Апат айтып келмейтіні баршаға аян. Екі күнге созылған жауын-шашын тау етегінде елді мекендерді әбігерге салды. Ең өкініштісі, ауылдағы ағайын жылы үйінен айырылып қалған еді. Сөйтіп, Ескелді ауданына қарасты Абай, Ешкіөлмес, Қарабұлақ ауылдарындағы қатты нөсер салдарынан аула-аумақтары мен тұрғын үйлерді су басудан келген шығынды өтеуге сараптама жүргізілген. Соның нәтижесінде, әрі сметалық есептердің қорытындысына сай бюджеттен 403,5 млн теңге бөлінді. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 үй сатып алуға – 216,8 млн теңге, 83 үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуге 186,7 млн теңге қарастырылған.
Ескелді ауданы әкімдігінің деректеріне қарағанда, жобалық-сараптамалық және сметалық ұйыммен бірлесіп су басу салдарынан келтірілген залалды бағалау жұмыстары жүргізілген. Жалпы ауданның ауылдық елді мекендерінде – 105 үй, соның ішінде Абай ауылында – 11, Ешкіөлмес ауылында – 28, Қарабұлақ ауылында 66 үй зардап шеккені анықталды. Зардап шеккен үйлердің 22-сі бұзылады, 83-і ағымдағы және күрделі жөндеуден өтеді.
«Бүгінгі таңда аудан әкімдігі 7 үй сатып алды, үйлері бүлінген тұрғындар осы сатып алынған үйлерге қоныстанып жатыр, қалған 15 үйді сатып алу рәсімдері жүргізілу үстінде. Сондай-ақ қалпына келтіру қажет деп тапқан 83 үй иелеріне төлем жасалуда. 21 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 76 үйдің иелеріне 173,1 млн теңге төленді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр», деді аудан әкімдігінің қызметкерлері.
Сонымен қатар қыркүйек айының соңына дейін жалпы ұзындығы 12,7 км болатын 7 көшеге жалпы сомасы 688,1 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бүгінде Ешкіөлмес, Қарабұлақ, Бақтыбай ауылдарындағы 4 көшеде жұмыс аяқталып, Ешкіөлмес, Қаратал, Қарабұлақ ауылдарындағы 3 көшеде жұмыс жалғасып жатыр.
Сондай-ақ жалпы сомасы 8,7 млн теңгеге Абай ауылындағы Бақтыбай көшесі мен Ешкіөлмес ауылындағы М.Тынышбаев көшесіне жарық орнатылуда. Көшелердің жалпы ұзындығы – 3 шақырым.
Қазір тұрғындардың көңілі орнына түскен. Қытымыр қыс та жақындап келеді, селде қалғандардың уайымы осы еді. Әкімдік тарапы бұл жайт әлі де бақылауда болатынын айтып отыр.
Жетісу облысы