Қаржы • 03 Қазан, 2023

Құн салығының мөлшері арта ма?

333 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшер­лемесін көтеру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ұлттық экономика минис­трлігінің жоспары бойынша ҚҚС мөлшерлемесі қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуге тиіс. Министрлік ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке 2,4 трлн теңге түсіреді, сондай-ақ көрші елдерден жеткізілетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Алайда сарапшылар қауымы бұл уәжбен келіспейтін сыңайлы.

Құн салығының мөлшері арта ма?

Қосымша құн салығы мәселесін биылғы Жолдауда Президент те қозғады. «Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформа­ның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қа­жет. Мұндағы міндет – бюджеттің екін­ші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру. Кәсіп­керлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәсе­лені шұғыл шешуге тиіс», деген еді Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жәркеновтің айтуынша, ҚҚС-тың көте­рілуі тауарлар мен инфляцияның күрт көтерілуіне әкеледі. Оған қоса салдарынан шағын бизнес ортаға, орта бизнес ірі субъектіге айнала алмай қалады.

«Учет.кз» құрылтайшысы Максим Барышевтің де ойы ұлттық палата ұста­нымымен үндеседі. «Бұл шара өсуге емес, Қазақстандағы бүкіл кәсіпкерліктің құл­дырауына әкеледі», дейді. Айтуынша, өзге елдер­дің ҚҚС мөлшерлемелері бізден тө­мен. Мысалы, Өзбекстанда ҚҚС мөлшер­лемесі – 12 пайыз, Қытайда –
13 па­йыз, Қырғызстанда – 12 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 10 пайыз, БАӘ және Канадада 5 пайызды құрайды.

«Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов бізге мөлшерлемені көтеруге түрткі болған дәйектер мен талдаулар көбірек керек деген пікірде.

«Сараптама ҚҚС не үшін көтеріліп жатқанын түсіну үшін керек. Алдын ала есептеуіміз бойынша ҚҚС мөл­шерлемесін көтеру инфляцияға әкеліп қана қоймай, нақты мәнде ІЖӨ-нің өсу қарқынын жылына 1 пайызға төмен­детуге әкеледі. Бұл жайт Мемлекет басшысының ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға қауіп төндіреді. Бізге көбірек дәйек керек», деді «Атамекен» ҰКП басшысы Р.Баталов талқылау барысында.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин жаңа Салық кодексіне ұсыныстар әзірлеу кезінде ҚҚС мөл­шер­лемесін белгілеудің бірнеше нұс­қа­сы, оның ішінде оны саралау қарас­ты­рылғанын атап өтті. Алайда олар­дың барлығы фискалдық функцияға – мем­лекеттің қаржы ресурстарын қалып­тастыруға жауап бермеді.

«Бірінші кезекте фискалды функция – нысаналы трансферттің орнына қосымша 2,4 трлн теңге. Оны біз қазір жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде Ұлт­тық қордан алып отырмыз. Енді қордан алмайтын боламыз. Мемлекеттің шығы­ны артып келеді. Жыл сайын біз бюджет секторына 3,5 трлн теңгеге жуық қара­­жат жұмсаймыз. Атап айтқанда, «Биз­нес­тің жол картасы», «Қарапайым зат­тар экономикасы» бағдарламалары, ауыл шаруашылығы. Екінші мәселе, ҚҚС – кәсіпкерлердің салығы емес. Бұл сіздер­ге салынатын салық жүктемесі емес. Бұл – жанама салық, салық жүктемесі коэф­фи­циентінде ол жоқ. Бизнеске мүлде тиі­сіп жатқанымыз жоқ, бұл тұтынушы жүкте­месі», деп түсіндіреді министрлік өкілі.

Спикер бұл Ұлттық экономика минис­трлігінің ұстанымы екенін, оны Үкімет ұстанымы деп қабылдау әлі ерте екенін де ескертті.

Қазақстанның тәуелсіз бизнес одағы басқармасының төрағасы Берік Зайыров егер бюджетті толтырғымыз келсе, онда ше­карадан көлеңкелі тәсілмен өтіп жатқан тауарларды тауып, салықты соларға салайық деген ой айтады.

 «Кәсіпкерлер құжаты бар тауарды таппай жүр, елге құны төмен немесе контрабанда арқылы көп тауар келеді. Яғни бізде қазір ҚҚС-ты қайдан алуға болатын резерв бар. Егер осы тауарлардың бәрін ашық айналымға шығаратын болсақ, бюджет толығады. Кәсібін адал жүргізетін бизнесті қинамай, заңсыз айналымдардан бастау керек деп ойлаймын. ҚҚС-ты көтеруден орта бизнес және шағын бизнестің жоғарғы сегменті зардап шегеді. Өйткені микробизнес ҚҚС төлемейді. ҚҚС-ты ірі бизнес те төлемейді. Себебі онда ҚҚС-тан босатылған банктер, сату кезінде мөлшер­лемесі 0 пайыз болып бекітілген экспорттаушылар және арнайы инвестициялық келісімшарттар жасасқан ірі компаниялар бар. Прези­денттің өзі шағын және орта бизнеске қолдау білдірейік деп отыр. Ал біз айналып келіп дәл осы сегментке ауыр қысым жасай береміз», деді Берік Зайыров.

