Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
«Екібастұз ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 3 энергетикалық қазандық пайдалануға дайын және жылу беру маусымы басталғанға дейін тағы 3 су жылытатын қазандық агрегаты дайын болады. Қалған 4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Абай көшесіндегі 3 жылу магистралін (№4 мектептен Марғұлан көшесіне дейін) қайта жаңарту жұмыстары толығымен аяқталды. Аталған 3 магистраль жоғары қысыммен сынақтан өткізіліп, қазір жуу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін М. Жүсіп көшесі бойындағы ЖМ-2 магистралін (Достық дүкенінен «Қазақстан» кинотеатры аялдамасына дейін) сынақтан өткізу жұмыстарына да кірісті. Мұнда жылу магистраліндегі жаңа және ескі құбырлардың түйіскен жерін қосатын тығыздағыш компенсатор істен шықты. Құбырлар зардап шеккен жоқ. Ертең түске дейін ақау жойылады, содан кейін осы магистральдық желіні сынау және жуу жұмыстары қайта жалғасады. Көктемгі және күзгі гидравликалық сынақтардан кейін Екібастұздың жылумен жабдықтау желілерінде барлығы 388 ақау жойылды. Қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер бойынша орамішілік жылу желілеріндегі 14 проблемалық учаскені жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистральдарын қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды. Өйткені, бұған дейін 1973 жылы салынған аталған магистральдың М.Жүсіп көшесі бойындағы учаскесінде ақау орын алған болатын. Жұмыстар жүргізу барысында мамандар құбыр металының 3 мм-ге дейін жұқарғанын анықтады», делінген хабарламада.
А.Байханов жаңадан тартылған желілерді жоғары қысыммен тексеріп, ақау шықса жөндеп, қысқы маусымға дайындығын тексеру маңызды екенін айтты. Екібастұздағы 690 көпқабатты тұрғын үйдің 665-і жылуды қабылдауға толықтай дайын. 25 тұрғын үйде ішкі жылыту жүйелерін жөндеу, жуу, сығымдау жұмыстары аяқталып келеді.
«1 қазаннан бастап Екібастұзда жылу беру маусымын бастау жоспарланып отыр. Жылуды қабылдауға дайындық бойынша барлық жұмыстар уақытында және барынша сапалы орындалуы қажет. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс режиміне көшуі керек. Жылумен жабдықтауды бастау бір бөлек, алайда, жүйені теңдестіру де маңызды. Жылу желілері қызметтері мен қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін реттеу және шеткі үйлердегі гидравликалық параметрлерді теңдестіру бойынша үйлесімді жұмыс қажет», деген Асайын Байханов былтырғыдай келеңсіздік қайталанбауын қатаң тапсырды.