды, – дейді Ш.Лайсханов.

 

Аурудан ада «Айна»

Еліміздегі диқандар жыл сайын күзді­гүні астық жинау науқанын арпалыс­пен өткізеді. Өйткені науқанға жаңбыр жаға­ласып, еңбегі еш кетіп, егін суда қалып қояды. Ондайда шаруалардың өнімі адам түгілі малға азық болуға да жа­ра­май жатады. Неге? Неліктен осы уақытқа дейін мұндай мәселенің барын білетіндер дақылдардың құбылмалы ауа райына төзімді түрлерін әзірлемейді? Сөйтсек, бар екен. Сұрақтан сұрақ туып, арнайы іздемесек, білмейді де екенбіз. Қостанай облысындағы 90-жылдан аса тарихы бар «Қарабалық» ауылшаруашылық тәжірибе стансасы осы уақытқа дейін дәнді-дақылдың 49 түрлі сортын сараптамадан өткізген. Станса басшысы Дамир Қалдыбаевтың ақпаратына сүйенсек, солтүстік өңірлерде 2,5 млн гектар жерге осы мекемеден шыққан дақылдардың сорты егіледі. Оның ішінде жазғы бидай, қысқы бидай, арпа секілді дақылдар бар.

– Әр 2-3 жылда бір сорт шығарамыз. Негізі кейде бір сортты жасап шығаруға 10 жылға жуық уақыт кетуі мүмкін. 10 мың үлгіден 5-10 түрлі сорт шы­ға­ра алсақ, үлкен жетістік. Сондай сорт­тардың бірі «Айна» деп аталады. Жұм­сақ бидайдың бұл түрін ешқандай ауруға шалдықпаған, түрлі өсімдік вирустарына төзімді, таза болғандықтан ғалымдарымыз «Айна» деп атаған. 2017 жылы өсімдіктердің эпидемиясы болды. Сол кезде бүкіл Солтүстік Қазақстанның астығы жапа шекті. Мұндай шақта 4-5 күннің ішінде арнайы химиялық аппаратпен өңдемесе, өнімділік бірден 50 пайызға түсіп кетеді. Сол эпидемия кезінде жалғыз «Айна» ғана өсімдік ауруына төзімділік танытты. Техника болса да кейде 20 күнде бітуге тиіс астық жинау науқаны ауа райының қолайсыздығы кесірінен 2 айға созылып кетіп жатады. Көп бидайдың сорты желден шашылып қалады. «Айна» екі айға дейін қауызынан ажы­рамай, шашылмай тұра алады. Әрі би­дайдың бірқатар сорты жаңбырда қалса, сапасын айтарлықтай жоғалтып алады. «Айна» бізді бұл жа­­­ғынан да таң­ғал­дырған еді, – дейді Д.Қалдыбаев.

Оның айтуынша, тәжірибелік стансада ғылым бар, ондағы ғалымдар «Айна» секілді түрлі дәнді-дақылдың сортын шығарған. Бірақ ғылыми жұмыстардың нәтижелері өндіріске ондағы мамандардың күшімен енгізіліп жатыр. Стансадағы ғалымдардың өнімдерін өндіріске енгізуге мемлекеттен қаржы тым аз бөлінеді.

– Біз мемлекеттен грант ретінде тек сорт шығаруға ғана қаражат аламыз. Бірақ оның өзі тым аз. Бұл станса шығынының 5-6 пайызын ғана жабады. Қалған 95 пайызын өзіміз еңбектеніп, табыс тауып, өнімімізді өткізіп жабамыз. Мысалы, 2018 жылы бізден 8 шаруа қожалығы тұқым сатып алды, қазір олардың саны 58-ге жетті. Бүгінде 350 фермерге тұқым саттық. Мемле­кеттен қаражат сорт шығаруға ғана беріле­тіндіктен, оны өндіріске енгізуге мүлдем жетпейді. Әр сорт 10-12 жылда шығарылады. Бір сортты шығару­да ма­мандардың тұрақты айналысуы аса маңызды. Алайда бізде қаржылық жағы­нан тұрақсыздық болғандықтан, жастар келмейді. Қазіргі жастарға тұрақты, жақсы жалақы керек, – дейді станса директоры.

Оның сөзіне қарағанда, «Айна» сор­­­ты селекциямен айналысатын «Simmit» халық­аралық ұйымының дамушы елдерге арналған арнайы бағдарламасы бойын­ша шетелдік селекция арқылы шы­ға­рылған. 2020 жылдан бастап бұл ұйым «Қарабалық» стансасына бұрын­ғыдай бағ­дар­ламамен тегін көмектеспейді, өйткені Қазақстандағы ішкі жалпы өнімі­нің көлемі жақсы. Ішкі жалпы өнімі жақсы немесе жоғары елдер аталған ұйымнан көмек алу үшін шамамен 1 млн доллар көлемінде жарна төлеуге тиіс. Қазақстанға бұл аса бір қомақты қаражат болмаса да Үкімет деңгейінде осы мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Сорт шығару үшін әлемдік селекцияның коллекциясы (қоры) болуы қажет.

