Тағайындау • 02 Қазан, 2023

Нұрлыбек Жеңісбекұлы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы болды

3671 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Президент Әкімшілігінің келісімімен Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Нұрлыбек Жеңісбекұлы тағайындалды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов  аппарат ұжымына жаңа басшыны таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрлыбек Жеңісбекұлы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы болды

Нұрлыбек Жеңісбекұлы 1988 жылы туған. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін бітірген. Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясынан халықаралық қатынастар магистрі дәрежесін алған. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан» телеарнасында тілші болып бастаған. Әр жылдары облыстық және республикалық телеарналарда редактор, сарапшы қызметін атқарған. 2013-2017 жылдар аралығында Шымкент қаласы және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдерінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі болған.

2017 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің баспасөз хатшысы, 2018 жылы Энергетика министрлігі Стратегиялық және ақпараттық даму департаменті директорының орынбасары, 2020-2022 жылдары аралығында Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2022 жылдың ақпан айынан осы тағайындауға дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.