Күрес • 03 Қазан, 2023

Балуандар бабында ма?

266 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Белградтағы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін Біріккен күрес әлемі (UWW) өз рейтингін қайта жаңартты. Сербияның астанасында атой салған саңлақтар үздіктер тізімінде бірнеше сатыға жоғарылап, жалпы есептегі жағдайларын жақсартса, сәтсіз өнер көрсеткен немесе жарысқа мүлдем қатыспаған ­балуандар, керсінше төмен қарай құлдилады. Ал біздер үшін ең қуанышты жағдай – ТОП-10-дықтың қатарында Қазақстанның 10 өрені бар.

Балуандар бабында ма?

АҚШ-тың апайтөстері айбарлы

Отандық еркін күрес шеберлері арасынан ең үздік көрсеткішке 86 кг салмақ дәрежесінде күш сына­сып жүр­ген Азамат Дәулетбеков қол жеткізіп отыр. 29 жастағы Семей өңірінің тумасы соңғы екі жылда Азия біріншілігін екі мәрте ұтып, әлем чемпионатында екі рет қола жүлдегер атанды. Сербияның астанасында жалауы желбірген дүниежүзілік додада Азамат келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарының лицензиясына иелік етті.

Дәл сол Белградта айды аспанға бір-ақ шығарып, күрестің осы түрінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чем­пионы ретінде есімі тарихта қалатын Ризабек Айтмұхан 92 кг салмақта үшінші сатыға жайғасты. 19 жастағы жампоз күні кеше ғана олимпиадалық салмаққа ауысатынын жария етті. Ал ол жерде Азия чемпионатында төрт рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Рио Олимпиадасында бақ сынаған Әлішер Ерғали бар. Сақа спортшы оңайлықпен өз орнын ешкімге бере қоймайтыны анық. Яғни алдағы уақытта 97 кг салмақ дәре­жесінің тізгінін ұстауға кімнің лайық екенін қос саңлақ өзара айқаста анық­тайды. Қалай болғанда да, қазақ спорты одан еш ұтылмайды. Өйткені бәсе­келестік бар жерде нәтиженің де болатыны белгілі.

Белградта бесінші орынды қа­нағат тұтқан Болат Сақаев 79 кг салмақ­тылардың арасында алтыншы орынға табан тіреді. Ал өзге жерлестеріміз мынадай сатыларға жайғасты: Мейрамбек Қартбай (57 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Бекзат Үркімбай (97 кг), Юсуп Батырмұрзаев (125 кг) – 12, Әлішер Ерғали (97 кг) – 13, Дархан Есенғали (74 кг) – 14, Рахат Қалжан (57 кг), Өсімжан Дастанбек (61 кг) – 16, Санжар Досжанов (70 кг) – 18, Нұрболат Абдоллаев (61 кг) және Әділ Оспанов (65 кг) – 19 орын.

Еркін күресте АҚШ-тың адуыны өте күшті. Американың 12 апайтөсі ТОП-10-дыққа еніп отыр. Ең ғажабы, солардың бес балуаны әлемдік рейтинг­те көш бастап тұр. Екінші орында – Грузия құрамасы. Қап тауының ­9 қы­раны күштілердің қатарына қо­сыл­са, екеуінің өзгелерден оқ бойы озық. Иран командасы үшінші орынды иеленуде. Парсы елінің 8 пехлеваны үздіктер санатында. Моңғолия, Әзербайжан және Түркияның да тасы өрге домалап тұр. Олардың 6 оғыланы дәл сол межеден көрінуде. Сондай-ақ үздік ондықтың қа­тарына мына мемлекеттердің мар­қас­қалары енді: Өзбекстан мен Жапония – 5, Қырғызстан, Армения, Словакия, Польша – 4, Мажарстан, Ресей, Қазақ­стан – 3, Сербия, Қытай, Пуэрто-Рико, Украина, Бахрейн – 2, Алба­ния, Аргентина, Болгария, Израиль, Грекия, Сан-Марино, Германия және Италия – 1.