– Ресейде орналасқан Н.И.Вавилов атындағы Бүкілресейлік өсімдіктердің гене­­тикалық ресурстары институты се­кіл­ді орталық бізде де ашылуы керек. Аталған институт әлемдегі өсімдіктердің селек­циясын жинаумен айналысады әрі өз өні­мін ұсынады. Ондағы ғалымдар арнайы белгіленген орталықтардан селекция жинау үшін экспедицияларға шығады. Одан тәжірибелік стансалар түрлі сорт шығару үшін селекция алады. Мұндай орталық тіпті Өзбекстанда да бар, бірақ Қазақстанда жоқ. Селекцияның қорын жинақтайтын арнайы Вавилов институты сияқты орталық болмаса, ғалымдарымыз сортын жақсарта да, жаңарта да алмайды. Ал шаруаның өнімі жоғары болуы үшін сорт әр 2-3 жыл сайын бойдағы қан секілді тазарып, жаңарып отыруы қажет. Мұндай орталық арқылы бақша өсімдіктерінің, балықтардың, дәнді-дақылдардың сор­тын шығаруда ғалымдарымыз қазіргіден әлдеқайда жоғары деңгейге көтеріледі, – дейді Д.Қалдыбаев.

 

Ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ

Жарайды, агроғылымға көңіл бөлініп, зерттеулер қаржыландырылып, тіпті нәтижесі өндіріске енгізілді делік. Бірақ өнімді алуға, жинауға техника, құрал-жабдық болмаса, еңбектің еш кеткені. Мұн­дай «әттеген-айлар» бізде көп. Қан­шама гектар жері бар 10 шаруаға 1 комбайн ғана берілген, оның өзі 3-ші күні бұзылып жатады, бұзылғанды жөндеп жүр­генде жауын-шашын басталады. Тоз­ған техникаға иек артқан диқандардың ала жаздай жүгіргені далаға кетеді. Ең өкініштісі – шаруалар осы мәселемен жыл сайын арпалысады.

Себебі Президент Қ.Тоқаевтың өзі биылғы Жолдауында атап өткендей, ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналды. Түйткілдің түйінін тарқатудың жолы ретінде Мемлекет басшысы жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыруды тапсырды. Әрі бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал екенін ескертті. Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асса да неге әлі күнге ауыл шаруашылығын отандық техникалармен қамти алмай келеміз? Неліктен тек қана Үкіметке иек артамыз? Не себепті нарықтың сұранысы мен тапсырысы арасында өнім өндіріліп, тауар айналмайды?

«Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру» мамандығы бойынша білім алып, 2003 жылдан бері дәл осы агроинженерия саласында 20 жыл табан алдырмай еңбек етіп келе жатқан Қанат Хазимов ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуде стандарттау мәселесі тұсау болатынын жеткізді.

– Өзім ауылдан шықтым. Әкем кеңес одағы кезінде малшы болған. Бала кезден бәрін көріп, механикалық техниканың жетіспейтініне, тозғанына көз жеткіздім. Сол себепті ауыл шаруашылығын осы ба­ғыт­та дамытуға күш салғым келді. Міне, 20 жылдан бері бағытымды өзгерт­пей жұмыс істеп келе жатырмын. Қазір Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасы бойынша ғылыми жобаның жетекшісімін. Ғылыми жобамызда мал және өсімдік шаруашылығын қатар алып отырмыз. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығы машиналары және құралдар бағыты бойынша зерттеу жүргіземіз. Көшет отырғызатын машиналар, жемістер мен көкөністерді кептіретін, мал азығын да­йындайтын құралдар әзірлейміз. Осындай құралдарды қолданудағы кемшіліктерін жойып, артықшылықтарын арттыру үшін ғылыми тұрғыда сапасын зерттеп, әртүрлі сынақтардан өткізу керек. Мұны қолданбалы зерттеу деп атайды. Осындай техникалық құралдар мен машиналарды өндіріске енгізуде қиындықтар бар. Әсіресе, қағазбастылық көп, алдымен соны жеңілдеткен жөн. Сонда алға даму болар еді. Мысалы, мемлекеттік сертификатты алу – қиямет-қайым. Бәлкім бұл ірі ұйымдарға оңай шығар, бірақ шағын және орта деңгейдегі мамандарға өте күрделі мәселе, – дейді Қ.Хазимов.

