Тұлға • 01 Қазан, 2023

Жаралы жылдар, жұмбақ сырлар

225 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қалам қайраткері, детектив көшбасшысы Кемел Тоқаевтың ой-тәжірибесінен, білгірлігінен, толқындап туындаған тұтастай салиқалы шығармашылық еңбегі – ұлт әдебиетіне қосылған қомақты дүние. Оның романшылық өнері мен суреткерлік өнегесін толық айғақтайын «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» дейтін іргелі, күрделі туындыларын, «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Соңғы соққы», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Тасқын» атты хикаяттарын, сондай-ақ «Солдат қабірінің басында», «Жұлдызды жорық», «Көмескі із» тәрізді әңгімелері мен замандастар көзқарасын, қарекетін, қаһармандық рухын сипаттайтын журналистік жолсапар дәптерлерін ерекше бағалаймыз. Бұл туындылар – өз заманының шежірелі көркем куәліктері, дәуірдің дауысы.

Жаралы жылдар, жұмбақ сырлар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Дәуір сырын толғаған «Солдат соғысқа кетті» романының әлеуметтік, фәлсафалық, психологиялық, көркемдік қырлары барынша байтақ. Себебі, «Өмір өткелдерінің теңізінде жүзген» (Бауыржан Момышұлы) Кемел Тоқаев жаралы жылдардағы сайып­қырандардың ерлік қимылдарын, кісілік, ірілік келбеттерін, алуан-алуан мінез қайшы­лықтарын, адам характерлерінің әралуан­дығын әрі іштей арбасуларын, ой, сезім, мінез-құлық, ерік-жігер, түйсік, тілек, елес, қабілет, дағды сияқты тағдыршешті психикалық әре­кет­терін көркемдік логикаға шеберлікпен ба­ғын­­дыра біледі. Ақ тарыдай ақтарып, тол­ға­ныспен тебіреніп, кестелеп, қан тамырларын сол­­қылдата жазу – Кемел Тоқаевтың ұстанымы.

Роман атауының өзінде мұңлы сыр бар. Соғысқа өздігінен тіленіп, көксеп адам баласы бармайды. Соғыстың өзі адамзатқа төнген алапат апат, зұлмат, лаң, қара құйын, зобалаң. Бір сөзбен айтқанда, трагедия. Трагедиядан құтылу үшін, Отанды қорғау үшін, дозақ отына өртенбеу үшін әскери-саяси жағдайда үз­дік амал-тәсілдерді шеберлікпен пайдалану, қолдану, соғыс жүргізу әрі өнерін жетіл­діру яғни стратегияны және тактикалық бар­­лауды – әскери барлауды күшейту. Осы тұр­ғыдан келгенде, «Солдат соғысқа кетті» дәуірнамалық романында ұлттық-патриоттық, гуманистік құндылықтар, қазақ жұртының бастан кешкен сұмдық көріністері де басты кейіпкер балалар үйінде өскен, әскери училищеде оқыған Мұхамедтің телеграф стилімен жазылған соғыс күнделіктерінде, логикалық пайымдауларында және тағдыр теперішіне уыздай шағында душар болған, майдан сахнасындағы тегеурінді іс-әрекеттерінде, лидерлік мінезінен де анық байқалады.

