Кербез Көкше топырағында дүниеге келіп, өнер өрісінің қазақ даласында өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан тұғыры биік, рухы өршіл Арқа өңірінің ақиық дүлдүлдері – Ақан сері Қорамсаұлы мен Иманжүсіп Құтпанұлының шығармаларын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр өңірінен 12 әнші қатысып, бақ сынады.
Байқауға Біржан сал атындағы музыка колледжінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Саян Мұхамедияр (қазылар алқасының төрағасы), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Бисара Мәкенқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнер университетінің доценті, дәстүрлі әнші Толғанбай Сембаев, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі», дәстүрлі әнші Кенжебай Мұқышев, Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы Асхат Мағауин қазылық етті.
Өнерлі доданың қорытындысы бойынша ІІI дәрежелі диплом және 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен ақмолалық әнші Диана Алтайқызы, қызылордалық Нұртілек Ақтаев марапатталды. ІІ орын мен 500 мың теңге ақшалай сертификат көкшетаулық Төлеген Амановқа бұйырды. Ал Алматы облысының өкілі Ідірбай Байбақты І дәрежелі дипломға және 800 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Арқаның ән дариясы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауында үздік өнер көрсетіп, орындаушылық шеберлігін танытқаны үшін бас жүлде – 1 млн теңгенің ақшалай сертификатына және ұйымдастыру алқасының дипломына Абай облысынан келген әнші Таңат Мұқышев лайық деп танылды.
Сонымен бірге бірқатар әншіге ұйымдастыру алқасының дипломы мен 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді.