Қоғам • 04 Қазан, 2023

Алқалы жиынның арқауы – Ана даналығы

201 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел халқының 51 пайызы – әйелдер. Алайда республиканың 20 өңіріндегі атқарушы органдардағы нәзік жандардың жалпы үлесі 17,8 пайыз ғана. Ашып айтсақ 75 орынбасардың ішінде 4-і ғана әйел. Осындай өзекті мәселені Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден «Ұлт рухының ұясы – Ауыл-Ана» атты алқалы жиында көтерді.

Алқалы жиынның арқауы – Ана даналығы

Суретті түсірген – Бақытжан ОТАРБАЕВА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі гендерлік саясат­тың маңыздылығын айғақтай оты­рып, «Прогрессивті елдің тағы бір ма­ңызды белгісі – әйелдің қоғамдағы мәр­тебесі. Сондықтан біз әйелдердің құқ­ықтарын қорғауға ерекше назар ауда­руымыз керек», деп атап өткен-ді. Президент бекіткен тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында «Ауыл» пар­тиясы ауқымды іс-шараларды қолға алды. Соның бірі – «Ұлт ру­хының ұясы – Ауыл Ана» атты ауыл әйел­дерінің I республикалық ал­қалы жиыны. Елімізде тұңғыш рет өткі­зілген басқосудың мақсаты – пар­тияның осы гендерлік теңдік мәсе­лесіндегі ұстанымын айқындау, ауыл әйелдерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың саяси көшбасшылығына соны серпін беру, әйелдер мен бала­лар­дың әлеуметтік мәселелеріне қоғам назарын аудару.

Жиында алғаш болып сөз алған «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бек­таев қоғамның қозғаушы күші – қыз-келіншектерге ізгі тілегін жеткізіп, елді мекендердегі балалардың білімін жетілдіру мәселесін қозғады.

– Ауыл мен қала мектептері ара­сындағы білім беру сапасындағы ал­шақтықты қысқарту өте өзекті. Елді мекендердегі балалардың шаһардағы алдыңғы қатарлы білім беру нысандарына түсу мүмкіндігі аздау. Олардың талаптары да жоғары. Осы орайда «Ауыл» партиясы ғалымдар, сарапшылардың басын қосып, елді мекендердегі балалардың білімін жетілдіру мәселесін жан-жақты талқы­ладық. Нәтижесінде, сол өңірдегі 5-6 сынып оқушыларына электрон­ды түрде қосымша дайындық ұйым­дас­тырып, қаладағы іргелі мектеп­тердің сынағынан сүрінбей өтуіне жәрдемдесеміз. Оған демеуші болатын кәсіпкерлерді де таптық. Біз барлық мәселені түбегейлі шешеміз деген құрғақ уәдеден аулақпыз. Бірақ қолдан келгенді, елге қызмет етуге, ауылдың болашағын көтеруге жұмсаймыз, – деді ол.

Алқалы жиынға еліміздің барлық өңірлерінен онлайн және офлайн ре­жімде өздерін отбасында ғана емес, кәсіби және шығармашылық қызмет пен бизнесте де танытқан 400-ге жу­ық қыз-келіншек қатысты. Оларға ауыл­дық жерлердегі іскер әйелдерді демеу мақ­сатында құрылған «Ауыл» партия­сының «Мейірім құшағы» комис­сиясының жұмысы таныстырылды.

– Гендерлік теңдік – елдегі әлеу­меттік-экономикалық салада ға­на емес, саяси бағытта да бе­лең алу­ға тиіс құ­былыс. Және ол әл­де­бір жеңілдіктер мен квоталарға қа­­тыс­ты жағдайларды ғана емес, кәдімгі әйелдердің қоғамдық-саяси бел­сен­ділігінің арқасында болуға тиіс үдеріс. Алда, елдің саяси өміріндегі аза­­маттық қоғамның рөлін арттыратын сайлау өтеді. Аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкіміне кан­дидаттарды тіркелген саяси партиялар ұсына алады. Сондықтан осындай саяси өзгерістерге дайын болатын, жергілікті билікте жа­уап­ты лауазымды деңгейге әйелдер жету керек. Ол үшін – ауылдық жерлерде әйелдердің біліктілігі мен білімін арттыру, сауаттандыру ісін қолға алуымыз керек. «Мейірім құшағы» деп аталатын ауқымды жобаның басты жоспары да сол. Тәжірибелі, іскер, сауатты, саналы әйелдер «әскерін» жасақтау, – деді Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден.

