Олимпиада • 04 Қазан, 2023

Әнұранды бесінші рет шырқатқан жүйрік

476 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеше бокссүйер қауым үшін ауыр күн болды. Азия ойындарындағы Қазақстан боксшыларына деген төрешілердің шешімі күмән туғызды. Бұл додада Асланбек Шымбергеновтің жеребесі тым ауыр түсті. Алғашқы жекпе-жекте жергілікті боксшымен кездесті. Екінші жекпе-жегінде әлем чемпионы өзбек боксшысын үш рет нокдаун ашып жеңіске жетті. Енді міне, тағы бір әлем чемпионы жапондық Сэвон Оказавамен арадағы айқасына алып-қосарымыз өте көп. Төрешілер біздің боксшыларымызға қиянат жасап, бұра тартудан тайынар емес...
...Ал журналистер арасында «Алтын бала» деп атанып кеткен велошабандозымыз Алексей Луценко Азиадада үздік нәтиже көрсетіп, қоржынымызға бесінші алтынды салды.

Әнұранды бесінші рет шырқатқан жүйрік

Желден жүйрік велошабандоздар

Кеше Азия ойындары бағдарламасына сәйкес, велоспорттан тас жолдағы жарыс сайысы басталды. Алғашқы нәтижеміз жаман емес. Қос велошабандозымыз қатысып, екеуі де медаль жеңіп алды.

Тасжолдағы веложарыста сынға түскен ұлттық құраманың көшбасшысы Алексей Луценко үздік нәтиже көрсетіп (48:05:75), Азиаданың алтын медалін еншіледі. Отандасымыз осылайша Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы атанды. Алексейдің бұл соңғы алтыны емес деп сенеміз.

Ал Ислам ойындарының үш дүркін чемпионы Рината Сұлтанова бұл жолы қола медальға қол жеткізді. Жарыс бағдарламасының бірінші кезеңінде ел намысын қорғаған велосипедшіміз 18,3 шақырымды 25:36,10-да жүріп өтті. Аталған сайыста өзбекстандық Ольга Забелинская 24:35,99 уақыт көрсеткішімен жеңіске жетсе, жапондық Эри Энаминге екінші орын бұйырды. Ол мәре сызығын 25:35,59-да кесті. Рината Сұлтанова алдағы уақытта басқа қашықтықта да сынға түсетінін ескерсек, велошабандозымыздан әлі де алтын медаль күтеміз.

ва

Отандасымыз жарыстан кейінгі әсерін айтып, өз өкінішін жеткізді.

– Құттықтауларыңызға рахмет. Біз бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдық, медальдан үмітті болдық. Екінші орынға санаулы секунд жетпеді. Әрине, өкінішті. Тас жол ауыр деп айта алмаймын. Тек мәре сызығының алдында ғана болмаса, қалған жерлерде аса қиын бұрылыстар жоқ еді, – деді Р.Сұлтанова.

 

Есушілер доданы екінші болып аяқтады

Каноэде есуден сынға түскен қыз-жігіттер Азия ойындарын 8 медальмен қорытындылады. 12 медаль жиынтығы сарапқа салынған сайыста Қытай құрамасы 9 алтын, Қазақстан, Өзбекстан және Тайпей құрамалары бір-бір алтыннан еншіледі. Өкінішке қарай, алтын алады-ау деген басқа спортшыларымыз тек 4 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.

Алдымен Сергей мен Тимофей Емельяновтар байдарка мен каноэде есуден Азия ойындарының күміс медалін қанағат тұтты. Олар жұптық сайыс финалында 1000 метр қашықтықты 3 минут 49,991 секундта бағындырып, мәреге екінші болып келді. Бұл – спортшыларымыздың Азия ойындарында алған екінші жүлдесі.

