Үкімет • 03 Қазан, 2023

«Келешек» – білім инвестициясы

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысы­ның Сайлауалды бағдарлама­сы мен Жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шаралар қаралды.

«Келешек» – білім инвестициясы

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланыс­ты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің едәуір артатынын атап өтті. Бүгінгі таңда мемлекет­тік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын грантпен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға дейін қысқарады. Бұл ретте министрлік 2020 жылдан бастап жыл сайын гранттар санын орта есеппен 10%-ға ұлғайтады.

Осыған байланысты Мемлекет бас­шысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білімді қол­жетімді етудің қосымша тетігі ретінде қол­даныс­тағы қолдау шараларын біріктіретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу бас­талды.

Аталған жүйе шеңберінде балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осы­лайша, айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады.

Сонымен қатар халықтың әлеу­меттік осал топтарын қолдаудың қосымша шара­лары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған.

Бұған қоса Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында қаражат жинақталады, бұл кейіннен қаражатты бір жерге шо­ғырландыруға, таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік береді.

Оқушылар ҰБТ тапсыру қоры­тындысы бойынша үміткер бола алатын мемлекеттік білім беру гранттарын бекіту жүйесі сақ­та­л­атыны атап өтілді. «Келешек» жүйесі аза­маттарды қолдаудың қосымша тетігі бол­­мақ. Бұл ретте талапкер грантқа түс­кен жағдайда, шотында жинақталған қа­ра­жатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Министр жүйені құру аясында бар­лық жинақтау үдерісін цифр­ландыру, толы­ғымен ашықтықты қамтамасыз ету және тиісті модульді екінші деңгейдегі банктердің қосым­шаларына интеграциялау көзделіп отырғанын атап өтті.

Жоспарланған іске асыру тетіктері туралы «Қаржы орталығы» АҚ басқар­ма төрағасы Асқар Ибраимов айтып берді. Тақырып бойынша Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүй­сенова түсініктеме берді.

Премьер-министр «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі еліміздегі отбасылардың барлығына қатысты екенін атап өтті.

«Жүйеде мемлекеттен берілетін бас­тапқы капитал, ата-аналардың ерікті салымдары, инвестициялық кіріс және мемлекеттік сыйақы қарас­­тырылған. Осылайша, жеңіл­детілген білім беру несиелері­нің интеграциясын ескере отырып, «Келешек» бірыңғай ортақ жинақтау жүйесінде мемлекеттік қолдау шаралары шоғырландырылады. Оқу­ға түскенше жинақталған қаражат жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етуге мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы атап өткендей, елдің әл-ауқаты мен бәсекеге қабі­леттілігі халықтың білім деңгейіне тікелей байланысты. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, экономика өсімі­нің 16%-ы физикалық капитал­­­ға, 20%-ы табиғи капиталға, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік капитал­ға бай­ланысты.

Үкімет басшысы мемлекет бұған дейін де жастарға жоғары білім алуға жан-жақты қолдау көрсеткенін атап өтті. Мәселен, кейінгі 6 жылда университеттерде оқуға арналған гранттар саны іс жүзінде 2 есе өсті.

«Биыл 73 мыңнан астам грант (бакалавриат) бөлінді, 2017 жылы бөлінген грант саны 38 мыңнан астам болған. Сондай-ақ үш жыл ішінде бір білім алушыға жұмсалатын қаражат көлемі 2019 жылғы 420 мың теңгеден 2023 жылғы млн теңгеге дейін екі есе өсті», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар 2019 жылдан 2022 жылға дейін туу көрсеткішінің өсуін ескере отырып, 2040 жылға қарай 18 жастағы азаматтар саны айтарлықтай өседі деп күтілуде. Бұл ретте грант санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейді.

«Келешек» осы мәселелерді шешуге көмектесуі керек. Білім берудің қолжетімділігі мен сапасы ресурстарды шоғырландыру және мемлекет, бизнес, оқу орындары мен азаматтар арасында жауапкершілікті бөлу есебі­нен қамтамасыз етіледі. Бұл бірінші маман­дықты алғанға дейін балаларды толық қолдауға мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр «Келешек» жүйесін келесі жылы енгізу қажет екенін атап өтті. Осыған байланыс­ты ұсынылып отырған шараларды кеңінен талқылап, жүйенің әрекет ету тетігін жан-жақты пысықтау талап етіледі.

«Бұл тек министрлік үшін емес, сондай-ақ халық пен барлық қатысушы үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек», деп түйіндеді Үкімет басшысы.