Сарапшы Айбар Олжайдың пікірін­ше, мемлекет орта мен шағын бизнес арасындағы сегрегацияны нақтылауға тырысатын сияқты.

«ҚҚС-тың қымбаттауы бір жағынан салықтың көп жиналуына, екінші жа­ғы­нан сол салыққа ілінбеу туралы ойла­­­натын кәсіпкерлердің көбеюіне алып келеді. Енді бюджет табысы мен көлеңкелі экономика арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру анағұрлым қиын­дай түспек», дейді.

Сарапшы Аягөз Ханетова болса, «көлеңкелі экономикаға» өтпеудің жолдары жақсы ойластырылса екен дейді:

«Себебі «Лаффер қисығы» бойынша салық мөлшерлемесін белгілі бір деңгейге дейін ғана көтеруге болады. Бұл жағдайда бюджет түсімдері ұлғаяды. Ал ол деңгейден асатын болса, салықтың артуы кері әсер беріп, көлеңкелі экономика ұлғайып кетеді. Яғни салықтың тым өсуі жаңа кәсіптің пайда болуына кері әсерін беріп, жеке бастамаларды басып тастайды, жаңа инвестицияларға құштарлықты төмендетеді. Салдарынан экономиканың даму қарқыны теже­леді. Дегенмен оңтайлы салық мөлшер­лемесін табу – теориялық тұрғыдан қиын жұмыс».

«Ауыл» партиясы төрағасының орын­басары Төлеутай Рахымбековтің ай­туынша, салық мөлшерлемесінің артуы бюжетті молайтады, алайда өнім­дердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосуы екіталай.

«Бәсекеге қабілеттілік – баға мен сапаның қатынасы. Кез келген тұтынушы бағасы арзан, сапасы жақсы тауар сатып алғысы келеді. Бұл жерде сапа туралы айт­пай­мыз. Ал егер ҚҚС-ты 12-ден 16 пайыз­ға көтеретін болсақ, тауар бағасы қай­тіп төмендейді? Бұл ретте «көрші елдер­ден импортталатын тауарлармен салыс­тырғанда отандық тауарлардың бәсе­кеге қабілеттілігі» қалай артады? Қа­ра­пайым мысал: ресейлік сүт зауыты айран­ды 100 теңге бағасымен өндірді. Ресей­дің ішінде ол кемі 118 теңге, өйткені 18 пайыз ҚҚС бар. Еліміздің сүт зауыты айранды 100 теңгемен өндіреді, сосын 112 теңгемен сатады, өйткені 12 пайыз ҚҚС бар. Ресейлік айран Ресей мен Қазақстан шекарасынан өтерде 18 пайыз ҚҚС-тан арылып, 100 теңгемен өтеді. Бірақ еліміз аумағында ол айран 112 теңгемен сатылады – шекарада 12 пайыз ҚҚС қосылады. Тура қазақстандық айран бағасымен бірдей болып шығады. ҚҚС 16 пайыз болғанда да тура осындай үдеріс жүреді, тек барлық өнім ҚҚС-тың 25 пайызға артуына орай қымбаттайды. Ал енді айтыңызшы, 116 теңгеге дейін қымбаттаған айран қалай ғана 112 теңге тұ­ратын айранға қарағанда бәсекеге қабі­летті болмақ?» дейді Төлеутай Ра­хым­беков.

Негізі Ресей мен еліміздегі жағ­дай бірдей, алайда оларда өңдеуші кәсіп­орындар үшін ауылшаруашылық ши­кізаты біршама арзанға түседі, себебі ауыл­шаруашылық өнімдерінің құны өте күшті субсидияланады дейді.

«Екіншіден, ҚҚС төлемейтіндерден, шаруа қожалықтары мен жеке қосал­қы шаруашылықтардан сатып алын­ған ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бо­йынша айналым ҚҚС-тан түбе­гей­лі босатылады. Айта кету керек, Ресейде де Қазақстандағыдай ауылша­руашылық өнімдерінің көп бөлігін ҚҚС төлемеушілер өндіреді. Бізде ҚҚС 16 пайыз болған жағдайда бәрі қым­баттайды: тамақ, дәрі, жолақы, комму­налдық қызмет, киім, тұрмыстық техника. Әсіресе импорттық өнімдер. Өйт­ке­ні импорттаушы шекарада ҚҚС-ты қа­зақстандық 16 пайыз мөлшер­лемесімен төлеуге мәжбүр», дейді сарапшы.

ҚҚС – кәсіпкер мен кәсіпорынның тауарына қосылатын қосымша салық. Үкімет бұл салықты бизнеске салғаны­мен, бизнес оны тұтынушыларға салады. Яғни ол өзі төлеуге тиіс пайызды өнімнің ақырғы құнына қосақтап, нәтижесінде ҚҚС-ты халық төлейді. Бастамаға қар­сы шығушылар осындай уәж айтып, келіспей отыр.