Құқық • 03 Қазан, 2023

Борышкерлер қарызы – 7 млрд теңге

200 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде 132 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал 76-сының лицензиясы уақытша тоқтатылса, 16 тұлғаға түрлі заңды әрекеттер мен құжаттарды куәландыруға шектеу қойылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді.

Борышкерлер қарызы – 7 млрд теңге

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Елмізде нотариустардың жалпы саны 4 705 болса, олардың 248-іне лицензия берілген. Қазір елде 5 997 адвокат бар. Олардың 288-іне лицензия берілген. Түрлі негіздер бойынша 18-інде лицензия тоқтатылды, 22-сінде ли­цензия уақытша тоқтатылды, біреуі лицензиясынан айырылды. 25 адвокат тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылды. Әді­лет департаменттері 2 331 адво­кат­тар­мен және заң кеңес­ші­ле­рі­мен тегін заң көмегін көрсету туралы келісімдер жасады. 2023 жылға арналған қаржыландыру жоспары бойынша тегін заң көмегін көрсетуге республикалық бюджеттен 2 млрд 719 млн 506 мың теңге бөлінді», деді министр.

Бүгінде республикада 263 мемлекеттік және 2 111 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Олардың өндірісіндегі істердің жалпы құны 20 трлн теңгеге жуықтаған. Оның ішінде 4 па­­йызы алимент төлеуден жалтарып жүргендерге тиесілі. Сон­дық­тан 7 219 азаматтың шетелге шығуына тыйым салынған. Бұл елі­мізді алимент өндіріп алу мә­се­лесінің әлі де өткір екенін аң­ғартады. Өйткені борыш­кер­лердің қарызы 7 млрд тең­геге жеткен. Оның үстіне бұл үде­ріс­тің бала кәмелетке толғанға де­йін созылатындығын да естен шы­ғармау керек.

«Орындалып жатқан өндіру­лер­дің үлесінен 13 316 құжат (5%) проблемалық өндіру болса, 6 072 (46%) құжат бойынша қарыз мүлде өтелмеген. Мә­селен, 2023 жылдың 6 айын­да алимент төлеу бойынша сот актілерін орындамағаны үшін
2 861 борышкер әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылса, 7 219-ына елден шығуға уақытша тыйым салынды. Алимент өндіру бо­йынша барлық проблемалық атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушылар мәжбүрлеу шараларын қолданады. Кейбір жағдайда борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауына байланысты алимент өндіру қиынға соғады. Осыған орай облыстық әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесе отырып, борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізіп тұрады. Мысалы, 2023 жылдың 8 айында республика бойынша 2 101 борышкер жұмысқа орналастырылды», деді ол.

Кейінгі кезде бұқаралық ақ­па­рат құралдарында, әлеу­мет­­тік желіде авторлық құ­қық­қа қатысты дау-дамайлар кө­­бейіп кетті. Көпшілік заңға жүгінгеннің өзінде заң солқыл­дақ екенін айтады. Жыл басынан бері зияткерлік меншік ие­ле­рі плагиат бойынша Әділет министрлігіне 60-қа жуық шағым түсірген. Тексеру жұмыстары жүргізіліп, жалпы құны 24 млн теңгеге тең 52 ав­торлық құқық бұзушылық анық­талған. 12 мыңға жуық кон­тра­­фактілік тауар тәркіленіп, 41 адам әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған. Осы­ған бай­ланысты Азамат Есқараев ав­торлық құқықтың енді қатаң сақ­та­латынын айтты.

«Елімізде зияткерлік меншік саласын дамытуға баса назар аударылып келеді. Алайда бұл салада патент беру, еліміздің мүддесін дүниежүзілік деңгейде қорғау сынды мәселе бар. Осы мақ­сатта патенттерді, тауар бел­гі­­лерін және өнеркәсіптік үлгі­лер­ді тіркеудің ұлттық жүйе­сін жетілдіру жұмысы жүр­гі­зіліп келеді. Дүниежүзілік зияткерлік меншік құқықтарын қорғау ұйымымен бірге өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде апорт алмасын географиялық көр­сет­кіш ретінде тіркеу де бар», дейді министр.

Естеріңізде болса, биыл 30 мамырда Мемлекет басшысы «Ақпараттық және телекомму­ни­ка­циялық желілердегі автор­лық және сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды қорғау және қорғау жөніндегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынты­мақ­­тастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойды. Келісім цифрлық ортада зияткерлік құқықтарды қорғау және қамтамасыз ету са­ла­сында, оның ішінде осы саладағы ұлттық заңнаманы үй­лестіру арқылы туындайтын мәсе­лелерді шешудің бірыңғай тәсілдерін белгілейді. Осыған орай ведомствода қызметтерді цифрландыру, халықаралық ынты­мақтастықты кеңейту және авторлар мен пайдаланушыларды оқытуға да мән берілген.

