Шаруаларды толғандырған мәселе көп. Табиғаттың тосын мінезі биыл жаздай жайқалып тұрған егістіктің берекесін қашырып, біразын түкке алғысыз етті. Егін әбден пісіп-жетілген шақта басталған жауын-шашын аптадан аптаға ұласып, толастамай қойған. Соның салдарынан масақтағы дән ісініп, өніп, қайта көктеп, астықтың сапасы мен дәннің сұрпы төмендеп кетті.
Облыстың бірнеше ауданында болып, қырман басындағы қарбалас тіршілікпен, жергілікті астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысымен танысқан Ауыл шаруашылығы министрі диқандардың бәріне қолдау көрсетілетінін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Үкімет жауын салдарынан келген шығын көлемін азайтуға бағытталған шараларды қолдап отыр. «Бәйтерек» ҰБХ шаруалардың мойнындағы қарыздың қайтарым мерзімін айыппұл санкцияларын қолданбай ұзарту мәселесін шешті. Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу жағы да қарастырылып жатыр. Бұл бағытта Қостанай облысына 16,9 млрд теңге қажет», деді Айдарбек Сапаров.
Министрдің айтуынша, облысқа астық кептіру үшін қосымша 11 мың тонна арзандатылған жанармай беріледі. Оның құны литріне 250 теңгеден әрі аспайды. Өңірдегі элеваторлар мен 318 астық кептіргіштің бәрі тәулік бойы толассыз жұмыс істейді.
Шағын, орта шаруашылықтар көктемгі дән сіңіру науқанында көбіне Азық-түлік корпорациясына арқа сүйейді. Шаруа көктемде корпорациямен келісімшартқа отырып, қарыз ақша алады да, күзде өнімін жинап алған соң, борышын астықтай өтейді. Астық бағасын әдетте аталған корпорация белгілейді. Дымсыз қалмаса да, бидайының сапасы түсіп кеткен диқандарды толғандырған мәселенің бірі – корпорация тым арзан баға белгілемесе екен дейді.
Бұған министр: «Қазір астық нарығының жай-күйіне талдау жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алудың әділ бағасын жариялайды. Компания тұқым қорын қалыптастыруды қамтамасыз етеді және нан өндіру үшін арзандатылған астықты жеткізу кестесін қайта қарайды», деп жауап берді.
Министр сапарынан кейін шашетектен шығынға батқан шаруалардың біразымен сөйлесіп көрдік. Ылғалға қарамай өнімінің жартысын жинап үлгерген шаруашылықтар бар. Бірақ олардың келесі жылға егетін тұқымы жоқ. Өніп кеткен бидайы тұқымға жарамайды. Ал тауар ретінде сатайын десе, сапасы 3 есе төмендеп кеткен. Осылайша, еңбегі еш кеткен шаруалар өнімін лайықты бағаға сата алмай қаламыз-ау деп қобалжып отыр. Егер Азық-түлік корпорациясынан көмек болмаса, биылғы бидайдың көбі жемге кететін сыңайлы.
«Бидай класын анықтайтын маңызды көрсеткіш дәннің құлау саны деп аталады. Ол секундпен өлшенеді. Нанның қалай болып шығатыны осы құлау санына байланысты. Мәселен, 3 класты бидайдың құлау саны 170 секундқа тең болады. Ал біз алып жатқан бидайдың көрсеткіші шамамен 50-60 секундтай. Өте төмен. Мұндай бидайды қазір диірмендер тоннасына 55 мың теңгеден қабылдап жатыр. Оны алдымен кептіріп барып, апарып беруіміз керек. Жағдай аса ауыр. Алдағы уақытта азық-түлік корпорациясы бидай сапасына қарай бірден бірнеше баға жариялайды. Сол кезде корпорация барлық лоттар бойынша дәннің құлау санының көрсеткіші 50-60-тан жоғары болуы керек деген талап қоюы мүмкін. Мұндай жағдайда оның бізге еш көмегі болмай қалады. Облыс шаруашылықтарының 90 пайыздан астамы осындай жағдайда отыр. Солардың бәрі өнім сапасы белгіленген талаптан төмен болғандықтан, бидайын лайық бағаға өткізе алмай қалады. Біз осыдан қорқып отырмыз», дейді шаруашылық басшысы Бауыржан Барсақбаев.
Шаруалар Азық-түлік корпорациясы бағаны белгілегенде әр өңірдегі бидай сапасының әралуандығы ескерілсе екен дейді. Диқандардың айтуынша, министрлік тарапынан бидай бағасын анықтауға қатысты ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілгені жөн. Ауылшаруашылық мамандары шаруашылық басшыларымен ғана кездесіп қоймай, қалалық және аудандық зертханаларда жатқан мәліметтерді жинап, оларды салыстырып, талдап, Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, арнайы комиссия құрып, ақылдасып-кеңесе отырып, биылғы бидайдың бағасын шығарса игі.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде 4,3 млн га астық алқабы бар. Бүгінге дейін соның 32 пайызы орылып, 1,3 млн тонна астық бастырылған. Астықтың орташа шығымы әзірге 9,2 ц/га болып тұр.
Өңірде қысқы мал азығын әзірлеу жоспарының асыра орындалғанын айта кеткен жөн. Биыл шаруалар 1,1 млн тонна шөп, 151,6 мың тонна пішен, 11,7 мың тонна сүрлем қорын жинап алған. Биыл мемлекет мал азығын даярлауға ерекше көңіл бөліп, ауылшаруашылық құрылымдарына 58 мың тонна арзан дизель отынын бөлген. Оның 6,3 мың тоннасы Қостанай облысының фермерлеріне тиіп отыр.
Қостанай облысы