Ол шығып кеткеннен кейін көрші келіншектен білгенімдей, реанимациядағы шала туған шақалағына кетіпті. Солай екі күн қатынады. Біз оған талай туысымыздың 6,5-7 айында туған шала шақалағы адам болып кеткенін айтып, үміт сыйлауға тырысатынбыз. «Соңғы рет УДЗ-ге түскенде балаға ауа жетіспей жатыр деп шұғыл операциямен баламды алды. Небәрі 700 грамм боп туған шаранам енді реанимацияда жатыр. Алдыңғы екі баламда омырау сүтім сұйық болып еді. Мына баламда қою болғанын қарамайсыз ба? Системадағы сәбиімді емізе алмай отырғаным мынау», деп күрсінді омырауын сауып отырып. Үйде екі баласы күтіп жүргенін айтып, көңілін аулаған болдық. Үшінші күні терезеге қарап тұрды. Есік алдында музыкалатқан, анимациялық киімдер киіп, қойылым қойып, билеп жатқан жұртты көріп тұр екен. Көзінен жастың аққанын өмір мен өлім арасындағы сәбиі есіне түскендіктен деп ойладым. Ойланып тұрғанда палатаға бөлім меңгеруші мен тағы бір кісі қоса кірді. Меңгеруші әлгі әйелге: «Сіз неге еміңізден бас тартып жатырсыз? Анализдеріңіз жақсы емес, сізге толыққанды ем алу керек. Бұдан кейін де бала көтеруге денсаулық керек қой», деді. Сол сәтте дыбыс шығармай жылап алған келіншек: «Маған енді ештеңенің қажеті жоқ. Ем алудың да мәні қалмады. Мені үйге жіберіңіз, қайтқым келеді. Мұнда сәбиім үшін ғана жүрдім, енді ол да ұстап тұрған жоқ, кеткім келеді», деп жылап жіберді. Жанымда пысылдап жатқан сәбиім аяқ-қолын қатты дауыстан ербеңдетіп кетті, балама қарап, амандығына шүкірлік етіп, жанардан ыстық жас төмен сырғыды. Е-е-е, біреу сыртта думандатып жатқанда, мұнда біреу жылап тұрады екен ғой, сөйтсем... Меңгерушімен қоса кірген психолог екен, ол шаранасынан айырылған анамен біршама әңгімелескен болды, бірақ жан жарасы жазылмаған күйі, емін соңына дейін алмастан, ботадай боздап, шетінеген сәбиін алып перзентханадан шықты.
Жақында Шымкент қаласындағы №2 аурухананың бас дәрігерінің айтқанын оқығанда, осы жайт ойыма оралды. Дәрігер Бақытжан Пазилов «Перзентханада ауыр босанған әйелдер ғана емес, шақалағы реанимацияда өмір мен өлімнің арасында жатқан немесе туа сала шетінеп кеткен аналар бар. Өзгелер сәбиін думандатып шығарып әкетіп жатқандағы олардың көңіл күйі қандай болары белгілі. Сондықтан артық шу-думанның орнына перзентхана ауласына бір көшет қондырып кетсеңіздер, біз әлгі талға шақалақтың аты-жөнін жазып қояр едік», депті.
Иә, кейінгі кезде перзентханадан ана мен баланы тойлатып шағарып алу сәнге айналды. «Байдың асын байғұс қызғанады» демеңіз, өзгенің көңіл көтергенін көре алмай тұрған түгіміз жоқ. Бірақ біреу өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқанда, екінші біреудің думандатқаны ерсі көрінеді. Тойласын, таласымыз жоқ, тек перзентханадан тыс жерде. Жоғарыдағы дәрігердің жап-жақсы ұсынысын тойлауды бәрінен артық көретіндер қолдар-қолдамасы белгісіз. Думандатудан бас тарта алмайтындарға тым болмаса ана мен сәбиді қуанып, үйінде қалағанынша музыкалатып, тіпті ат шаптырып күтіп алуға болатынын еске салғымыз келеді.
Әрине, түсінігі бар адам түйсігі жетіп ұғынар, дұрыс қабылдар. Ал қабылдамайтындарға, сөз өтпейтіндерге қатаң талап, қауқарлы заң керек. Өйткені сөзге біреу қонақ береді, бірі тоқтамайды. Сондықтан біздің ойымызша, перзентхананың маңында, ауласында думандатуға, музыкалатып, шулауға заңмен тыйым салынуға тиіс. Себебі Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, кейінгі бес жылда (2017-2021 жылдары)
16 мың 671 бала шетінеп кеткен, яғни жылына 3 мыңнан аса сәби жасқа жетпей бұл фәнимен қоштасқан. Ұлттық статистика бюросы былтырғы мәліметті әлі ашық дереккөзге шығармаған екен. Ал 2021 жылы 4 мыңға тарта (3 732) сәби 1 жасқа дейін өмірден өтіпті. Бұл санақтың сыртында небір ауыр диагнозбен туған балалар, бала үстінде қайтыс болған әйелдер, түрлі тағдырлар бар. Түрлі тағдырдың артында шығарып алатын адамы жоқ немесе шар мен торт түгілі қажет дәрісін алуға шамасы жоқ аналар, ешкім перзентханадан шыққанын күтпейтін, бірден балалар үйіне жөнелтілетін тастандылар тұр... Ал олар музыкалатқандардың қуанышына көңілденіп, ортақтаса ала ма? Әй, қайдам...