Қоғам • 27 Қыркүйек, 2023

Масылдық пиғыл

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын бейтаныс жаннан естіген сөз терең ойға жетелеп, көпке дейін құлақтан кетпей қойды.

Масылдық пиғыл

...Әдеттегідей аптаның алғ­ашқы жұмыс күндерінің бірі, таңертеңгілік мезгіл болатын. Ірі мегополис Шым­­қалаға ауылдан келіп, әлде­бір шаруа­ның ыңғайымен кеңсеге шыққан бе­тім еді. Ав­тобус аял­дамасынан түсіп, аяқжолмен асыға басып келе жат­қанмын. Кенет бір бейтаныс жігіт алдымды кес-кестей берді. Бұрын көр­меген адамым, оның үстіне аман­дық-саулық жоқ, бірден «шаруасына» көш­сін:

«Брат (дәл осылай деді), қазақпыз ғой, осы қазір ғана айықтырғыштан шыққан беті­міз. Қысқасы, бас ауырып тұр, шақасын бере сал да, жолың­нан қалмай кете берсең болады».

Дөрекі азаматтың тосын қылығы секем алдырғандай еді. Түріне көз салып, енді ғана байқадым: сақал-шашы өсіп, бет-аузы домбығып ісіп кеткен жанның аузынан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ойла­нып үлгергенімше болған жоқ, ту сыртымнан тағы да: «Че там?» деген дауыс шықты. Еңгезердей біреу, сірә, әлгінің серігі болса керек, әй-шай жоқ, жақындап келіп: «Не, бірдеңе берді ме?» деді жолдасына сұраулы жүзбен қарап. Анау басын шайқады білем, «Онда анау дүңгіршектен бәліш алып берсін», деді өктем сөйлеп. Болса да асығып тұрған басым «Бөтен емес, қазақтың жігіттері – бауырларым ғой» деген оймен айтқанына көнуден басқа амалым қалмаған. «Бәледен машайық, қашыпты» дегендей, қолындағысын қарбыта асап тұрған «екі дәуден» құтылғанша асықтым...

Мына қырсықты қойсаңыз­шы, өзі асығып келе жатқан мені жолда тағы бір «клиент» тоқтатты. Қайта ынсабы бар жан екен, азын-аулақ тиын-тебен сұрағаны болмаса, жолдан қалдыра қоймады.

Хош деңіз, сонымен бір күн­де екі бірдей келеңсіз жайға тап болған пақырыңыз ұнжыр­ғасы түсіп, ауыр ой арқалап қайтты.

Мүмкін бұл біреулер үшін үйрен­шікті жайт та шығар. Алайда оның осы бастан алдын алмасақ, кейін кеш болады. Мен бұл жерде қайыршыларды айтып отырған жоқпын. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін, еңбекке жарамды, еңгезердей қазақтың кейбір жігіттерінің жұмыс істегісі келмей, оның үстіне, ішкілікке салынып, кө­шеде әркімге қол жайып тұруы – ұят тірлік.

Несін жасырамыз, қазір қоғамы­мызда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндердің, оңай олжамен мал таппаққа әуестену­ші­лердің қатары артып бара жатыр. Оған жоғарыда әңгіме еткен масыл­дық пиғылды қосы­ңыз.

Баршаға мәлім, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еңбектің қадір-қасиетін ұғыну, еңбекқорлықтың құндылыққа, ұлт сипатының асыл қасиетіне айналуы қажеттігі жөнінде қадап айтқан болатын. Хакім Абай атамыз да өзінің қарасөзінде еңбектің не екенін, табан ақы, маңдай тердің пайдасын сана­мызға құйып кетті. Соны ұғарға пайым мен парық керек.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы,

Созақ ауданы