Олимпиада • 02 Қазан, 2023

Алтын медаль арманға айналды

4915 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жат­қан Азия ойындары бел ортасынан асты. Жұма, сенбі, жексенбі күндері Қазақстан қоржынына 2 күміс және 6 қола медаль түсті. Ал бокс кешінде қазақ-өзбек текетіресі қайта жалғасты. Бұл жолы 71 кило салмақта жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов ширек финалда өзбекстандық Асаходжа Мусоходжаевты ұтты. Ұтқанда қалай ұтты десеңізші? Үшінші раундта 3 нокдаун тіркеп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Рас, екі раунд бойы Асланбек қарсыласын қанша төпелесе де, төрешілер жеңісті өзбек боксшысына беріп тұрған. Алайда Шымбергенов мінез көрсетіп, жеңісті жұлып алды.

Алтын медаль арманға айналды

Асланбек ерлерше айқасты

Асланбек чемпионаттың басынан күрделі жекпе-жектерге тап болды. Мысалы, алғашқы кездесуінде қытайлық Пейчен Ванды қанша сабаса да төрешілер нокдаун тіркемей, жергілікті боксшыға бүйрегі бұрға­ны көрініп тұрды. Соған қарамастан, үш раунд бойы белсенділік танытқан Асланбек шеберлігін дәлелдеп, келесі айналымға өтті. А.Мусоходжаевпен өткен ширек финалда да төрешілердің отандасымызға бүйрегі бұра қоймағаны байқалып тұрды.

 

Боксшылар қанша лицензия алады?

Жексенбі күні күндізгі сессияда жұдырықтасқан 92 кило салмақтағы Сағындық Тоғамбайға «көз тиді». Енді ол – Азия ойындарының қола жүл­дегері. Жартылай финалда Хуешен Ханмен өткен жекпе-жек екеуінің ка­рьерасындағы ең ауыр кездесу десек, қателеспеген болар едік. Бір-біріне жұмсаған соққыларынан адам шатасады. Әйткенмен боксшылар жекпе-жекті соңына дейін жеткізді. Нәтижесінде, барлық төреші қытайлық спортшыға 5:0 есебімен (29:28) жеңісті ұстатты. Сағындық жартылай финалға дейін ирандық Туфан Шарифидті 47 секундта нокаутқа түсірсе, алғашқы жек­пе-жегінде Моңғолия өкілі Бариахаан Доржды екі мәрте нокдаунға жіберіп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтаған-ды.

ва

Махмұд Сабырхан Азия ойын­да­рындағы екінші жекпе-жегінде жеңі­ліс тапты. 57 кило салмақ дәрежесі­­нің 1/8 финалында солтүстіккореялық ­­О Тае­боммен кездесу 2:3 есе­бімен ­ко­рея­лық спортшының пайдасына ше­шілді. Біздің боксшы бірінші айна­лымда Оң­түстік Корея өкілі Ли Йен Чан­мен жұ­дырықтасып, айқын басымдық­пен же­ңіске жеткен еді.

Нұрбек Оралбай (80 кг) Қытай на­мы­­сын қорғаған этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатханға қарсы жекпе-жек өт­кізді. Кездесу 3:2 есебімен Қытай өкі­лінің жеңісімен аяқталды. Қазақстан бокс­шысы қарсыласын екінші раундта нок­даунға жібергеніне қарамастан, төре­ші­лер жеңісті Тоқтарбек Таңатханға берді.

Бір қызығы, IBA өткізген кез келген жарысты, тіпті әлем чемпионатының нәтижесін Олимпиадалық комитет мойындамайды екен. Әйтпесе Нұр­бек пен Тоқтарбек биыл Ташкентте өткен әлем чемпионатының финалында жұды­рық­тасқан болатын. Екі мықтыны екі себетке түсіріп, тек финалда кезде­сетіндей ету керек еді. 63,5 кило салмақта Өзбекстан атынан шығатын қандасымыз Руслан Абдуллаевтың басында да тура осындай жағдай. Өкінішке қарай, ол бұл жекпе-жекке дайын болмай, моңғолиялық боксшыға есе жіберді.