Басқосуға көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсету, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зом­бы­­лыққа қарсы тұру мәселелері де арқау болды.

– Қазір әлеуметтік мәселелерге ерек­ше көңіл бөлініп келеді. Еліміздегі 4 миллионға жуық әйел ауылдық жерлерде тұрады. Оның ішінде жұ­мысқа қабілетті 1,6 млн нәзік жан бар. Ауылдық жерлерде әйелдер мен ер­лердің жалақысы шамамен бір­дей. Бірақ статистикаға сүйенсек, ауыл­дық жерлерде оқымаған әйелдер қала­мен салыстырғанда екі есеге көп. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі биыл 280 мың әйелге қол­ұшын созды. Оның 138 мыңы ауыл­дық жерлерде тұрады. Оның ішінде жұмысқа орналасқаны 180 мың. 82 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал субсидияланған жұмыс орындарына 98 мың азамат тұрғызылды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Іс-шарада «Ауыл» партиясының мүшелерінен бөлек, Президент жанын­дағы Әйелдер ісі және отбасылық-де­­мографиялық саясат жөніндегі Ұлт­тық комиссия төрағасының орынбасары Ләззәт Сүлеймен, ҚХА Аналар Кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи және бауырлас Қырғыз елінен келген «Эко-Деми» қоғамдық ұйымының пре­зиденті Айжан Чыныбаева да қатысты.

– Жыл өткен сайын әйелдердің әлеуметтік мәселесі, құндылығы тере­ңірек қозғалып келеді. Әлемдік пандемия отбасылық зорлық-зомбылықтың да статистикасын ауырлатып жіберді. Қырғызстандағы секілді Қазақстанда да балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзекті тұр. Рейтинг дәл біз­дің елдегі секілді жоғары болмауы мүм­кін. Бірақ мәселе бар. Сондықтан аналар мен балалардың қорғалуы, дер кезінде қажетті көмекке қол жеткізе алуы тек билік, мемлекеттік органдар немесе үкіметтік ұйымдар мен белсенді азаматтардың ісі болып қал­­мауы керек. Ана мен бала отбасында қамсыз, қауіпсіз тіршілік етуі, зор­лық-зомбылықтың бетін қайтару үшін қоғам болып отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеу мәдениетін қа­лыптастыруымыз қажет. Қоғамдағы өзекті мәселерді нәзік жандар жиі көтереді. Сондықтан әйел – қоғамды игі­лікке бағыттаушы, қозғаушы күші, – деді Айжан Чыныбаева.

Жиында ұлттық дәстүрімізді дә­ріп­теу мақсатында балалар үйінің 7 тәр­­биеленушісіне «Құлақ тесу» рәсімі жасалды. Қазақтың ұмыт болған ұлт­тық тағамдарының таныстырылымы да өтті.

– Қазіргі тенденциялардан хабары бар әйел бәсекеге қабілетті баланы тәрбиелейді. Елімізге қазір керегі осы. Бүгінде қазақ әйелдері белсенді. Кейбіреулері отбасылық тірліктен бөлек, депутаттықты, кәсіпкерлікті қа­тар алып жүр. Дүниежүзілік эконо­микалық форумның рейтингі бойынша Қазақстан әйел мен еркек арасындағы білім беру теңсіздігін жойған елдер қа­тарында. Ең бастысы, қыз-келін­­шектердің алдында отбасының ұйыт­қысы болу, ағайын-туыс, жора-жолдастың арасын жалғау, ұлттық құндылықтарымызды ұрпағымыздың бойына сіңіру, сондай-ақ қоғамға қыз­мет етуді жаңа деңгейге көтеру мін­деті тұр, – деді Ләззат Сүлеймен.

Басқосудың екінші бөлігінде «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне білім беру және балалардың құқықтарын қорғау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жоба­сына ұсыныстар талқыланды. Іс-шара соңында қатысушылар «Астана Опера» театрындағы «Сильфида» ба­летін тамашалады.