Нәтиже бар сияқты. Оған Қостанайдағы Жастар сарайында өткен форумда көз жеткізгендей болдық. Жобаның қорытындысы жарияланған жиында жеті ай бойы белсенділік танытып, тіл үйренуге ерекше ықыласы бар екенін дәлелдеп баққан ынталы балалар марапатталды. Ал қатарластарынан озып шыққан ең үздік 11 оқушы Астанаға барып, елорданың көрікті жерлерін қызықтап қайтатын болды.
Баланы бастан тіл үйренуге ынталандыратын мұндай ауқымды әрі жарты жылдан аса уақытқа созылған ұзақмерзімді іс-шараның өңірде бірінші рет өтіп отырғанын айта кету керек. 56 ұлттың өкілі қатысқан «Жеті қадамның» жоспар-жосығын облыстағы Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова жасап шыққан. Жоба авторының айтуынша, балалар ұстаздарының жетекшілік етуімен әр кезеңнің тақырыбына сай эссе жазып, ауызекі сөйлеу дағдыларын дамытқан. Мемлекеттік тілде челлендж, туған жер туралы шағын бейнебаян түсіріп, тіл үйрететін арнайы тапсырмаларды орындаған. Бұл орайда жеті ай ішінде кезігетін атаулы мерекелердің де ескерусіз қалмағанын аңғардық. Мысалы, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында осы жобаға тартылған мұғалімдер өз мектептерінде «Тіл – ел тірегі» деген тақырыпта сынып сағаттарын өткізсе, маусым айында оқушылар «Ауылым – алтын бесігім» деп аталатын бейнебаян жасаған. Ал шілдеде онлайн режімде өткен жиында әр бала «Мемлекеттік тілдің мәртебесін қалай арттырамын?» деген сауалға ауызша жауап беріп, көпшілік ортада өз ойын еркін жеткізуге талпынған.
Балалар бұдан тыс берілген тілдік тапсырмаларды орындап біткен соң, ай сайын білікті тіл мамандарынан құрылған қазылар алқасының қарауына жіберіп отырған. «Мұнда қазақ тілін әртүрлі деңгейде меңгерген балалар отыр. Біздің мақсатымыз – олар тілді әбден меңгеріп алғанша қолдау көрсету, бір нәтиже шығарғанша көмектесу, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген сұранысын қалыптастыру, олардың өздерінің ішінде мемлекеттік тіл тыныстай алатындай тілдік орта құру. Аталған жобаға облыстық қоғамдық даму басқармасы бастан-аяқ қолдау көрсетті», дейді Наталья Рамазанова.
Қарабалықтағы Абай атындағы №2 мектептің оқушысы, ұстазымен бірге осы форумға арнайы келген Надежда Котосова тіл үйрену үшін осындай белсенді ортаның болғаны маңызды, дейді. «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасы басталғалы, облыстың басқа өңірлерінен көп дос-құрбы тапқанын айтқан Надежда: «Осы жобаға қатысып жатқан балалардың бәрі орыс мектептерінде білім алады. Сәуір айынан бері бәріміз ортақ чат арқылы байланысып, тек қазақ тілінде сөйлестік. Үнемі біріміздің қатемізді біріміз түзеп, қазақша неше түрлі жұмбақ жасырып, өлең оқып, көңілді күндерімізді өткіздік. Жоба аяқталғанымен, байланыс үзілмейді. Қашықтан болса да бір уақ сөйлесіп, әңгімелесіп, тілдік дағдымызды дамытып отырамыз. Ал форумға келсек, бүгін дәріс оқыған спикерлерден біз алатын үлгі-өнеге көп екен, ол кісілердің өрелі ой-пікірлері де үлкен әсерге бөледі», деді.
Ұйымдастырушылар форумға жан-жақтан қазақ тілін бір кісідей жақсы меңгерген, бүгінде көптің көз алдында елге көрініп жүрген бірнеше белсенді жасты шақырған. Надежда соны айтып отыр. Жиынға қатысушылар үш секцияға бөлініп, сол аға-апаларынан ақыл сұрап, кеңес тыңдады. Спикерлердің арасында кезінде облыстық телеарнада жұмыс істеген, бүгінде Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі, диктор Алла Гаврина да бар.
– Кезінде дәл осы оқушылар секілді біз де түрлі байқау мен форумға қатысып жүрдік. Ол кезде өзге ұлт өкілі қазақша сөйлесе, жұрт жаппай таңғалып, кәдімгідей қолпаштап жататын. Ол дәурен өтті. Қазір бұл қалыпты үрдіске айналып келеді. Өз басым солай болуы керек деп есептеймін. Өкініштісі, қос тілді қатар алып жүру керек деген сияқты таптаурын түсініктен әлі арыла алмай келеміз. Мұны өзіміз ғана тоқтата аламыз. Дегенмен жастардың талабы ұнады, қазақша сөйлеп тұр. Біздің кезімізде мұндай болған жоқ. Көп оқушы медиа саласына қызығады екен, мен оларға медиакеңістікте қазақ тіліне сұраныс жоғары екенін айттым. Өз бағдарламаларым мен жұмысым туралы әңгімелеп бердім. Жастар қазақ тілін білген адам қор болмайтынын түсінгендей болды, – дейді Алла.
Форум барысында тіл үйренуші оқушылардың ұстаздары қатысқан тренинг өтті. Ал жоба жеңімпаздары алдағы күндері Астанаға барып, елордадағы Алжир мұражайы, Ұлттық кітапхана, Ұлттық музей, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Президент мұражайы секілді қастерлі орындарды, өзге де мәдени орталықтарды араламақ.
Қостанай облысы