Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Несін жасырайық, жасымыз қырыққа таяса да уланған сана шеңберінің ішінен шыға алмай, дағдарғанымыз анық. Біртүрлі естілді. Алдында ғана бүкілодақтық референдум өткен. Көз алдымызда қиюы қашып, қисыны кетіп бара жатса да сартап соқпақтың жетегінде кетіп, қазақтардан кейін біраз жұрттың тайдай тулап, бурадай бұлқынып жатқанына да мән бере қоймай, қойыртпақ сұраққа быды-быдымен «иә» деп жауап бергенбіз. Дегенмен, Желтоқсан көтерілісінен кейін ана жақтан жел ессе, дауылдата жөнелетін құйын ұрандарға күдікпен қарайтын, онысын кейде: «Көшпенді тұрмыс құлақкесті құлдықты, діни фанатизмді, әлеуметтік көнтерілікті, билікке бас ұрушылдықты мойындаған емес. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «өзіңе иілгенге иіл, ол әкеңнің құлы емес, өзіңе шүйілгенге шүйіл, ол Құдайдың ұлы емес» дейтін қағиданы әлі күнге дейін ұмытпай келген теңдікшіл, бостандықшыл халықтың жігерін тоталитаризм біржолата жер жастандырып кете алмады. Кешегі кенеуі кетіп тұрған қызыл тоталитаризмге алдымен қол көтерген қауымбыз» (Ә.Кекілбаев) деп, осы тектес санаңды сергітетін рухты сөз айтатын азаматтар шыға бастап еді.
Декларация мәтінінде Отан Конституциясы мен заңдар үстемдігі, ішкі, сыртқы саясатты анықтау, ел аумағының тұтастығы, сырттан оған ешкімнің қолсұға алмайтындығы, елдіктің негізін құрайтын меншігі, жер, жер байлығы, алтын, алмаз қорлары, су, ауа кеңістігі, өсімдігі, жануарлар әлемі, мәдени және тарихи, ұлттық құндылықтар, ядролық қаруға тыйым, халқымыздың және қанаттас отырған өзге этнос өкілдерінің төл мәдениетіне, дәстүріне, тілдік дамуына мүмкіндік жасау – бәрі де дерліктей дәйектелді. Бір сөзбен айтқанда, төрт құбыламыз түгел көрініс тапты. Бұдан кейін сергімей, серпілмей тұра аласың ба?
Санаға сәуле түсірген, тұманданған қос жанарды тұныққа тартқан бұл декларацияның қабылдануы оңай болған жоқ. Үстемдікке үйреніп қалғандар, басқаны көзге іле қоймайтындар қисық біткен ағаштай қыңырайып баққан. Ол кездегі тұлғаларымыз, қайраткерлеріміз керемет кемел, білім-білігі бүтін, жұдырықтай жұмылған мықтылардан еді. Шетінен Алаш рухты болатын. Өткен ғасырдың басында: «Енді қазақ елеулі ел болам десе, санаулы сыбаға алам десе, алатын кезі келді. Алғанда немен алады? Әрине, белдесіп, теңдесіп отырып айтыса алады. Белдесуге күш керек, теңдесуге жол керек», деген Ж.Аймауытұлы қағидасымен қанаттанды. Заңгер С.Зимановтай заңғарымыз, С.Сартаевтай білімдарымыз, Ө.Жәнібековтей рухтымыз, Ш.Мұртазадай айбындымыз, С.Тәкежановтай танымалымыз, А.Княгинин, З.Федотова секілді тілектестеріміз, Ә.Кекілбаевтай кемеңгеріміз, «сен тұра тұр, әділдікті мен айтайын» деп «белдесіп, теңдескен», тізелесіп келгенде талай кертартпаның тізесін дірілдеткен, жөн сөзге иланбаса, тоқсан толғап шеге қаққандай жағын қарыстырған ХХ ғасыр соңындағы алыптарды тізе берсек жетіп артылады. Олар «...халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» (Ж.Аймауытұлы) деп бел шешкен, ұлт жолындағы ынтымаққа ұйып, ала көздесіп шетке шықпаған, сөз жарыстырмаған, арасына ниеті қарауды кіргізбеген шетінен дара, шетінен дана, шетінен зерек, зерделі еді. Олар ақылды алға оздырып арыстандай алыспағанда ұлт арманы біраз тосқауылға тап болуы ғажап емес еді. Ендеше, келешекте «...тәуелсіздік деген ұғымды қастерлеп, соның қасиетіне жетудің әрбір көрінісі ерекше сипатқа ие» деп С.Зиманов ескерткендей, елдік істі тайталаста топ жарып алып шыққан, әлемге Қазақ атын жеткізген сол алыптардың үлгісін үкілеп, өнегесін өрістетіп кейінгі жасқа бөліп-жармай таныстырып отырсақ, оны дәстүрге айналдырсақ, сабақ алып, бірлікке бекем болар едік.
