Тұлға • 02 Қазан, 2023

Бибігүл Төлегенованың әндері мені бір қиындықтан құтқарған еді – Тоқтар Әубәкіров

731 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров журналистермен кездесуінде жезтаңдай әнші Бибігүл Төлегенованы үлгі тұтатынын айтып, ол кісіге қатысты естелігін әңгімелеп берді, деп жазады Egemen.kz.

Бибігүл Төлегенованың әндері мені бір қиындықтан құтқарған еді – Тоқтар Әубәкіров

Фото: Е.Омар.

«Қазақстаннан ертерек кетіп қалдым. Қиыр Шығыста жүргенде де бірде-бір қазақты көрген жоқпын. Ұшақтың аппаратурасын механиктер де менен артық білген жоқ. Менің ұлтым қазақ, мен бәрінен жақсырақ білуім керек деген ой болды. Әскери мектепте 4 жыл оқығанда да мыңдаған адамдардан бірде-бір қазақты көрмедім. Жақсы оқыдым, орыс ұлтының және басқа ұлттардың ұшқыштарынан әлдеқайда жақсы ұшатынмын, сондықтан менімен абайлап сөйлесе бастады. Бірақ «мені қазақ» деп төмен санайтындарын әрдайым сезіп жүрдім. Ол кезде газеттерде қазақ азаматтарын «жоғары білімі болса да, шабан болып қой бағып жүр» деп мақтаған мақалалар көп болатын. Соларды оқыған сәтте біз қазақ не болдық деп қапаланатынмын», деді ғарышкер.

«Бір күні радиодан Бибігүл Төлегенованы тыңдадым. Міне, жапырақтай қыз Қазақстанды қандай биікке шығарып жатыр деп ойладым. Сол кісіні үлгі тұттым. 1991 жылы Мәскеуде алғаш рет наурызды өткізген кезде, ол кісінің кешке қарай Алматыға ұшатынын біліп, елшіліктің қонақ үйіне бардым. Бір құшақ раушан гүлін алып бөлмесіне барып, ол кісіні аэропортқа дейін шығарып салғым келетінін айттым. Ол кісі сәл ойланып, жарайды, деді. Костюмімді шешкен кезде орденім көрініп қалды. Ол кісі маған «не себепті мені аэропортқа дейін апарғың келеді, уақытың көп пе?», деді. Мен уақытым тығыз екенін, алайда, бір жағдайға түскен кезімде сол жағдайдан мені сіздің әндеріңіз, ғажап даусыңыз алып шықты, мына орден-жұлдыз сол әндеріңіздің әсері, дедім. Бибігүл Төлегенованы радиодан естіп едің, енді мәшинеде тыңда деп аэропортқа жеткенге дейін 40 минут ән шырқады», деді ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.