Қоғам • 03 Қазан, 2023

Көлікті ерікті сақтандыру арта түсті

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі жеңіл автокөлік саны 4,4 млн-ға жеткен. Бұл был­тырғы көрсеткіштен 11,4 пайызға немесе 444,6 мыңға артық. Соның арқасында автокөлікті сақтандыру нарығы да айтар­лықтай өскен: 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында автокө­лікті ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сыйлықақылар көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 63,9 млрд теңгені құрады, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бірден 2,4 есе көп.

Көлікті ерікті сақтандыру арта түсті

Салыстыру үшін айтар бол­сақ, былтыр сегмент бойынша жи­налған сыйлықақы көлемі небәрі 56,5 млрд теңгені құрады. КАСКО сыйлықақыларының көлемі бес жылда 5,6 есе, ал он жылда 11,9 есе өскен. Айта кетейік, жалпы сақ­тандыру қызметін көрсететін 16 сақтандыру компаниясының ішінде 14 компания ерікті мүліктік сақтандыруды ұсынады. Оның ішінде тек 10 сақтандыру компаниясы КАСКО-ны онлайн тіркеуді ұсынады, яғни іс жүзінде кез келген отандық автокөлік жүргізушісі үшін қолжетімді өнім.

Осы ондықтың ішінде 2023 жылдың қаңтар-шілде айла­рын­да жиналған КАСКО сыйлық­ақы­ларының көлемі бойынша 9,8 млрд теңге көлемімен «Еуразия» сақтандыру компаниясы көш бастап тұр. Жылдық өсу қарқыны айтарлықтай – 71 пайыз. Одан кейін «Халық» (8 млрд теңге) және Freedom Finance Insurance (6,8 млрд теңге) сақ­тан­дыру компания­лары келеді. Ай­тарлықтай көлем «НОМАД Иншуранс» сақтандыру ком­па­ниясында да (5,5 млрд теңге) бар.

Бір қызығы, автокөлікті ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының барлық түсімінен алынған сый­лықақы үлесі 2022 жылғы қаң­тар-шілдеде 5 пайыздан 2023 жылғы қаңтар-шілдеде 9,3 па­йызға дейін көбейген. Сонымен қатар ерікті мүліктік сақтандыру бойын­ша сыйлықақылар есебінен авто­көлікті сақтандыру бойынша сый­лықақылардың үлесі 12,1 па­йыз­дан 21 пайызға дейін артыпты.

Шын мәнінде, бүгінде авто­көлікті ерікті сақтандыру сегменті жедел қарқынмен дамып, елдің сақтандыру нарығындағы сал­мағын айтарлықтай арттырып жатқаны анық. Сонымен бірге бұл факт көлік құралдары ие­ле­рінің азаматтық-құқықтық жа­уап­кершілігін міндетті сақ­тандыру және КАСКО сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар кө­ле­міндегі алшақтықты көр­сетеді.

Мәселен, 2023 жылғы қаң­тар-шіл­деде автокөлік ие­лерінің аза­маттық-құқықтық жауап­кер­шілігін міндетті сақ­тан­дыру бойын­ша сыйлықа­қы­лардың түсуі 68,7 млрд теңгені құрады, бұл КАСКО бойынша сыйлықақы көлемінен небәрі 7,4 пайызға көп. 2022 жыл­дың қаңтар-шілде айларында мін­детті сақтандыру саласындағы сыйлықақылар көлемі КАСКО бойынша сыйлықақылар көлемінен бірден 2,4 есе жоғары болды. Жыл­дық динамикада автокөлік иелерінің азаматтық-құ­қықтық жа­уапкершілігін мін­детті сақтандыру бойынша сый­лықақылар 11,1 пайыз ғана өсті, бұл КАСКО сегментінің өсу қар­қынынан айтарлықтай төмен.

КАСКО-ға деген қызығушы­лықтың жылдам артуы халық­тың автокөліктері үшін ерікті сақ­­тандыруды таңдаудағы хабар­дар­­лығының өсіп келе жатқанын көрсетеді.