Саясат • 02 Қазан, 2023

Қазақстан делегациясы Германиядан олжалы оралды

177 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары барысында бірқатар маңызды кездесу өткізгені белгілі. Аталған келіссөздер ел экономикасын одан әрі дамытуға тың серпін бермек.

Қазақстан делегациясы Германиядан олжалы оралды

Мәселен, Президент Қ.Тоқаев «HMS Bergbau AG» компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндті қабылдады. Аталған компания басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы – 500 миллион доллар.

«HMS Bergbau AG» – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.

«Мемлекет басшысының Германияға сапары аясында «HMS Bergbau» басшы­лығымен кездесу өтті. Аталған компания сирек металл өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорын. Қазақстанда «HMS Bergbau» тиісті барлау жұмыстарын жүргізеді. Алғашқы нәтижеге келесі жылы қол жеткіземіз деп күтіп отыр­мыз», дейді «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Бұл сөзді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров та қуаттады. Оның айтуынша, аталған компания кен өндірісі саласында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келесі жылы жаңа жобаларға инвестиция жасауға дайын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «HHLA» компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцратпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Гер­манияның көлік-логистика саласын­дағы ынтымақтастығын нығайту перс­пективалары талқыланды. «HHLA» – жетекші еуропалық логистикалық компания. Кәсіпорын Гамбург, Одесса, Таллинн, Триест қалаларындағы теңіз порты терминалдарына, сондай-ақ олармен байланыстырылған Орталық және Шығыс Еуропадағы интермодальдық тораптар желісіне иелік етеді.

«Сонымен қатар «HHLA» компания­сымен де келіссөз жүргізілді. Ол – логис­тика саласындағы көшбасшының бірі. Жақын арада Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп елімізде ортақ жоба бастамақ. Порт инфрақұрылымын және логистика инфрақұрылымын дамы­туға назар аударады. Қазірдің өзінде Алматыда офис ашқан», дейді «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының басқарушысы Р.Бектұров.

Тағы бір маңызды кездесу «STADA Group» компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен өтті. Әңгіме барысында денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. «STADA»  – жо­ғары сапалы дәрі-дәрмек өн­­ді­ре­тін жетекші компаниялардың бірі. Компа­ния өз өнімдерін әлемнің 120 елінде са­тады. Кристос Галлистың ай­туын­­ша, компания ынтымақтастықты ны­ғай­туға қызығушылық танытып, Қазақ­стандағы медициналық жобалар мен бағдарламаларға инвестиция құю мүмкін­діктерін қарастыруға дайын.

«Мемлекет басшысы кездескен келесі компания – «STADA Group» компаниясы. Өздеріңізге мәлім, аталған корпорация фармацевтика саласындағы әлемдік көшбасшының қатарында. Қазірдің өзінде Еуразия аймағындағы орталық хабын Алматыда ашылған. Онда екі жүзден астам қазақстандық жұмыс істейді», дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров.

Тағы бір маңызды кездесу деп «Euler Hermes» агенттігінің басқарма мүшесі Эдна Шёнемен өткен келіссөзді айта аламыз. Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, соның ішінде қаржылық сақтандыру саласында бірлескен жобаларды әзірлеу, тәжірибе алмасу және оқу бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазіргі таңда Қазақстан даму банкі мен «Helaba» банкі арасында Қаржылық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Аталған келісімге сәйкес «AltynAlmas Reagents» компаниясының цианид натрий өндіретін химиялық зауытының құрылысына 100 миллион еуроға дейін қаржы бөлу қарастырылған.

«Мемлекет басшысы «Euler Hermes» компаниясының басшылығымен кездесті. «Euler Hermes» – Германиядағы ең ірі компаниялардың бірі. Қаржы, сақтандыру қызметтерімен айналыса­ды. Өздеріңізге мәлім, таяуда «ҚазМұнай­Газ» ірі полиэтилен жобасын іске қос­қа­лы жатыр. Оған Германиядан және ба­сқа да шетелден қаражат тартамыз. Сондықтан «Euler Hermes» компа­ниясымен жобаға қатысты Гер­мания­дан қаражат тарту бойынша нақты меморандумға қол қойдық. Бұл жоба жақын арада іске қосылады», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

«Астана» халықаралық қаржы ор­талы­ғының басқарушысы Р.Бектұров­тың сөзіне сүйенсек, «Euler Hermes» экс­порттық-кредит компаниясының елімізде жұмыс істеуі неміс бизнесін Қазақ­станға әкелуге үлкен септігін тигізе­ді. Өйткені бұл – мемлекет тарапынан кепілдік беретін үлкен қаржы ұйымы.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Германияға жасаған сапары олжалы болды деп толық сеніммен айта аламыз. Бұл екіжақты қарым-қаты­нас­ты нығайтып қана қоймай, еліміздің дамуына қажет ілкімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.