 

ТОП-3 (еркін күрес)

57 кг: 1. Стефан Мичич (Сербия), 2. Зелимхан Абакаров (Албания), 3. Ванхао Цу (Қытай). 61 кг: 1. Шота Партенадзе (Грузия), 2. Тайырбек Жұмашбекұлы (Қырғызстан), 3. Виталий Оруджев (АҚШ). 65 кг: 1. Исмаил Мусукаев (Мажарстан), 2. Себастьян Ривера (Пуэрто-Рико), 3. Рахман Амоузадхалили (Иран). 70 кг: 1. Зеин Ризерфорд (АҚШ), 2. Ерназар Ахматәлиев (Қырғызстан), 3. Арман Андреасян (Армения). 74 кг: 1. Кайл Дэйк (АҚШ), 2. Сонер Демиртас (Түркия), 3. Таймұраз Салказанов (Словакия). 79 кг: 1. Мохаммад Ноходи (Иран), 2. Василий Михайлов (Украина), 3. Владимир Гамкрелидзе (Грузия). 86 кг: 1. Давид Тэйлор (АҚШ), 2. Азамат Дәулетбеков (Қазақстан), 3. Хасан Яздани (Иран). 92 кг: 1. Мирани Майсурадзе (Грузия), 2. Осман Нұрмагомедов (Әзербайжан), 3. Ризабек Айтмұхан (Қазақстан). 97 кг: 1. Кайл Снайдер (АҚШ), 2. Магомедхан Магомедов (Әзербайжан), 3. Гиви Матшарашвили (Грузия). 125 кг: 1. Таха Ақгүл (Түркия), 2. Гено Петриашвили (Грузия), 3. Әмір Хоссейн Аббас (Иран).

 

Түріктердің тасы өрге домалады

Грек-рим күресін серік еткен төрт жерлесіміз ТОП-10-дықтың қатарында. Солардың арасында Нұрсұлтан Тұрсы­новтың өзгелерден көші ілгері. 87 кг салмақ дәрежесінде күш сынасатын 32 жастағы әккі балуан Азия чемпионаттарында 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді олжалады. 2021 жылы Токио Олимпиадасында бақ сынады. Күні кеше ғана Тұрсынов Белградтағы әлемдік додада өнер көрсетті. Сол жарыста Қазақстанның «классиктері» арасынан жалғыз өзі ғана Париж Олимпиадасының жолдамасын қоржынға салды. Қазіргі кезде Нұрсұлтан әлемдік рейтингте үздік үштікті түйіндеп тұр.

55 кг салмақтағы Аманғали Бекбо­латов бесінші орынды еншілесе, Марлан Мұқашев сегізінші сатыға жайғасты. Бұл балуандардың ересектер сайысында әлі де орасан зор табыстарға қол жеткізе алған жоқ. Десек те Аманғали былтырғы әлем чемпионатында бесінші орынға табан тіресе, Марлан биыл дәл сол межеден көрінді. 72 кг салмақтағы Ибрагим Магомадов сегізінші орынға тұрақтады. Былтыр ол Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері арасынан Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында жалғыз өзі бас жүлдені олжалады. Биылғы Белградтағы әлемдік додада Ибрагим жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Ал Қазақстанның өзге балуандары UWW рейтингінде мынадай орындарды иеленуде: Демеу Жадыраев (77 кг) – 11, Мұхамедәлі Мамырбек (63 кг) пен Диас Қален (82 кг) – 12, Айдос Сұлтанғали (60 кг) – 14 және Нұрсұлтан Базарбаев (60 кг) – 20 орын.

Әлемдік рейтингтің ТОП-10-дығын­да Әзербайжанның 10 апайтөсі бар. Түркияның 8 тарланы сол тізімде. Иран, Грузия, Мажарстан және Сер­бия­ның сайыпқырандары да сенім үде­сінен шығуда. Олардың жеті жігіті мықтылар санатында. Өзбекстан мен Қытайдың да қарқыны жаман емес. Бұл мемлекеттердің алты апайтөсінің айдарынан жел есіп тұр. Сондай-ақ үздіктер тізіміне мына елдердің өрендері енді: Армения – 5, Қазақстан, Молдова – 4, Румыния, Қырғызстан, Болгария, Куба – 3, Жапония, Аустрия, Украина, Норвегия – 2, АҚШ, Франция, Германия, Швеция, Дания, Чехия, Италия, Мысыр және Литва – 1.