Оның айтуынша, техникаларды қолда­натын ауылдағы шаруалар отандық ғалымдардың немен айналысатынын нақты немесе толық білмейді, еліміздегі ғылыми жаңалықтардан хабарсыз. Сол себепті өз зерттеушілеріміздің өнімдеріне сенбеуі де мүмкін. Оларға төл техникаларымызды көбірек насихаттау керек. Мұндай насихат ғылым мен өндіріс арасын жақындату мақсатында да жүргізілгені жөн. Бұл да өз кезегінде қолданбалы ғы­лым­ның өнімділігін, жалпы сұранысты арттырады.

– Бізде шаруашылығы бар кәсіпкерлер отандық өнімдерден гөрі шетелден техника алдырғанды құп көреді. Біздің жасағандарымызға сенбейтін шығар. Алайда шетелден әкелінген техникалар қымбат әрі біздің топырақ-кли­мат­тық, шаруашылық және басқа да ерек­шеліктерге сай келмей жатады. Өйт­кені шетелдік техникалар біздің елде сараптамадан, сынақтан өтпеген, елі­­міздегі шаруалардың ұсыныстары ескері­ліп жа­сал­маған. Мен бұл ретте ауыл шаруа­шы­лығы жұмыстарына қажетті машиналар мен нақты құралдар жөнінде айтып отырмын. Әлбетте тракторлар мен ірі көліктер, комбайндар жүре беруі мүмкін. Бірақ жермен, топырақпен, түрлі ауа райын­да жұмыс істейтін сепкіш, соқа секілді құ­ралдар төзімділік танытпай жатады, дейді зерттеуші Қ.Хазимов.

Ал тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартудың тиімді жолын табуға қазіргі агроғылымның әлеу­еті жете ме? Қандай ұсыныс бере алады? Ауыл шаруашылығы саласына қа­жет­ті құралдарды әзірлеп, оны өндіріске енгізумен тікелей айналысып жүрген Қ.Хазимов бұл сұрағымызға: «Ел Прези­ден­ті жыл сайын ауыл шаруашылығы техникаларының 8-10 пайызын жаңартып отыруды тапсырды. Ал техникаларды қалай тиімді жаңарта аламыз? Сатып ала салу – ең оңай жолы. Шетелден сатып алсақ, қымбатқа түседі. Сатып алма­­йын десек, өзімізде шығармаймыз. Неге өзіміз жасамасқа? 30 жыл өтті, не себепті әлі күнге дейін төл техникаларымызды шығармаймыз? Өйткені ғылым саласы өз бетінше, өндіріс өз бетінше «күн көріп жүр». Мысалы, Америкада өндіріс орындары өзіне қажетті дүниені шығару, жасау үшін ғылымға қаржы құяды. Бізде ғылым да, өндіріс те Үкіметке қарап отырады. Меніңше, нарықтық заманда бізге де осы Американың моделіне көшетін кез келді. Жасалуын өзі қадағалап, көріп, көз жеткізіп алған затты, яғни ғалымның жасаған өнімін өндіріс өзі қолданысқа оңай енгізеді. Өйткені жаңашылдықтың бәрі өндіріс орнының қалауымен, ескертпелерімен, соларға ыңғайлап жасалады. Үкімет қандай жағдайда іске араласуы керек? Тура осы өндіріс пен ғылымды байланыстыру жағына араласса, жұмыс жүйелі әрі жемісті болады. Айталық, мемлекет отандық ғалымдарға ауыр техникалар болмаса да, қандай да бір құралдар, (дән сеуіп, дәрі шашатын) машиналар жасатқысы келетін өндіріс орнына аз пайызбен субсидия беру секілді жеңілдіктер енгізсе жақсы болар еді, деп жауап берді.

Иә, мұндай ұсынысты жақсылап ойластырып іске қосса, ғылым да, өндіріс те бір-бірін дамытып, өзара біте қайнасып, Қазақстанның қаражаты да өз ішінде айналып жүрер еді-ау... Әрине, солай болса. Қ.Хазимовтің ойынша, әуелі шағын құралдар мен машиналарға осындай субсидия енгізсе, кейін оны ауыр техникалар жасауға да қолдануға болады. Алдымен елімізді толық қамтамасыз етіп, одан кейін экспортқа шығарса, ел экономикасы қанат жая бастайды.

Иә, түптеп келгенде, азық-түліктің негізі өзімізден болмаса, халықтың көп бөлігі кедейлене береді. Бұл үшін ауыл шаруашылығы алға жылжуы керек. Ал бұл сала дамуы үшін агроғылым аяққа нық тұруға тиіс. Себебі, сөз басында айт­қа­нымыздай, ғылымсыз, зерттеусіз, сараптамасыз істің алға басуы мүмкін емес. Байқап қарасақ, бәрі шынжыр секілді бір-бірімен байланысты: бірі дамыса, екіншісі өркендейді немесе керісінше бірі құлдыраса, қалғанының болашағы да бұлыңғырлана береді. Десе де бәрінің, кез келген дамудың түп негізі, темірқазығы – ғылым. Темірқазығы нық болмайынша, басқасының берік болмағы бекер.