1991 жылдың 2 қазанында Байқоңыр ғарыш айлағынан Кеңес Одағының ең соңғы 72-космонавты – қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров алып кеңістікке шықты. Кеңестік-аустриялық халықаралық экипаждың құрамында ғарыштық ғылыми зерттеу жүргізген топ 2-10 қазан аралығында орбиталық «Мир» стансасында болып қайтты.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Қазақстанның Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ның еңбегі сіңген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровтың өнегелі өмірінен сыр шертетін «Ер Тоқтар» кітабы жарық көрді. Авторы – белгілі журналист Талғат Сүйінбай.
Эссе, сыр-сұхбат, құжат-қоржын сынды үш бөлімнен тұратын кітапта ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлының осыдан 32 жыл бұрын ғарышқа ұшқан жұлдызды сапарынан бастап, бүгінге дейінгі өнегелі өмір жолы сипат-
талады.
Кітап авторы тұңғыш ғарышкер туралы шығарма жазуға қалай келгенін төмендегіше баяндайды: «Ғарышкер туралы мүйізі қарағайдай жазушылар (орысы бар, қазағы бар – Мәскеуі бар, Алматысы бар!) жазбақ ниет танытқан. Барған. Батыр бірқатар әңгімелесу, сырласудан соң кейіпкер ретінде «Жоқ!» деп жауап берген. Осының бәрін өз аузынан естігенде кәдімгідей жүрексініп қалдым. Кері шегінерге жол жоқ! Оның үстіне Тоқаңның өмірі оқиғаға тұнып тұр. Тақырыпқа мүлдем басқа қырынан келдім. Сайттардан тікелей ол сынаған дыбыстан озған дүлей ұшақтардың техникалық мінездемесін оқыған сайын, ағамыздың болмысы тіпті қызықтыра түсті. Журналист екенімді ұмытып, ол үшін жанкүйер қазақ ретінде қуандым. Сарайым ашылды», дейді Талғат Сүйінбай.
Көзіқарақты оқырман бұл кітапты журналист Талғат Сүйінбайдың 2004 жылы жарық көрген «Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» атты ғұмырнамалық-деректі эссенің жалғасы деп ойлауы заңды да. Себебі Қазақ батырының кейінгі 20 жылға жуық кезеңдегі өмірінің күнгей мен көлеңкелі тұсы, саясаттағы «тар жол тайғақ кешуі» де баяндалады.
«Алматы» баспасынан жарық көрген кітаптың редакторы – «Egemen Qazaqstan» газетінде жарты ғасырға жуық еңбек сіңірген белгілі журналист-жазушы Гүлзейнеп Сәдірқызы.