Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мемлекетіміз қарт адамдарға деген қамқорлықты экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес. Дегенмен елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде тартқан адамдар бар. Ардагерлер ұйымы осындай қарияларды назардан тыс қалдырмай, жан-жақты қолдау көрсетуге үндеп отыр.
«Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жан жылуы мен мейірімге зәру. Барлық азаматты, жұмыс берушілерді, бизнес құрылым өкілдерін аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұлықтауға, «Қарттарға қамқорлық» айлық акциясына атсалысуға шақырамыз. Республикамыздағы атқарушы органдарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылымдарын, еріктілерді, қарияларға, әсіресе мүгедек ардагерлерге, жалғыз ілікті зейнеткерлерге, аз қамтылған қарттарға арнайы көңіл бөлуге үндейміз. Оларға материалдық тұрғыдан қолұшын созуға, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз. Өз елінің патриоты ретінде акцияға бейжай қарамайтын азаматтар жергілікті әкімдіктермен, өңірлік ардагерлер кеңестерімен байланысқа шығып, үлес қосады деген үміттеміз», делінген аталған ұйымның хабарламасында.