Жазушының фәлсафалық ойлау мәде­ние­тінде, стилистикалық шеберлігінде шы­ғарманың шырайы мен шынайылығын көр­сететін тоғыз қырлы, тоқсан сырлы диалогтер, та­рихи деректер, психологиялық иірімдер, ой шұ­­ғыласына бөленген сырлар жеткілікті. Тағдыр талқысына түскен Мұхамедтің тектілік тағылымы, адамшылық дәні мына бір баяндауынан танылады: «Атамыздың атамекені Қаратал өзенінің бойы болады. Қыс түсе қалың ауыл маңыраған көп малмен бірге қалың құм ішіне, көп шағылдардың арасындағы Үшөзек қыстауларына көшіп, көктемге қарай өзенге ойысады екен. Қаратал бойы кең жазық, көк шалғын, малға да, жанға да жайлы құтты мекен. Әкем бес ағайынды екен. Ағалары Құшай, Төле, Өте, інісі Мырзахмет ауызбірлігі мықты, іргесі ажырамаған ажарлы туыстар бопты. Ауылға жаңа өкімет орнағанда Өте Совет жұ­мысына араласып кетіпті. Кейін Советке сайланады, ел басқарады. Сірә, белсенділігі мен асыра сілтеушілігі асып кеткен бе, қалай, жұрт ұжым боп бірігіп жатқанда бір түнде жазғы қоныс Кәлпеден көше жөнеледі. Алматыға аялдамай, қырғыз асып кетеді. Жалғыз көшпей, інісін ерте кеткен. Әлі есімде, 30-шы жылдың жазында екі үй Пішпекке тақау, кендір егетін шаруашылықта жұмыс істеді. Менің әкем кендір егісінің басында қарауыл қарайды. Айдалада, арық жағасында жалғыз үй отыратынбыз. Қарақұрт деген бәле қалың. Таңертеңгісін керегенің басына құмырсқаша қаптайтын. Ал село маңында, орыстар тұрған жерде қарақұрт аздау. Өте аға біздің үйден бөлек, сол орыстардың қасында тұрды. Әкем мо­мын кісі еді. «Мына қаршадай екі баланы өлтіріп аласың. Жұмысы құрғырды таста. Өзің­нен бұрын қарауылшы Ғизатулиннің үй іші қарақұрттан түгел қырылып қалды. Бас ама­нында кет!» – деп жаны ашыған кісілерге қыс­қа жауап қайыратын. «Кісі туған соң өледі ғой. Өл­мегенде қайда барады. Одан құтылатын пен­де жоқ. Бір Алланың жазғанын көрерміз», – дейтін.

Ашаршылықтың, жетімдіктің, азып-тозу­дың қасіреті, міне, осындай. Бұл романда Мұха­медтің мергендігі, ерлігі, кісілік ірілігі, тура­шылдығы, арының тазалығы «Жауға атылған алғашқы оқ» тараушасында әсерлі баяндалған.

Мейірманов өзінің жалған дүниеде татар дәм-тұзының алдын-ала сезінуі де яки «біздің тағдыр шешілген» деуі де оқырманды шошындырады. Себебі, мұның өзі жауынгерлер ортасындағы өрескел алауыздықтың, құпия ойластырылған қастандықтың белгісі. Ой мен сөз зергері бұл жұмбақты оқырманның төре­лігіне қалдырады да, Польша жеріндегі Ломда қаласының іргесінде, қан жібермейді деген рас-ау, Мұхамед Мейірмановты өлтірген жаудың қаскөй жылымқұрт жансызымен ұшырасқан... Романда Мейірмановтың аманаты, телепатиялық қасиеті, қоштасу сөзі соншалықты тебіреніске толы.

Мұхамедтің майдан­дағы өмірі де драмаға толы. Оның басына жөнсіз айыптаулар да тағылды. Власов дұшпандарға да жасырын қызмет етсе де, Мұ­хамедті «Гит­лердің агенті» деп жала жапты. Мұ­хамед барлаушылар тобында, барсакелмес сапарында болғанда Вла­сов, Рогов-Волков сат­қын­­ды­ғына көзі жетті. Бұ­лар бар құпияны жеткізіп отырды.

