Осы мақаламызда игі істерін баяндағалы отырған шүленгер азамат – Әлияр Сейітов. Ол – Жамбыл гидромелиорация институтын бітірген маман сушы, Қазақ су шаруашылығы кәсіпорнының Қызылорда облыстық филиалы Шиелі өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі, сала ардагерлер кеңесінің төрағасы, су саласының үздігі. Жомарт азаматының қолын байламай, қайта қолдап, демеп отыратын зайыбы Құттықыз Ықанова – Шиелі аудандық мұражайының меңгерушісі. Әлиярдың замандас өзге мырза азаматтардан ерекшелігі – сөз басында мән-мағынасын таратып айтқан шүленгерліктің барлық мағынасында оның бойынан табылуы, болмысы айтқан сөзінен, атқарған ісінен айқын көрініп жүруі.
Биылғы оқу жылы басталғанда Әлияр мен Құттықыз төңірегіндегі ел үйреніп қалған әдеттегі істерін тағы жасады. Теміржол бойындағы 21-бекет деп аталатын ауылда алғаш мектеп табалдырығын аттап отырған барлық балаға және ұстаздарға өз бақтарында өсірген гүл шоқтарын және оған қоса бума-бума алма таратты. Көрген, естіген жан сүйсінер мұндай қамқорлық құшағы гүлге, қалтасы жеміске толып, шаттыққа кенелген балалар жүрегіне ізгілік болып құйылары, жақсы өнеге өмір бойы есінен шықпасы анық. Еңбек қуанышымен гүлдей құлпырған Әлияр мен Құттықыз тек өз ауылдарымен шектеліп қалмайды, алқызыл гүл шоқтары мен тіл үйірген тәтті алмалар көрші Жансейіт, Алмалы ауылдарының балауса оқушылары мен ұстаздарына да таратылады. Олардың бұл ізгілікті істі дәстүрге айналдырғанына он жылдан асыпты.
Әлиярдың бағбандықпен айналысқанына қырық жылдай болыпты. Әр іске бір нәрсе себеп. 1983 жылы жазда Қазақстаннан Қызылорда облысынан екі сушы маман Өзбекстанға Бекабад қаласына бір айға іссапарға жіберіледі. Соның бірі – Әлияр Сейітов. Міндеті – өзбек ағайындардың Сырдария өзенінен Қазақстанға жіберетін су мөлшерін күнде өлшеу, белгіленген мөлшердің тұрақты болуын, кеміп кетпеуін қадағалау. Бекабад қаласының маңында Сырдария өзенінің арнасына Фархад су қоймасы салынған екен. Бұлар сол Фархад су қоймасынан Қазақстанға кететін суды өлшеу көрсеткіштерін Бекабад қаласына Мәскеуден арнайы уәкіл болып келіп жатқан КСРО Су шаруашылығы министрлігінің маманына, Алматыға Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігіне күнделікті хабарлап отырады.
«Біз судың берілуін қадағалаған бір ай ішінде Қазақстанның Су шаруашылығы министрінің орынбасары екі рет, одан бөлек, осы министрліктің басқа да дәрежелі су мамандары бірнеше рет келіп, біздің өзбек, тәжік су мамандарымен бірлесіп атқарып жүрген су өлшеу жұмыстарымыздың нәтижелерін талдайтын, туындаған шұғыл шешуді қажет ететін мәселелер болса, оларды қазақ, өзбек және тәжік ағайындар өзара талқылап, мәмілеге келіп, у-шусыз дер кезінде реттеп отырды», деп еске алады Әлияр.
Сол Бекабадта Әлиярды қайран қалдырған бір нәрсе – өзбек әріптестерінің өзгеше бейнеткештігі, бағбандығы, диқандығы. Су қоймасының биік жағалауы бос қалмапты, тұнып тұрған бау-бақша, жеміс ағаштары еді. Суды биікке сораппен тартып шығарып, суғарады екен. Олардың сушылығы мен бағбандығы қатар жүріп, бейнетінің зейнетін көріп жатады.
Өзбек мұраптарының бұл ісі Әлиярға біз де неге осылай істемеске деген үлкен ой салады. Ойлап қана қоймайды, өз кәсібіне қоса бағбандықты осылай қолға алады. 21-бекет ауылында ағып жатқан екі арнаның арасын баққа айналдырды, суды биікке сораппен шығарды. Еккен ағаштың бәрі бірдей өніп кете қоймайды, қайталап егуіне де тура келіп жатты. Гүл өсіруге Құттықыздың бейімділігі де үлкен сеп болды. Қыры мен сырын, өсімдік табиғатын түсінуге жылдар кететін бағбандық өнерге үйреткен әкесі Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі Мұқамедияр Сейітов еді. Сөз орайында айта кетейік, Әлиярдың ағасы да сушы, ол – Қазақ КСР Су шарушылығы министрінің орынбасары Шәймерден Бәкіров. Әлиярдың бұл тосын игі ісі сол кездегі облыс басшыларының назарына ілікті, өңірдің мұраптарын жинап, Әлиярдың іс-тәжірибесін үйренуге арналған арнайы семинар да өткізді, сушыларға бағбандықпен айналысу да міндеттелді. Бірақ заманның өзгеруі бұл игілікті бастаманың аяқсыз қалуына әкеліп соқтырды.
Қазір әркім өз күнін өзі көріп тіршілік кешкен заманда еңбегінің нәтижесін көру, одан күнкөрістік пайда алуға бірнеше жыл ұзақ уақыт кететін бағбандықпен айналысатындар сирек. Осы жағдайға жаны ашитын Әлияр жүрген жерінде, баспасөз арқылы да бағбандықты қайтадан қолға алуға елді шақырады, жұртшылыққа үндеу тастайды, тың бастама көтереді. Бірақ селт еткен қолдаушылар аз. Елімізде жылдан-жылға шиеленісіп келе жатқан су тапшылығы жағдайында суды көп қажет етпейтін жеміс бақтарын өсіру де ырыстың бір көзі болар еді. Бұл кәсіпті қолдауға да мемлекеттік көзқарас керек. Жеңілдікпен не қайтарымсыз ұзақмерзімді қаржылық қолдаусыз екінің бірі бұл іске бара бермейді және адамның бәрі бірдей бағбандыққа бейім емес, бұл да өнер, бұған да бейім, машық қажет.
– Тапшылықтың бір себебі – онсыз да аз суды есепсіз пайдалану, ысырапшылдық, – дейді Әлияр Сейітов. – Жеке шаруашылықтардың көбіне бірыңғай күріш егуге көшіп кетуі, ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін сақтамаудың салдары жыл сайын осы жетімсіздікке ұрындырып отыр. Салған қаражатын тез қайтарып алуды және үстеме мол пайда табуды көздейтін жерді уақытша жалға алушы инвесторлар келешек үшін жер құнарлылығын сақтауды ойлай бермейді. Ал күріш, бидай, жүгері, жоңышқа, бақша дақылдарын танаптарға ауыстырып егу жердің құнарлылығын сақтап қана қоймайды, өну, өсу мерзімі әркелкі, соған қарай суару мезгілі де әрқалай, қатар келе бермейтін етіп ғылыми ойластырылған егістік жүйесі еді. Бұл егістіктер жағдайының қажеттілігіне қарай әрқайсысына суды өз мезгілінде мөлшерлеп жіберіп, ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін, сол кезде аз судың өзі бәріне де жетіп жататын. Егесіз қалған су шаруашылығының талай жылдан қордаланып қалған мәселелерін кезінде Қазақ КСР Су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаевтан бастап су мамандары әрдайым-ақ айтып келдік. Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, судың 30 пайызы шығын болды, су құрылыстарының 60 пайызы тозды. Қоға, қамыс шөп басқан, талай жыл тазарту көрмеген арналардан су жүрмей қалды. Биыл Жамбыл облысының бірнеше ауданының егістігі судан қалып, төтенше жағдай жарияланған кезде барып бұл мәселеге назар аударылды. Жаз кезінде Сырдария өзенінің табаны көрініп жататын жағдайға жеткен едік, Көксарай су қоймасына су жинау, дарияға тоспа орнату егіс суару кезіндегі тапшылықты шеше алмады.
Су мәселесін ауыл шарушылығы, экология министрлігі сияқты тән емес салалардың қолынан алып, Мемлекет басшысы Су шаруашылығы министрлігін қайта құруы кеш те болса, орынды шешім еді. Енді алдағы уақытта су мәселесінде қырғыз, өзбек, тәжік ағайындармен мамандар тілінде сөйлесе алатын іздеуші бар. Бірақ талай жылғы иесіздіктің салдарын жою үшін уақыт керек, білікті мамандар да азайған.
41 жыл мұрап болған Әлияр осылай толғанады, күйінеді, қуанады. Шүленгер мұрап – туған жерге нәр берген, игі тірлігі әр берген, өмірін өз қолымен мәнді де, сәнді ете алған азамат. Жасампаз еңбекке бастайтын тынымсыз ізденісі, озық ойы адамды бейжай қоя ма, ол аудан, қоғам өмірінің өзекті мәселелері бойынша да ойларын ортаға салып, жиындарда, баспасөз бетінде әрдайым мәселелер көтеріп жүргені.
Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Шиелі даңқын асырған оның жаны жайсаң, қайраты құрыш еңбек ерлері. Оларға «Шиелі ауданының құрметті азаматы» мәртебелі атағын беру дәстүрге айналған. Осы атаққа ел қамын ойлаған, ісі өнегелі, еңбегі берекелі, заманының ері мұрап Әлияр Сейітов те лайық.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің
ардагер журналисі
АСТАНА