Гүлнапис Орынбасарқызының өмірден озғанына қырық күн болып қалыпты. Күні кеше ғана ортамызда жүргендей еді. Ол кісінің ерен еңбегін айтып тауыса алмаспыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында адамзат баласына, ғылым саласына сіңірген игілікті еңбегі жетерлік. Еліміздің әлеуметтану ғылымының дамуына, өзіндік ғылыми мектептердің қалыптасуына, ғалым-шәкірттерге тәлімгерлік етіп, олардың кәсіби жетілуіне қосқан үлесі ерекше.
Гүлнапис Орынбасарқызы 1966 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1985-1990 жылдары М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін философия мамандығы бойынша бітірген. 90-жылдардағы елеулі де маңызды әлеуметтік өзгерістерді бастан өткерген қиын кезеңде оқу-ағартушылық қызметін бастап, 1993-1996 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. 1997 жылы «Тұлғаның саяси әлеуметтенуі мәселесін әлеуметтанулық талдау» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаса, 2008 жылы «Қазақстан қоғамының модернизациясы үрдісіндегі тұлғаның әлеуметтенуінің үлгілері» тақырыбында докторлық диссертациясын табысты қорғап, әлеуметтану ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне ие болған.
Гүлнапис Орынбасарқызының әлеуметтанудың өзекті мәселелеріне қатысты 40-тан аса оқу құралы мен монографиясы, 80-ге жуық ғылыми және әдістемелік мақаласы жарыққа шыққан. Профессор өз еңбектерінде тұлғаны әлеуметтанулық тұрғыдан зерттеген әлеуметтану ғылымының классиктері мен қазіргі ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, тұлға әлеуметтануының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Ғалым кәсіби және қоғамдық қызметіндегі қажырлы еңбегінің арқасында жоғары марапаттарға ие болды. «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Білім саласына сіңірген еңбегінің жемісі ретінде 2011 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды. 2022 жылы «Үздік ғылыми қызметкер» атағына ие болды.
«Тау алыстаған сайын биіктей беріп, тұлғалана түседі» демекші, ғалымның ғылымға, оның ішінде әлеуметтану саласына сіңірген еңбегі тарихта қалары сөзсіз. Гулнапис Орынбасарқызы өмірден өткенімен, кісілік кемел болмысы, биік адамгершілігі мен ақ пейілі талай адамның жадында сақталып қалғаны анық. Алдыңыз – пейіш, артыңыз – кеніш, жатқан жеріңіз жәннаттың төрі болсын. Жарқын бейнеңіз сізді білетін әрбір жанның жүрегінде әрдайым сақталады.
Еске алушы:
Әсем ОМАРОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушысы