Аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен өтетін іс-шаралардың басы-қасынан ылғи да оны көруге болады. Оның үстіне Серік Балабеков – аудандық ардагерлер жанынан құрылған әлеуметтік мәселелермен айналысатын тұрақты комиссияның төрағасы. Әріптесіміздің абыройын асырып тұрған – оның ұйымдастыруымен 2019 жылдан бері қарай Сарыкемер ауылында жұмыс істеп тұрған тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік арнайы қызмет көрсететін орталық. Осы орталықты өзі жүгіріп жүріп ашып, оның жұмысын жолға қойып, бүгінде халықтың ризашылығына бөленіп жүр.
С.Балабеков – елгезек, көппен тіл табысып кететін белсенді азамат, сөзге шешен, іске келгенде тиянақты. Біздің ауданымыздың бүгінгі таңдағы баталы қарияларының бірі. Жалпы, ол – Сарысу ауданының тумасы. Сол ауданның Жайылма ауылында дүниеге келген, балалық шағы сонда өткен. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын құрылысшы болып бастаған ол одан кейінгі жылдарда комсомол қызметінде болған. Сарысу аудандық атқару комитетінде жауапты қызметте кеңшар директорының орынбасары, кеңшар кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін де атқарыпты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда жеке кәсіпкерлікпен де айналысыпты. Ел қала маңайына үдере көшіп жатқан тоқсаныншы жылдарда отбасымен Байзақ ауданына көшіп келеді.
Көпшіл, үлкеннің де, кішінің де тілін таба білетін Секең бөтенмін демейді, тез үйренісіп кетеді. Әртүрлі салада еңбек етіп, бағын сынап көреді. Қай жерде жүрсе де еңбегі жемісті, табысты болады. Абыройы артып, елдің алғысына бөленеді. 2011 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін С.Балабеков замандасымыздың екінші тынысы ашылғандай болды. Зейнеткермін деп қарап отырмай, аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына белсене қатыса бастайды, осында тұрақты комиссияның төрағасы болып бекітіледі.
Ол кісінің атқарып жүрген қоғамдық жұмыстарын санамалайтын болсақ, саусақ жетпейтіндей жағдайда. Секең бірде полицияның қоғамдық көмекшісі болса, енді бірде аудандық әкімдік жанынан құрылған мониторингтік топтың мүшесі ретінде халықтың мұңын мұңдап жүргенін көруге болады. Секең қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, ел-жұрттан тұтынған киімдерді жинақтап, өзінің орталығы арқылы мұқтаж жандарға таратып, сауабын алып жатқанын көргенде, еріксіз риза боласың. Ол аудандық тарихи-өлкетану музейіне де арнайы барып, жәдігерлермен толығуына атсалысып жүреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы хат жолдап, он бірінші немересіне есімін қою үшін рұқсатын алып, Қасым-Жомарт есімін берген азамат. Бүгінде осы немересі – мектептегі зерек те үздік оқушының бірі.
Қоғамдық қызметте бірге жүргендіктен оны «Қолы да ашық, жолы да ашық біздің Серік» деп мақтанып айтып отырамыз. Ақсақалдық жасқа қадам басқан әріптесіміз қашан көрсең де қайнаған қоғамдық тіршіліктің ортасында жүреді. Республикалық, облыстық, аудандық газеттерді үйіне арнайы жаздырып, басқа да тұрғындарға баспасөзге жазылуды насихаттаудан шаршаған емес. Ол – жұбайы Алмабекова Жанна екеуі тәрбиелеп өсірген 7 баласынан 15 немере сүйіп отыр.
Төле НАРЖАНОВ,
Байзақ аудандық билер
кеңесінің төрағасы
Жамбыл облысы