па

Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев Бахрейн атынан өнер көрсетіп жүрген Ресейдің бұрынғы спортшысы Данис Латыповпен жұдырықтасып, оны 5:0 есебімен жеңді. Алайда үшінші раундта Қамшыбек ойламаған жерден нокдаун алып қалды. Жартылай финалға өткен ол финалға берілер жолдама үшін үндістандық Нарендермен жұдырықтасады. Ал екінші жартылай финалдық жекпе-жек Қытайда туып-өскен қандасымыз Данабек Байкенже мен өзбек Баходир Жалолов арасында өтеді. Айта кетейік, Данабек ширек финалда Моңғолияның атынан шыққан тағы бір қазақ боксшысы Бекнұр Қалиді уақытынан бұрын жеңген-ді.

Боксшылардың жеңістері мен жеңі­лістеріне қатысты құраманың бас бапкері Мыр­зағали Айтжанов пікір білдірді.

– Алғашқы екі раундта Асланбек жеңіп тұрса да, төрешілер басым дауысты қарсыласқа берді. Оны көріп тұрмыз. Үшінші раунд басталарда оған: «Нокаутпен жеңіп шықпасаң, болмайды», дедім. Айтқаным айдай келді. Асланбек үш рет нокдаунға жіберіп, жеңісті жұлып алды. Махмұдта да осындай жағдай. Бұл жарыста шағым мүлдем берілмейді. Сондай ережесі бар. Жекпе-жекке қатысты айтсақ, бұл – Махмұт үшін жаңа салмақ, қарсыластары да мықты. Оны да ескеруіміз керек. Барын салды. Бірақ жеңілді деп айта алмаймыз. Нұрбектің қарсыласы өте мықты. Екеуі биыл Президент кубогінде, әлем чемпионатының финалында кездескен. Бұл – бокс. Бірде жеңіп, бірде жеңілесің. Сол себепті біреуді кінәламаймыз. Тек өзіміз бір бас жоғары болуымыз керек. Менің ұстанымым сондай. Ешкімге ренжімей, шәкірттерімізді тыңғылықты дайындауымыз керек. Сағындыққа ешқандай өкпе жоқ. Барын салды. Қытайлық бокс­шы да мықты екен. Екеуі де қаншама соққыға төтеп берді. Сағындыққа үлкен сенім артылған еді, сол сенімді ақтамады. Жеңілгенді мо­йындау керек. Қамшыбекке осындай кездесулер керек. Әрдайым бірінші жекпе-жек оңай болмайды. Латыпов та – құрлықтағы мықтылардың бірі. Қар­сы­ласына соққыларын дарытты, өзі де соққы жеді. Яғни ол өзін қай дең­гейде екенін толық бағамдады. Мұның барлығы алдағы жекпе-жекте пайдасын береді деген ойдамын, – деді бас бапкер.

Ол сөз соңында барша жанкүйерлерге рахмет айтып, елде отырып боксшыларға жанкүйерлік танытып жатқан халыққа алғыс білдірді.

па

Қыздар бәсекесінде Карина Ибр­а­гимова (57 кг) мен Наталья Богданова (66 кг) жарады. Карина да, Наталья да моңғолиялық боксшылардан 5:0 есе­бімен басым түсіп, жартылай финалға өтті. 57 кило салмақ бойынша Париж Олимпиадасына жолдама үздік төрт боксшыға берілетінін ескерсек, Карина кем дегенде Азия ойындарының медалі және Олимпиада жолдамасына иелік етіп отыр. 

Әлем, Азия біріншіліктерінде атой салып жүрген қалған боксшы қыз­дары­мыз Назым Қызайбай (50 кг), Жайна Шекербекова (54 кг) Римма Волосенко (60 кг) және Валентина Хальзова (75 кг), өкінішке қарай, жарысты ерте аяқтады.