Сапа жағына келер болсақ, бұл ретте Түркияның тасы өрге домалап тұр. Қазіргі кезде Анадолы елінің үш бірдей апайтөсі әлемдік рейтингте алдына жан салар емес. Олар – Селжук Кан (72 кг), Бұрхан Ақбұдақ (82 кг) және Әли Шыңғыс (87 кг). Әрине, оған еш таңдануға болмайды.Өйткені түріктерде жеңіспен өрілген бай дәстүрі, мықты бапкерлік мектебі мамандандырыл­ған ғылыми-зерттеу институттары бар. Бір сөзбен айтсақ, аталған мемле­кетте балуандық өнердің дамуына қолай­лы жағдайдың барлығы жасалған. Соның арқасында Түркияда жалынды әрі қарулы жастардың қалың шоғыры бірінен кейін бірі шығып жатыр.

UWW рейтингтің көшбасшылары қатарында Әзербайжан мен Қырғыз­станнан екі-екі балуаннан бар. Олар – Елдениз Әзизли (55 кг) мен Хасрат Жафаров (67 кг) және Жоламан Шар­шенбеков (60 кг) пен Ақжол Мах­мұтов (77 кг). Оған да еш таңдан­баймыз. Күні кеше ғана Белградта аяқталған әлем чемпионатында Қап тауының қырандары 2 алтын мен 3 күміс алып, жалпы командалық есепте бірінші орын алса, қоржынында қос алтыны бар Алатаудың арғы бетіндегі көршілеріміз үздік үштікті түйіндеді. Міне, бұл күндері грек-рим күресінде осы мемлекет өкілдерінің асығы алшысынан түсуде.

 

 ТОП-5 (грек-рим күресі)

55 кг: 1. Елдениз Әзизли (Әзер­байжан), 2. Нугзари Цурцумия (Грузия), 3. Пойа Дадмарз (Иран). 60 кг: 1. Жоламан Шаршенбеков (Қырғызстан), 2. Лигуо Цао (Қытай), 3. Кенеширо Фумита (Жапония). 63 кг: 1. Лери Абуладзе (Грузия), 2. Грачья Погосян (Армения), 3. Талех Мамадов (Әзербайжан). 67 кг: 1. Хасрат Жафаров (Әзербайжан), 2. Джони Хецуриани (Грузия), 3. Луис Орта Санчес (Куба). 72 кг: 1. Селжук Кан (Түркия), 2. Ибрагим Гане (Франция), 3. Әли Арсалан (Сербия). 77 кг: 1. Ақ­жол Махмұдов (Қырғызстан), 2. Мал­­хас Амоян (Армения), 3. Золтан Левай (Мажарстан). 82 кг: 1. Бұрхан Ақ­бұдақ (Түркия), 2. Рафиг Хусейнов (Әзер­байжан), 3. Ярослав Фульчагов (Ук­раина). 87 кг: 1. Әли Шыңғыс (Түр­кия), 2. Давид Лосонци (Мажарстан), 3. Нұр­сұлтан Тұрсынов (Қазақстан). 97 кг: 1. Артур Алексанян (Армения), 2. Мұхам­мадхади Сарави (Иран), 3. Кирилл Милов (Болгария). 130 кг: 1. Әмин Мырзазаде (Иран), 2. Риза Каяалп (Түркия), 3. Алин Алексук-Чурариу (Румыния).

Міне, грек-рим күресі мен еркін күрестегі бүгінгі жалпы жағдай осындай. Спорттың осы екі түрі бойынша ТОП-10-дықтың қатарына енген жеті жер­лесіміз жайында біз жоғарыда азды-кемді әңгімеледік. Айтпақшы сол тізім­де тағы үш бұрымдымыз бар. «Олар кімдер?», «Әйелдер күресінде қай коман­даның көші ілгері?» немесе «Қай елдің қарқыны бәсең?» деген сауал­дардың жауабын газетіміздің келесі сан­дарының бірінде жазамыз.