Кей заң жобасының қазақ тіліндегі нұсқасы түсініксіз жазылатыны жасырын емес. Бұл – бұрыннан айтылып келе жатқан түйт­кілдің бірі. Осы орайда Әді­лет министрі мәселені шешу жұмыстары бірнеше жылдан бері нақты қолға алынғанын, мем­лекеттік органдардың кейбірі заң жобаларын «Google Translate» арқылы аудара салған кездер де жиі болғанын атап өтті.

«Рас, бұл – өте көкейкесті мәселе. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тілдер туралы заңда да іс жүргізу тілі мемлекеттік тіл деп жа­зылған. Сондықтан заң нор­маларына сәйкес іс-шаралар қабылдануы керек. Біраз жыл бойы заң жобалары орыс тілін­де жазылып, дайындалып келді. Тіпті мемлекеттік тілге «Google Translate» қосымшасы арқылы аудара салған жағдайлар да тір­кел­ген. Бұл мәселені мемлекеттік органдардың басшылары өзде­рінің қадағалауына алуы керек», деді Азамат Есқараев.

Уәкілетті орган заң жобала­рының сапасын жақсарту, сараптамасын арттыру жұмыстарын қолға алып, нақты әрі жүйелі шешім қабылдаған. Бұған қоса Мемлекет басшысының норма шығару үдерісінің сапасын арттыру бойынша тапсыр­масын орындау негізінде ведомст­во­ара­лық комиссияның жұмысы да жүйелендірілген.

«Өздеріңіз білетіндей, әділет органдары мемлекет қызметінің құқықтық қамтамасыз етуін жү­зе­ге асырады. Заң жобалау жұ­мыс­тарының жоспарында биыл 28 заң жобасын әзірлеу мақсаты тұр. Оның ішінде 17-сі Парламенттің қарауында. Осы айда 2 заң жобасы Парламентке енгізілуге жатады. Президент тапсырмасы бойынша Қылмыстық істер, Қылмыстық-процесуалдық кодекстері және Әкімшілік әділет жұмысын жақсарту бойынша Пар­ламентке 3 заң жобасын енгіз­ді. Депутаттық корпустың аты­нан біраз заң жобалары енгізілген. БАҚ құралдары қазіргі таңда ведомствоаралық, заң жобалау комиссияларына келіп заң шығаруға бастамашылық ететін мемлекеттік органның өкіліне сұрақ қойып, өзін қызықтырып жүрген мәселелердің басын ашып алады. Біздің спикерлер заң жобасының нақты мақсатын және қандай тетіктермен шешетінін баяндауға міндетті», деді спикер.

Ерекше бақылауда тұрған мәселелердің бірі – заңсыз иемдеген активтерді мемлекетке қай­тару. Орталық коммуникация­лар алаңында Әділет министрі Азамат Есқараев осы заңның мақсат-міндетін тағы бір мәрте түсіндіріп өтті.

«Президенттің «Заңсыз алын­ған мүлікті мемлекет менші­гіне қайтару жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында осы жылдың 12 шіл­десінде «Заңсыз алынған мү­лік­ті мемлекет меншігіне қай­тару туралы» Заң және оған сәй­кес ілеспе заңдар қабылданды. Жо­баның негізгі мақсаты – ел ішінде және шетелдегі заңсыз алынған активтерді қайтару пара­метр­ле­рін анықтау. Заңның нормалары да заңсыз активтерді иемденуге және оны шетке шы­ға­руға мүмкіндік беретін те­тік­­терді жоюға бағытталған. Бұл заңның аясына әкімшілік-би­лік ресурстарының мүмкін­дік­­тері бар және соның нәти­же­сінде заңсыз баю мүмкін­дігіне ие болған шектеулі тұл­ға­лар тобы жатқызылады. Ак­тив­­терді қайтару жөніндегі іс-шаралар тізбесі заңда белгі­лен­ген жоғарыда аталған тұлға­лар­мен үлестес тұлғаларға да қол­данылады. Осылайша, заң ірі сыбайлас жемқорлыққа және әкімшілік-билік ресурстары субъек­тілерімен біріктірілген оли­гополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді. Заңда активтерді қайтарудың ерікті де, мәжбүрлі де тәртібі көзделген. Бұл ретте қылмыстық процесс шеңберінде және соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешім­де­рі негізінде заңсыз иемденілген активтерді тәркілеу мүм­кін­дік­тері сақталады. Бұл жерде әдіс­тер­дің бірін таңдау істің сипаты мен жағдайларына байланысты жүзеге асырылатындығын атап өткен жөн», деп министр сөзін түйіндеді.