Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның экологиялық қоры» «Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік және жеке қолдау шаралары туралы ауылдық аумақтардағы жастардың хабардарлығын арттыру» жобасын іске асырып келеді. Бағдарлама аясында ауылдарда арнайы жастар үшін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік және жеке қолдау шаралары түсіндірілетін бұрыштар ұйымдастырылады. Сондай-ақ қоғам белсенділері кейбір облыстарға қарасты ауылдық жерлерде NEET санатындағы азаматтарға арналған көшпелі дәрістер мен семинарлар өткізеді. Осылайша еңбек нарығындағы трендтер мен перспективалы кәсіптер туралы жан-жақты ақпарат беріліп келеді.
«Жоба аясында біз NEET жастарының үлесі жоғары өңірлердегі ауылдарда тұратын жастарға арнап қысқамерзімді курстарды ұйымдастырамыз. Мұнда 35 жасқа дейінгі жастар жұмыс іздеу, бизнес жүргізу дағдыларын, сондай-ақ цифрлық дағдыларды тегін меңгереді. Курс тыңдаушыларына SMM, таргет, маркетинг, интернет-коммерция, кәсіпкерлік, бизнес-жоспар әзірлеу негіздері, түрлі мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып береміз. Бүгінге дейін біздің курстардан Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты ауылдардың жастары өтті. 200-ден аса адам оқумен қамтылды. Жақын арада оқыту шараларын Түркістан облысының Шардара ауданы мен Шымкент қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз», деді жоба жетекшісі Айгүл Абдуалиева.
Бүгінде жастарға «Қазақстанның экологиялық қоры» 60-тан астам кеңес берген. Жоба жұмысы келер жылдың аяғында қорытындыланбақшы. Оған дейін екі қолға бір күрек таппай себепсіз сенделгендерге, баспанасыз сандалғандарға ақпараттық көмек +7 771 072 47 90 нөміріне қоңырау шалу арқылы да қолжетімді.
«Жедел желінің көмегімен жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тұратын жастарға 100-ден астам кеңес беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінге дейін біз 65 адамға тиісті консультация бердік. Жастарды негізінен «Бастау бизнес» гранттарын, жылдық 2,5 пайыз жеңілдігі бар шағын несие алу мәселесі қызықтырады», деді А.Абдуалиева.