Пікір • 01 Қазан, 2023

Зухра Ирназарова: Әлі талай жүлде аламын

551 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейсенбі күні Азия ойындарында тапаншамен 10 метрге жылжымалы нысана көздеуден үздік нәтиже көрсеткен Зухра Ирназарова Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды. Жерлесіміз бұған дейін де Азия чемпионатында, әлем чемпионатында топ жарып үлгерген еді. Мерген қызбен сайыстан кейін қысқаша сұхбаттасқан едік.

Зухра Ирназарова: Әлі талай жүлде аламын

– Зухра, жеңістен кейін қандай сезімде тұрсыз?

– Топ жарғаныма өте қуанышты­мын. Әлі де толқып тұрмын. Барлығы ойдағыдай болғанына ризамын.

– Жекелей сайыста – бірінші, ко­мандалық жарыста екінші орын алды­ңыздар. Командалық бәсекеде жеңіске жету үшін не кедергі болды?

– Азия ойындарына алғаш рет қатысып отырмыз. Сондықтан қобал­­жы­май, дәлдікпен нысананы көз­де­ген­денімізде, командалық сайыста бірінші орын алатын едік. Бұл жарыс қой, дәл қазір кім мықты болса, сол жеңіске жетеді. Алда әлі талай жүлде алатыныма сенімдімін.

– Жарыс барысы туралы не айтар едіңіз?

– Бірінші кезеңде төртінші орын алдым. Екінші кезең алдында өзімді қай­рап, психологиялық тұрғыда дайын­далып шықтым. Соңғы үшінші кезеңде же­ңімпаз атанатыныма сенімді болдым.

– Азия ойындарына дайындық қалай өтті?

– Азия ойындары алдында құрама қыз-жігіттері күніне екі реттен дайындық жүргізді. Жеке бапкеріміз жеңіске жету үшін барын салды. Бапкер мен бізге қолдау көрсеткен баршаңызға рахмет айтқым келеді.

– Бұл спорт Олимпиада бағдар­ламасында жоқ. Нысана көздеудің басқа түріне ауысқыңыз келмей ме?

– Жоқ, ондай ойымыз жоқ. Себебі бұл спорт түрі бізге ұнайды. Менің сы­ңа­рым Фатима кішкене ауырыңқырап қалды. Әйтпесе оның нәтижесі менен де асып түсер еді.