«Солдат соғысқа кетті» романында шырғалаңы мен шытырманға толы тартыс­ты оқиғалар, астыртын жы­мысқы әрекеттер, ар, ұят, иман алдында іш­ме­рез­дікпен айылын жи­май­тын жылмақайлар бей­несі суреттеледі. Мы­­салы, жалақор, арсыз пасық, жұ­ғымсыз сұм­пайы Вла­сов- т­ың кө­пе-көрінеу ажал оғын жаудырған жау ұша­ғын атып түсірдім деуі, жалт-жұлт ететін, жалмап жұ­татын адамның сайтаны Мұ­хамедке кіжінуі, ефрей­тор Деминнің із-түзсіз жоғалуы, Мұхамедтің Ста­трапинскийді ертіп алып, оны тауып алуы, ақыл үй­ретуі, тағдыр тәл­ке­гінен құтқаруы – бәрі-бәрі шы­ғар­маның құндылығын арттыра түседі. Осы бір уа­қиғаға орай Мұхамедтің төтенше ба­тыл­дығына, ерекше кісілігіне лейтенант Кор­шуновтың терең толғанысы, көзқарасы қи­сынды, ұшқыр уәжі былайша өрнектелген: «Кісінің тағдыры шешілер қиын шақта оған болысу, шама-шарқынша көмектесу, төнген қатерден құтқарып алу, әрине, жақсы қасиет. Арыстан жүректі арлы жігіт солай істей алады. Сенің қисық істеріңді түзу ғып ұғатыным, бәлкім, осы мінезіңді білгенім шығар. Бірақ кейде отпен ойнап кетесің. Тәуекел түбі жел қайық емес, әрдайым өтіп кете бермейсің. Бір сәтте, өзің ойламаған кезде басыңа үлкен мін тағылып, өмірден біржола өшіп, жоғалып кетуің мүмкін. Тіпті есіркеген күннің өзінде абыройдан айырылып, мұқалып, шаншылып қаласың. Соғыс заңы, соғыс тәртібі дегеніміз осындай, бауырым. Соғыстың лайсаң толқыны жалмап, жұтып әкетпесін деймін. Ал бізге өмір сүру керек. Шынын айтсам, өлгім келмейді. Өлсең де қор өлімнен аулақ бол».

Детектив жанрының атасы кейіпкерлердің ішкі жан-сезім күйлері мен толқындарын бейнелеуде шеберлік танытады. Яғни әрбір кейіпкердің ойын, дүние тануын, көзқарасын, тілегін, сөз саптауын, мұратын жеткізуде диалогтерді ұсталықпен қолданады.

Соғыс суреттері, табиғат көріністері, жа­уын­герлердің ой-толғамдарының сөздік-лұғат­тық жүйесі көркем, әсерлі. Мысалы, Мамад-ака Бабахунов: «Осы танкіңнен гөрі өзімнің қара жерім жақсы екен. Жатсаң – жылы үйің, тұрсаң – панаң, қатер төнсе – қорғаның» дейді. Немесе қателікке ұрынған Қароев: «Кісіге жамандық тілеу, бәле қуу, мұқату табалау пендешілік, сорақылық екен». Таршылықта, тапшылықта жауынгерлердің тапқырлық танытуы да «Солдат соғысқа кетті» романының танымдық тереңдігін дәлелдейді. Айталық, қардың суын дәкеден өткізіп, қайнатып, тұз қосып денені сергіту, бойды жылыту, хал үстіндегі солдатқа ешкі сүтін беру.

Шығарманың стилистикалық, музыкалық архитектоникасын, психологиялық-фәлса­фалық мазмұнын мынадай фразеологизмдер байытқан: «Майдан нағашыңның аулы емес», «төркіндеп жүрген қатындарша», «иттің аузы жайындай», «ақтиіндей аласұрып», «тарт­тырылған текедей бүрсиіп» т.с.с.

Романның ұлттық сипатын айқындайтын ерекшеліктерді айтар болсақ, бұлар – жазушы қолданысындағы Бабахуновтың қазақша ай аттары мен бата сөзі. Келісті туынды жазудың жетекші шарттарының бастысы – суреткердің шығармашылық психологиясы. Бұл дегеніңіз – өмірлік құбылыстарды өнерге айналдыратын, сыршылдықпен суреттеп сөйлететін ұшқыр қабілет, сұңғыла түйсік. Бұл орайда «Құпия әйелдің» тылсым тұңғиық әрекеттерін тәптіштеп баяндауы айғақ.

Түптеп келгенде, «Солдат соғысқа кетті» ро­манының тарихилық, деректілік, фәл­сафалық, гуманистік, стилистикалық тұрғыдан жоғары дәрежеде жазылған көркем мүлік болғандықтан, ұлт әдебиетінің қазынасына лайық бірегей шығарма екендігі сөзсіз.

 

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор