Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдары Жолдауда айтуындай-ақ айтып келеді. Ауыл шаруашылығы саласын көтерудің бір тетігі – жердің (топырақтың) құнарлылығын арттырып, өңірлерде тиімді пайдалануды дұрыс ұйымдастыру. Тәжірибелі маман ретінде аталған мәселеге қатысты кейбір ойларымды ортаға салғым келіп отыр.
Жердің құнарлылығын сақтап, тиімді пайдалану үшін біріншіден ұлттық намысты ояту керек. Жеріміз үлкен болған соң, оны тиісінше қадірлеп, көп жағдайда ретті әрі өнімді пайдаланып жүрген жоқпыз. Ертеректе Грузияға іссапармен болғанымызда тау бөктеріндегі үй іргесінен аядай жерге егілген 3-4 жүзім ағашының түбірлерін көріп қайран қалғанымыз бар. Сан жылдар күтіп-баптап, атадан-балаға мұра ретінде қалдырылып келеді екен. Бізде де жерге, Жер-Анаға осындай көзқарас іс жүзінде қалыптасуы керек, сонда ғана жерге деген қатынас өзгереді.
Елімізде жер ресурсы үлкен (272,5 млн га), оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 100 миллион гектардан асады. Жер көлемі жағынан дүние жүзіндегі он ірі елдің қатарына кіреміз. Алайда аз ғана халқымызды сол жерден алынған өнімге келгенде, азық-түлік тауарларымен толық және арзан бағамен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады. Жерді пайдалануға келгенде шорқақпыз. Әрине, барлық жерде ондай емес, оңтүстік өңірлерде жерге деген ықылас өзгеше.
Тәуелсіздік алғаннан бері ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласында көптеген өзгеріс болды. Әрбір министр өз реформасымен келді деуге болады. Бірақ нәтижелері айтарлықтай емес, оған сала басшыларының жиі ауысуының да әсер еткенін жасырмау керек. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы саясатында орнықтылық болмады.
Өткен ғасырдың 90-жылдары басында жүргізілген жер реформасы барысында қабылданған заңға сәйкес көптеген іс-шара жүзеге асырылды. Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет (Мемжерком) құрылды. Осы кезде жер саласының жұмыстарын ұйымдастыратын және басқаратын бірыңғай жүйе қалыптастырылды. Бұл уақытында үлкен жаңалық болды және жер саласына көптеген оң өзгеріс әкелгенін айтуымыз керек. Соңғы кездегі жерді пайдаланудағы келеңсіздік негізінен жаңадан құрылған шаруашылық түрлерінің, шаруа қожалықтарының жобалануы мен жерге орналастырудың және негіздеудің нашарлығынан деп ойлаймын. Жер саласын ауыл шаруашылығымен, оның алдында құрылыспен немесе қалаларда сәулет, қала құрылыс органдарымен, соңғы жылдары халыққа қызмет көрсету орталықтарымен қосу жерге орналастыру саласын, жер кадастры мен жер мониторингін жоқ қылды деуге болады.
Жер саласындағы бітпейтін жемқорлық пен келеңсіздіктердің, учаскелердің нысаналы мақсатты пайдалану санатын заңсыз өзгертіп, бөлшектеп сату (оның ішінде суармалы жерлерді), миллиондаған гектар жердің өз мақсатында пайдаланылмай жатқаны, ауылдардың төңірегінде жайылымдардың жетіспеуі, жердің көп бөлігінің деградацияға, су немесе жел эрозиясына ұшырауы, шөлденуі, құнарсыздануы, елді мекендердің жаңбыр суына шайылып кетуі, т.с.с. – жер учаскесін берген кезде негізделген жерге орналастырудың болмауы, жердің нысаналы пайдаланылуының нақты жоспарының әзірленбеуі, жарты ғасырдан астам тарихы бар жер саласының жойылуы, жер кадастры (әсіресе ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық көрсеткіштерінің) деректерінің нашарлауы – жер учаскесінің ауданын жайылым немесе егістік үшін пайдалануға жобалағанда жерді бедеріне (рельефке) және топырақ ерекшеліктеріне байланысты негіздеудің жеткіліксіздігінен орын алған келеңсіздіктер. Сондай-ақ соңғы жылдарғы жер саласы мамандарын даярлау ісінің құлдырап кетуі, бар мамандардың тәжірибесінің аздығы да қосымша себеп болып отыр.
Ешкім халыққа қызмет көрсету саласын жетілдіруге, оны сандық платформаларға ауыстыруға, жұмыстарын автоматтандыруға қарсы емес. Ол – заман талабы, дегенмен осы жолда жерге орналастыру жүйесінің, жер кадастрының (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырағын картаға түсіру, құнарлылығын анықтау, жайылымдар мен шабындықтарға геоботаникалық іздестіру жұмыстарын, жер мониторингін жүргізу) басқа салаға қосылуы жер саласының маңызын төмендетті, материалдық жағын нашарлатты, ол өз кезегінде далалық жұмыстардың сапасын әлсіретті.
Мен Мемжеркомның бірінші құрамында көп жыл қызмет атқардым, жер саласы ардагерлерінің бірімін. Өкінішке қарай, кезінде Мемжерком көп ұзамай Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамына қосылды. Жер реформасының кейбір бастамаларының аяғына дейін орындалмай қалуына бұл да әсер етті.
Дегенмен жер реформасының алғашқы жылдарында жер қатынастары саласында қыруар жұмыс атқарылды. Жер саласы нарық жағдайына ыңғайландырылды. Жер иеленушілер мен жер пайдаланушыларға жерге құқық беретін құжаттар (актілер) берілді, олардың құқықтары қолданыстағы заңға сәйкес рәсімделді. Бұрынғы кеңестік шаруашылықтар таратылды. Бұл үрдісте қателіктер болды. Кеңестік ірі шаруашылықтардың таратылуы ауылдардағы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етті. Таратылған шаруашылықтарда жер үлестеріне құқықтары бар азаматтардың жер үлестері айқындалып, оларға тиісті куәліктер берілді. Бұл көптеген шаруа (фермер) қожалығын құруға негіз болды. Жаңадан ұйымдастырылған шаруа қожалықтарына жерге орналастыру жобалары әзірленіп, бюджет есебінен жерге құқық беретін құжаттар (актілер) берілді.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру кезінде кейбір кемшіліктердің орын алғаны белгілі. Жалпы алғанда, жерді тиімді пайдалану үшін шағын шаруашылықтар іріленгені, кооперативтерге біріккені дұрыс екенін уақыт көрсетіп отыр. Бұл үдеріс шаруалардың өз еркімен жүргізілуі керек, ал Үкімет тарапынан ынталандыру шаралары ұйымдастырылғаны жөн.
Жерге орналастыру саласы және оның кәсіпорындары (жобалау институты, оның облыстық бөлімшелері, ғылыми-өндірістік орталығы) жер реформасын жүзеге асырудың алғашқы жылдары елеулі жұмыс атқарғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол кездегі мамандардың көбінің тәжірибелі және білім деңгейінің жоғары болғанын айтуымыз керек. Қазірде осы салада мамандар көп болғанымен, көбісінің күрделі жоба әзірлеуде тәжірибесі аз. Мамандардың кәсіби дәрежесін көтеру оқуларының жүргізілмегеніне көп жыл болды, ондай дәстүр ұмытылып барады.
Кейінгі жылдары жергілікті тұрғындардың малына өрістің, екіншісінде – шабындық жердің, үшінші ауылда – кейбір шаруаларға егістікке жердің жетпей отырғанын, ал сонымен бірге сәл алысырақтағы миллиондаған гектар жердің көп жылдан бері пайдаланылмай жатқанын жер қатынастары саласының қазіргі жағдайымен, жер қатынастарын жоспарлаудың нашарлығымен түсіндіруге болады. Мұның ауыл шаруашылығының жағдайына әсер ететіні сөзсіз. Кейінгі жылдары жерді тиімді пайдалану жан-жақты зерделенген жобамен толық қамтамасыз етілмейтіндігі, жер учаскесі (әсіресе ауыл шаруашылығы жері) көп жағдайда жердің табиғи ерекшеліктері ескерілмей, конкурстық негізде берілетіндігі бұрынғы мамандардың жанын ауыртады.
Кезінде жерге орналастыруды жобалау кәсіпорындарының жер кадастры, жылжымайтын мүлік, зейнетақы беру орталықтарымен біріктіріліп, коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылуы жер саласының мамандандырылған кәсіпорындарының әлсіреуіне алып келді. Ешкім халыққа қызмет көрсету орталықтарының тұрғындарға тез және сапалы қызмет көрсетуіне қарсы емес. Алайда құзыреті, міндеті және қызметі басқа түрлі саланы, олардың жұмыс ерекшеліктерін ескермей, бір мекемеге біріктіру үлкен қателік болды. Жер саласының көптеген қызметі бәсекелестік ортаға берілгенімен, онымен шұғылданушы мамандар жұмысты жүйелі игеріп кете алмады. Бұл да саланың құлдырауына әсер етті. Жер учаскелеріне тиісті құжаттарды дайындауды және әртүрлі кадастрлық ақпаратты беруді жерге орналастыру саласын бұзбай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында бір-екі терезеге қажетті мамандарды (немесе операторды) отырғызып ұйымдастыруға болатын еді.
Ауыл шаруашылығы жерлерінің топырақ құнарлылығы карталарын әзірлеу және далалық іздестіру жұмыстары, топырақ құрамын зерттеу зертханалары, жайылымдардың өнімділігіне геоботаникалық зерттеу жүргізу мен геоботаникалық карталар дайындау (бұл жайылымдарды тиімді пайдаланудағы ең қажетті құжаттың бірі) негізгі жұмысының профилі басқа мекеменің құрамына берілді. Көптеген маман қысқартылды, ал шарттық негізде орындалған топырақ және геоботаникалық карталар мен пайдалану жазбаларының (есептің) сапасын тексеретін мамандар Корпорацияда және Комитетте жоқтың қасы. Аталған жұмыстардың орындалу тәртіптерін бекітетін нұсқаулықтар мен ережелер негізінен жер реформасының алғашқы жылдары әзірленген, бүгінде ескірді. Оларды қазіргі заман талабына сәйкес жетілдіріп, толықтыру керек. Оны жүзеге асыратын тәжірибелі мамандар елімізде өте аз. Сондықтан бұл мәселені жаңадан ашылған Ғылым академиясының тиісті бөлімшесі мен Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақ зерттеу және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп ойластыру керек. Аталған жұмысқа жер саласында еңбек еткен тәжірибелі мамандарды да тартқан жөн.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі ауыл шаруашылығының дамуына, жердің пайдалану деңгейіне, топырақтың құнарлылығын сақтауға, егістік жерден немесе жайылымнан алынатын өнімнің көлеміне әсерін тигізеді. Кейінгі он жылдан астам Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы агрохимиялық қызмет көрсету мекемесі егістік жерлер топырағының жоғарғы қабатындағы (0-40 см) жылжымалы фосфор, азот, калийдің құрамын анықтау картограммаларын бұрынғы жер саласының кәсіпорындары әзірлеген деректерді пайдаланбай, ондағы топырақтың сан алуан түрлерінің контурларын есепке алмай анықтап келеді. Бұл агрономия ғылымы принциптеріне қайшы және анықталған қоректік заттардың мөлшеріне әсер етеді. Осы орайда аталған мекемені Жер ресурстарын басқару комитетінің құрамына беріп, топырақ зерттеу және геоботаникалық іздестіру мекемесімен біріктіріп, қайта құрса, топырақтың тез жылжымалы қоректік элементтер картограммаларының сапасына оң әсер етер еді. Көршілес елдердің (Ресей, Беларусь, Қырғызстан) бәрінде жерге орналастыру және жер кадастры жүйесі негізінен сақталған және топырақ зерттеу, геоботаникалық іздестіру және агрохимиялық қызмет көрсету мекемелері нарық жағдайында жұмыс жасайтын мамандандырылған бір кәсіпорынның құрамында. Жаңа кәсіпорынды ұйымдастырған кезде көрші мемлекеттердің тәжірибесін ескерген дұрыс болады.
Кейінгі 15-20 жылда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құнарлылығы көп өңірлерде жыл сайын төмендеп келеді. Кейбір дерек бойынша топырақтың қарашірігі (гумус) 40-45% азайғаны жөнінде ғалымдар дабыл қағуда. Егістік жерлерді ұзақ уақыт минералдық және органикалық тыңайтқышсыз пайдалану бір жылдары өнімнің күрт төмендеуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Елде минералдық тыңайтқыштарға субсидия берілгенімен, оның пайдалану көлемі өте аз. Көптеген орта және шағын шаруа қожалықтарының тыңайтқыш алуға шамасы жетпейді.
Сонымен қатар бүкіл дүниежүзінде топырақтың шөлдену үдерісі күшеюде. Аридтік аумақта орналасқан Қазақстан үшін бұл қауіпті. Әрі елдің су ресурстары да азайып келеді, оның мөлшері жаз айларында көрші мемлекеттерге тәуелді, бұл да суармалы жерлер көлемінің артуына кедергі.
Жердің кадастрлық бағасын Үкімет топырақтың бонитетінің балы арқылы есептеп бекітеді. Бұл нарықтық құрал емес, дегенмен көптеген есепте, оның ішінде жер салықтары мен төлемдерін есептеуге пайдаланылады. Топырақтың құнарлылығының бонитеттік көрсеткіші (балы) шаруашылықтардың топырақ карталарының мәліметтері бойынша анықталады. Еліміздегі әртүрлі топырақтардың кадастрлық бағаларының қайта есептелмегеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Көрсеткіштері ескірген, заман талабына сай келмейді. Осы мәселе жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтар да жетілдіруді талап етеді. Аталған мәселелер де жаңадан құрылған Ғылым академиясының ғалымдарымен, жоғары оқу орындарының тиісті мамандарымен бірге зерделеніп, кезең-кезеңімен шешуді күтіп тұр.
Осы мәселелерді тезірек шешу үшін, ең алдымен жиырма жылдан астам уақытта жүздеген түзету мен өзгеріс енгізіліп, қырық жамау болған Жер кодексін қайта қарау керек. Қолданыстағы Кодекстің заңнамалық мазмұны бүгінгі күннің сұранысына сай келмейді. Тиісті мамандардан комиссия құрып, қоғамдық ұйымдардың, ғалымдардың, осы саланың тәжірибелі мамандарымен бірлесе отырып, жер заңнамасының жаңа нұсқасын әзірлейтін уақыт келді. Бұл жаңа Қазақстанда үлкен серпіліс болар еді. Уақытында көп үрдіске бастамашы болған «Аграрлық партия» келмеске кетті, ал солар негізін салған жер заңы әлі қолданыста. Сондықтан жерде заңдылық орнасын десек, заңнамалық негізді күшейту керек.
Тұрғанбай ТӘЖМАҒАМБЕТ,
Қазақстан Республикасының Құрметті жерге орналастырушысы, жер саласының ардагері