Байқау • 03 Қазан, 2023

«Елім!» дегендердің сайысы

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Елім дегендер» байқауы басталды. Байқау Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында қазанның 1-і мен 20-сы аралығында ұйымдастырылуда. Оған әр өңірден 14 пен 35 жас аралығындағы өзге этнос өкілдері ғана қатыса алады.

«Елім!» дегендердің сайысы

– «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы үш жылдық гранттық жоба. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық сту­денттік бірлестігі іске асырып жат­қан жоба 2025 жылдың соңында аяқта­ла­ды. Осы орайда екі ауқымды конкурс өткізілмекші. Біріншісі – «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойы­ны, екіншісі – өзге ұлт өкілдері ара­сын­дағы «Елім дегендер» байқауы, – деді Азаматтық бастамаларды қолдау орта­лы­ғы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Арман Ашкин.

Жалпы, елімізде 130-дан аса өзге этнос өкілі тұрады. Жобаның басты мақ­саты – отандастарымыздың арасында мем­лекеттік тілді дәріптеу, қазақ тілінің қол­даныс аясын кеңейту. Үміткерлер алдымен өңірлерде іріктеледі.

– Байқаудың алғашқы кезеңінде әр қатысушы өзі таңдаған аталым бойынша өтінімдер жібереді. Өздеріне қатысты ақпаратты бейнеролик ретінде жіберуі шарт. Қазылар алқасының құ­рамында тіл мамандары, қоғам қай­рат­керлері, осы салада жүрген мықты мамандар болады. Олар қатысушыларды төрт ата­лым бойынша іріктейді. Бірінші, «Ақын­дар мүшәйрасына» қатысушылар – қа­зақ ті­лінде өлең жазатын өзге этнос өкіл­де­рі. «Көркемсөз өнері» – белгілі бір қа­зақ ақындарының, жазушыларының шығармаларын таңдап алып, өздері өлең оқып беруі қажет. Келесі «Аспаптық өнер» – қазақтың ұлттық аспаптарында шығармашылық композицияны орын­дап, өнер көрсетеді. Ал соңғысы – «Дәстүрлі ән» аталымы. Өңірлерден бейнема­те­риал­дардың сілтемесі elimdegender.kz@gmail.com поштасы ар­қылы қабылданады. Бейне­жазбаның ұзақтығы төрт минуттан аспауы қажет. Үздік деп танылған 100 қатысушы Ас­тана қаласында өтетін бай­қау­дың фи­на­лына жолдама алады, – дейді жоба жетекшісі Бибінұр Шербаева.

«Елім дегендер» байқауы қорытынды кезеңінің жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ орын иегерлері белгіленеді.

– І орын иегерлері 500 мың теңге мөл­шерінде сыйақыға ие болса, ІІ орын ие­гер­леріне 300 мың теңгені табыстаймыз. Ал ІІІ орын иегерлері 200 мың тең­ге­лік жүлдені еншілемек, – деді Бибінұр Шербаева.