Елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасы әлемдік қоғамдастықта үлкен қызығушылық тудырды. Бұл идеяға Ресей, АҚШ, Англия, Франция, Мысыр сияқты алпауыт елдердің басшылары, беделді саясаткерлер және көптеген діни конфессия лидерлері қолдау білдірді. Съездің үлкен жетістігі Қазақстан бүкіл әлем алдында шынайы қоғамдық және дінаралық келісім мен бірлікке қол жеткізген ел ретінде өзін көрсетті.
2003 жылдан 2022 жылға дейін Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жеті съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен дін өкілдері қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып кеткендей: «Бұл біздің баға жетпес байлығымыз және ажырамас артықшылығымыз деп санаймыз. Съезді өткізу біздің елімізде де, бүкіл әлемде де диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Қазіргі күрделі кезеңде діни лидерлер бір үстелде отырып, барлық әлемге кез келген келіспеушіліктерді жеңетін ізгі ниеттің үлгісін көрсетуі өте маңызды». Дінаралық диалог және ортақ бағдарларды іздеу контексіндегі барлық тұжырымдамалық идеялар бірінші конгресте қабылданды.
Биыл қазан айында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдығы атап өтілмек. Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтің жетекшілігімен съезд хатшылығының XXI мерейтойлық отырысы өтеді. Хатшылық діндер, мәдениеттер пен өркениеттердің арасындағы диалогті дамытуға бағытталған. Бұл мерейтой арқылы еліміз толеранттылықты, дінаралық диалог пен бейбітшілікті негізгі нысанға ала отырып, ел ордасы Астана қаласына келетін барлық дін өкілдерін қуана қарсы алмақ.
Есет БАЙКЕН,
Астана қаласы әкімінің орынбасары