Қоғам • 02 Қазан, 2023

Аналардың алқалы жиыны

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында республикалық Аналар кеңесінің форумы өтті. Орал қаласындағы Достық үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбымен бас қосқан жиында рухани-адамгершілік тәрбие барысы талқыланып, өңірлік Аналар кеңестері өз тәжірибесімен бөлісті.

Аналардың алқалы жиыны

Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысында Ассам­блея төрағасының орынбасары Аурика Дяк, Пар­­ламент Сенатының де­путаты Нұрия Ниязова, Батыс Қа­­зақ­стан облысы әкімінің орынбасары Бақыт­­жан Нарымбетов, Қазақстан хал­қы Ассам­блеясы рес­публика­лық Ана­­лар кеңесінің төр­а­йымы Нәзи­па Шанаи және Ана­лар кеңесі­нің ­мү­шелері, психологтер, қоғамдық ұйым­дардың мүшелері қатысты.

Іс-шараны Батыс Қазақстан об­лысы әкімінің орынбасары Бақыт­жан Нарымбетов ашып, респуб­ли­ка­лық форумға қа­тысушыларды ­құт­тықтап, жиын жұ­мысына сәт­тілік тіледі.

Сондай-ақ іс-шарада Батыс Қа­зақстан облысы Ана­лар кеңесінің төр­айы­мы Шалқыма Хайроллақызы «Мә­дениетті ана – мәдениетті ұлт» тұ­жырымдамасын іске асыру жолында орындалып жатқан 4 бағыт бойынша есеп беріп, отбасындағы тәрбие, ананың рөлі тақырыптарын кеңі­нен талқылады.

Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Ана­лар кеңесінің төрайымы, Қазақ­стан Президенті жа­нын­дағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Нәзипа Ыдырысқызы сөз алып, бірқатар кеңес мүшесін алғыс­хатпен марапаттап, «Ел ана­сы», «Аялы алақан» атты сый­лықтарды тапсырды.

Екі күнге созылған іс-шара аясын­да қатысушылар бірнеше сес­с­ияға бөлініп, түрлі практикалық ойын­­ға, тренингтерге қатысты. Сал­танат сарайында көпбалалы ана­лармен кездесіп, «Бесікке са­лу», «Тұсау кесу» секілді қазақтың салт-дәстүрін орындады. Оқушы­лар сарайында «Достық», «Жас сарбаз», «Айбын» үйірмелерінің оқу­шыларымен кездесіп, электронды вейпке қарсы акция өткізді. Сессияда қазіргі қоғамның жаман әдеттері, олармен күресу әдістері, нашақорлық пен буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан об­лысынан келген «Демеу» бала­лық шақ мәселе­лері бойынша коор­динациялық орталығының пси­холог маманы Эмир Дулатов ойын­құмарлыққа тәуел­діліктің пси­­хологиялық аспек­тілері тура­лы қызықты баяндама жасады. «Темекісіз» қоғамдық қоры­ның ат­қарушы директоры, «Те­ме­кі тү­ті­ні­нен таза Қазақстан үшін» Ұлт­­тық коалициясының көш­бас­шы­сы, ДСМ Қоғамдық кеңесі­­нің мүшесі, Дүниежүзілік денсау­­лық сақтау ұйымының 2023 жыл­ғы «Темекімен күресте қосқан зор үле­сі үшін» сыйлығының лауреа­ты Жәмила Садықова «Заманауи жа­ман әдеттер және олармен қа­лай күресеміз?» атты баяндамасын ­онлайн өткізсе, «Есірткісіз бола­шақ» корпоративтік қорының жетек­шісі Жандос Ақтаев нашақорлық­тың ­алдын алуды өңірлік деңгейде ­же­тіл­діру мәселесін көтерді. «Сені­мен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігінің Батыс Қазақ­стан облыстық филиалының психо­логі, педагогика ғылымдарының ­ма­­гистрі Құралай Шамұратқызы қазір ­өте өзекті болып тұрған бул­линг мәселесін қозғап, буллинг құр­баны болмау үшін не істеу кере­гін ортаға салды. Батыс Қазақстан об­лыс­тық Полиция департаменті­нің Жер­гілікті полиция қызметі бас­қармасында әйелдерді зор­лық­зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспектор, полиция майоры Диляра Сата­рова тұрмыстық зорлық-зомбы­лық, оның себеп-салдары туралы ­мысалдармен айтып берді. Қазақстан Республикасы Ұлт­­тық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқық­­­тық жұмыстар жөніндегі орынба­са­­­ры, Халық Қаһарманы, генерал-­ма­йор Қайрат Үмбетовтің де әңгі­месі әсерлі болды.

Айтпақшы, Халық Қаһарма­ны Қайрат Үмбетов оралдықтарға жақсы таныс. Ол 2014-2016 жылдары осындағы әскери бөлімнің штаб бастығы болып қызмет еткен болатын. Бүгінде құқық­тық тәртіп әскерінің Бас тәрбиешісі болып жүрген батырды Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қа­былдап, Республикалық Аналар ке­­ңесіне қатысқаны үшін алғыс айтты. Батысқазақстандықтар Қайрат Жарылқасынұлының облыстағы қызметін және жастар арасын­да­ғы патриотизмді нығайтуға қос­қан жұмыстарын әлі ұмытқан жоқ. Халық Қаһарманы болашақта Батыс Қазақстан облысында заманауи үлгідегі әскери мектеп-интернат са­лу жоспарымен бөлісті.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі 2013 жылы құрылған. Қазірде ел­дің барлық өңірінде 1 712 кеңес жұ­мыс істейді. Оның 1 78-і аудан­дық, 1 302-сі ауылдық деңгейде. Аналар кеңесі Түркістан (204), Ақтөбе (176), Батыс Қазақстан (161) және Алматы облыстарында (146) ең көп шоғырланған.

Еліміздегі отбасы институтын сақтау мен нығайтуда, өске­лең ұрпақты тәрбиелеуде, ажы­ра­сулардың санын азайтуда, жас­өспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарып келе жатқан Аналар кеңесінің Оралдағы басқосуы қатысушылар үшін ерекше пайдалы болғаны анық.

 

Батыс Қазақстан облысы