Қоғам • 29 Қыркүйек, 2023

Халық қаһарманы Жайық еліне жұмыс сапарымен барды

357 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында өзара ықпалдастық органдары басшылары және ардагерлер қауымымен кездесулер өткізді, деп жазады Egemen.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халық қаһарманы Жайық еліне жұмыс сапарымен барды

Ең алдымен құқықтық тәртіп әскерінің Бас тәрбиешісі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетпен кездесу өткізді. Өңір әкімінің орынбасары Ұлттық ұлан генералын жылы шыраймен қарсы алып, облыста Қазақстан Халқы Ассамблеясының басшылығымен ұйымдастырылып жатқан Республикалық аналар кеңесіне қатысуға келісімін бергені үшін алғысын білдірді. Бақытжан Хаберұлының айтуынша, генерал-майор Қ. Үмбетов үшін Жайық өңірі екінші үйіндей болып кеткен. Жергілікті тұрғындар Қайрат Жарылқасынұлының облыстағы қызметін және жастар арасындағы патриотизмді нығайтуға қосқан жұмыстарын әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Болашақта облыста заманауи үлгідегі әскери – мектеп интернатын салу жоспарымен бөлісті.

Өз кезегінде Халық қаһарманы облыс басшылығының өңірдегі Ұлттық ұлан әскерімен әріптестік негіздегі қарым-қатынастар орнатқаны үшін алғысын білдіріп, құқықтық тәртіп әскерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың сапар барысына қойған тапсырмаларымен және маңызды республикалық шараға қатысты жоспарларымен таныстырды. Сондай-ақ, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовты «Құқықтық тәртіп әскеріне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Екі тарап осыған дейін қол жеткізілген достық негіздегі әріптестік қарым-қатынастарды әрі қарай да жалғастыру бойынша келісті.

Жоғарыда аталған мерекелік медальмен Орал гарнизоны бойынша әскери прокурор әділет подполковнигі Марат Бұтымбаев та марапатталды. Кездесу облыстық прокуратура ғимаратында өтті. Генарал-майор Қайрат Үмбетов сапар аясында қызметке жаңа тағайындалған әскери прокурормен кездесу өткізді. Қос тарап өңірдегі құқықтық тәртіп пен әскери ортадағы заңдылық туралы пікірлесті. Әділет подполковнигі Марат Бұтымбаев Ұлттық ұлан әскери бөлімдерімен жұмыс барысы туралы әңгімелесе келе, прокуратура қызметкерлерінің әскери ортада заң мен тәртіпті нығайту бойынша әркез қолдау көрсететінін жеткізді.

«Ұлттық ұлан – құқықтық тәртіп әскері. Өз қызметінде әрқашан заңдылықты сақтау принціптерін басшылыққа алады. Елімізде тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту біздің ортақ міндеттеріміз. Бүгінгі марапатыңыз осы міндетті бірге жүзеге асыруға өз септігін тигізетініне сенімдімін», деді генерал-майор Қайрат Үмбетов марапатты тапсыру барысында.

Сапар барысында Халық Қаһарманы Орал қаласының құрметті ақсақалы Ұлы Отан соғысының ардагері Вениамин Сколенкомен кездесті. Шара қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. Ұлттық ұланның әскери оркестірі ардагердің ауласына келіп, соғыс және патриоттық тақырыптағы шығармаларды орындады. Генерал-майор Қайрат Үмбетов ардагердің алдында құттықтау сөз сөйлеп, бағалы сыйлықтарды тапсырды.

ф

ф

«Ұлттық ұлан әскері жауынгерлік дәстүрді берік ұстанған әскер түрі. Біз әркезде арадагерлерімізге құрмет көрсетуге, сіздер сыйлаған бейбіт күндерді сақтауға, елімізді қорғауға дайынбыз. Сізді қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, алғысымызды білдіреміз», деген Халық қаһарманы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының құттықтау хатын оқып берді.

ф

Ардагер көрсетілген құрметке алғысын айтып, халықты бірлік пен достыққа шақырды. Ел қорғауында жүрген азаматтарға зор денсаулық тіледі.

Шара Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің әскери оркестрінің сүйемелеудеуімен орындалған шағын концертке ұласты.