Егемендік декларациясын қабылдаудың оңай болмағанын атап өттік. Майлы ішегі мол, жайлы жұрттан кімнің айырылғысы келеді? Оған заңгер Салық Зимановтың мына бір дәлелін келтірелік: «Біз... Декларация жобасын әзірлеуге кірістік. Алайда республикадағы ғана емес, белгілі бір сыртқы күштерге де Қазақстанның егемен бағытына жасалған оң қадамдарын кідірту немесе кейінге қалдыру қажет болды. «Демократиялық Қазақстан» депутаттар фракциясы республикалық баспасөзде Мемлекеттік егемендік туралы заңның балама нұсқасын ұсынды. «Единство» қоғамдық бірлестігі де өз нұсқаларын жариялады. Біз де өзіміз әзірлеген негізгі тезисті халыққа жеткіздік. Бұл 1990 жылдың тамыз айы еді. Айтысып-тартысып жүрдік. Ақыры Жоғарғы кеңесте келісім комиссиясы құрылып, оның жұмысшы тобын мен басқардым. Сірә, 12-13 күн қызу пікір астында қалды-ау деймін. Түні бойы көз ілмей, таң атқанша әр бап бойынша әртүрлі нұсқа жазып келіп жүрдік. Ақырында Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдадық... Бір ғана тіл мәселесінде мәмілеге келу оңай болған жоқ. Неше түрлі жосықсыз әрекеттердің жолы кесілді. Бас қатырған жайлардан қиналсақ та алып шыға білдік. Мен Егемендік туралы декларация рухына зор құрметпен қараймын. Сабырсыздарды сабасына түсірген бұл құжаттың, сол тұстағы ұлттық және азаматтық белсенділіктің бағасын әлі келер ұрпақ айтатын болады», дейді заңгер.
Осы жерде халқымызды қадір тұтқан өзге ұлт өкілдерінің де болғанын айта кеткен жөн. Декларациядан кейін Тәуелсіздік туралы заң талқыға түскенде де тартынып қалмай, ескі сарынмен тарамыстай тырысқандар табылмай қойған жоқ. Сонда Александр Княгинин: «Заңды қолдау керек. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық», деп кежегесі кейін тартып тұрғандарға басу айтып, шаңыраққа қарау керектігін жетеге жеткізіп, жұрт ілтипатына бөленген болатын.
«Уақыт тез ғой... Дүрбелең де, қасаң үстемдік те болды, шамырқану да, ширығу да болды. Біз саяси күресті ақылға салып жеңдік деп санаймын. Тұлғалы азаматтарымыздың тарихи тұрғыда танылған тұсы да осы кезең деп білемін», деп зерделі ғалым С.Сартаев айтпақшы, елдіктің алғашқы қадамы саналатын Егемендік декларациясы жанкештілікпен қол жеткізген, құлдық санаға сәуле түсіріп, қызыл идеологияның иіріміндегі ұйықтың залал, зардабын ұқтырып, тек тамырыңнан ажыратып, қалың ұйқыдан оятып алмау үшін небір қитұрқылықтар ойластырылғанын әшкере еткен алғашқы ұранды құжатымыз еді. Алғашқы ұлттық мерекеміз сол еді ғой. Амал не, құбыла қалатын қылыққа бой алдырып, сол мерекеден көз жазып қалғанда, «Әй, осы біз...» деп дүңк еткен журналист Ержұман Смайыл болды. Өмірден қайтарынан сәл бұрын, «Сол атаулы күнді қайтаратын уақыт болды, қозғасаңдаршы!» деді. Аға сөзі – ініге міндет. «Түркістан» басылымына Егемендік декларациясы туралы, тұңғыш мерекеміз туралы шағын мақала жазып, өтінішті орындағандай болғанмын. Енді, міне, тұңғыш елдік мереке тұғырға қайта қонып, декларация киелі тәуелсіздігіміздің бастау басы екенін жас қауым біле бастады. Айқындалған келешек бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Енді бұдан кейін де азат елдің ұланы алдындағы парызға қарыз болып қалмай, жүзіміз жарық жүрсек, кәне!
Сүлеймен МӘМЕТ