 

Қоржын толы қола медаль

Жұма күні Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Ва­дим Шарлаимов бастаған семсер­ле­сушілердің Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алуына тамаша мүмкіндік болған еді. Олар финалда Жапония құрамасына 35-36 есебімен есе жіберді. Негізгі уақыт 31-31 есебімен аяқталды. Ал шешуші дуэльде Эльмир Әлімжанов пен жекелей сынның жеңімпазы Коки Кано шеберлік байқасты. Шиеленіске толы бұл айқас та тең аяқталды (35-35). Қосымша уақытта жапониялық спортшы нәтижелі бір соққы жасап, командасына жеңіс сыйлады. Отандастарымыз іріктеуде Моңғолиядан (45-12), ширек финалда Вьетнамнан (45-26), ал жартылай финалда Гонконгтен (45-30) басым түсті.

Аян Бейсенбаев триатлоннан Азиа­даның қола медалін иеленді. А.Бей­сенбаевтың жүзуден 1 500 метрді бағын­дырып, велокезеңде 40 шақырым жүріп өтіп, 10 км жүгіріп шыққандағы уақыты – 1:52:25. Байрақты бәсекеде алтын медальді жапондық спортшы Кенжи Ненер (1:50:54) алды. Сондай-ақ күміс медаль да Жапониядан келген Макого Одакураға (1:51:49) бұйырды.

Велоспорттан Қазақстан құрамасы алғашқы медальді қоржынға салды. Қола жүлдені Артем Захаров пен Рамис Дінмұхамедов жеңіп алды. Спортшылар мэдисонда сәтті өнер көрсетті. Финалда Захаров пен Дінмұхамедов 37 ұпай жинап, қола жүлдеге қол жеткізді.

Каролин Чепкоеч Кипкируи де 10 шақырымға жүгіруден қола жүлдегер атанды. Кениядан арнайы шақырылған желаяқ қыз белгіленген қа­шық­тықты 33:15.83 секундта жүгіріп өтті.

 

Өзбек ағайындардан үлгі алсақ игі

Бізге ұйымшыл болу керек. Азия ойындарында Өзбекстанды медаль саны жағынан қуып жете алмайтынымыз айдан анық. Себебі бүгінде олардың қоржынында 11 алтын медаль бар. Біз­де бар-жоғы 3 алтын. Айтпағымыз, өзбек ағайындар Азия ойындары бағдар­ламасына өздерінің кураш спортын 2018 жылы енгізіпті. Енді сол күрес тү­рінен өзбектер әзірге 4 алтын, 1 күміс ен­шілеп отыр. Әзірге деп отырғанымыз, атал­ған күрес түрінен ерлер арасында – 4, әйелдер арасында 3 сал­мақта медальдер жиынтығы сарапқа салынады. Жерлестеріміздің арасынан Бекасыл Шаймерденов (81 кг) қана күміс медальді қанағат тұтты.

Кешегі күнге дейін 6 салмақта медальдер жиынтығы сарапқа салынды. Сондықтан оңтүстіктегі көршілеріміздің алтыны бұдан да көп болады деп болжаймыз. Курашта тіпті, бір салмақта бір елден екі спортшы қатысуға болады.

Өзбектердің Азия ойындарынан хабар таратып жүрген Uzbekiston 24 арнасының тілшісі Норбек Ниязовтің айтуынша, Өзбекстан кураш спортын Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін барын салып, жер-жерден кураш федерациясын ашу үстінде. Азия, әлем чемпионатын ұйымдастырып жатыр.

Бізде ше? Барлығы керісінше. Бір кездері Арман Шораев пен Серік Төкеев бастаған спорт функционерлері Бүкіләлемдік қазақ күресі, Дүниежүзілік қазақ күресі деп ұлттық күресті ары-бері тартып, уақытты құр босқа өткізіп алды. Қарап отырсаңыз, қазақ күресі кураштан еш кем түспейді. Керісінше, ұлттық спортымыз қызықтырақ сияқты. Ендігі бар мәселе, қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеру үшін мемлекет болып жұмыс істеу керек. Сонда ғана қазақ күресі Азия ойындары сайысына еніп, мәртебемізді асыратын еді. Ойланатын жәйт!

ап