Бұрнағы күні Сергей Емельянов Тимур Хайдаровпен бірге Азиада чемпио­ны атанса, Тимофей Емельянов жекелей сында қола жүлдеге қол жеткізген еді. Тимофей Емельянов үшін бұл – төртінші Азия ойындары. Спортшы жұптық сында бауырымен күміс медаль алғанына қуанышты екенін жеткізді.

– Азия ойындарына төртінші рет қатысып отырмын. Бұл – менің бесінші медалім. Кеше қола алдым, Сергей алтын иеленді. Бүгін екеуміз бірге күміс алып отырмыз. Жұптық сында соңғы он жылда бірге жаттығып, дайындалып жүрміз. Дегенмен жасым келіп қалды. Қысқа қашықтықта баяу болып барамын. Сол себепті кеше өз орнымды Тимур Хайдаровқа босаттым. Сергей екеуі жарады, жеңімпаз болды. Біздің ісімізді жалғастырар жас спортшылар бар. Жарыстан кейін кішкене өзімізге келіп, қорытынды жасаймыз, – деді Тимофей Емельянов.

Артынша каноэге отырған Маргарита Торлопова мен Ульяна Киселева жұптық сайыста 200 м қашықтықты 46 секундта бағындырып, күміс жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар каноэде есуден сынға түскен Мария Бровкова 200 м қашықтықты 49,368 секундта мәре сызығына жетіп, Азиаданың қола медаль иегері атанды. 18 жастағы спортшының Азия ойындарында жеңіп алған екінші жүлдесі. Бұрнағы күні Мария жұптық сында күміс жүлде алған еді. Жарыстан кейін ойымен бөліскен жерлесіміз қарсыластарының мықты болғанын, кеткен қателіктермен алдағы уақытта жұмыс істейтінін айтты.

– Алтыннан үмітті едім. Бірақ қытайлық, таиландтық қарсыластарым мықты болып шықты. Солардан қалмауға тырыстым. Оның үстіне мен де өз деңгейімде өнер көрсете алмадым. Дегенмен нәтижеге көңілім толады. Қателіктермен жұмыс істеу керек, – деді жерлесіміз.

Байдарка мен каноэде есуден Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов Азия ойындарын қорытындылады.

– Нәтиже жаман емес. 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаліміз бар. 12 жиынтықтың сегіз медалін алдық. Әйткенмен, алтын аздау. Бүгінде Қытай құрамасы мықты болып тұр. Олардың сапында әлем және Олимпиада чемпиондары бар. Командалық есепте Қытайдан кейін екінші орында тұрмыз. Әрі қарай жұмыс істеу керек. Бровокова, Искакова, Киселева сынды жас қыздарымыз өсіп келе жатыр. Келер жылы Жапонияда Олимпиада жолдамасы үлестірілетін іріктеу турнирі өтеді. Соған дайындықты бастаймыз, – деді Қ.Нұрмағамбетов.

ап

 

Алтынның орнына – қола

Батуттағы гимнастикадан әлем кубогінің иегері Данил Мұсабаев пен биіктікке секіруден әлем чемпионатының қола жүлдегері, жеңіл атлет Надежда Дубовицкаядан Азия ойындарынан алтын күткен едік.

Данил батуттағы гимнастикадан ерлер арасында финалда 57,270 ұпай жинап, тек екінші орынға табан тіреді.

Ал Надежда болса 1,86 метр биіктікті үшінші мүмкіндігінде ғана бағындырып, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Алтын, күміс медаль алған өзбекстандықтар да тура осындай биіктікте секірген болатын. Алайда өзбектің қыздары бірінші-екінші мүмкіндікте аталған биіктікті бағындырған-ды. Сол себепті де алтын мен күміс өзбекстандықтарға бұйырды.

 

Бокстағы әділетсіз шешім

Әңгімеміздің басында Азия ойын­дарында болып жатқан бокстағы былық­тардың шетін шығарған едік.

Бұл кеште 71 кг салмақта өнер көрсеткен Асланбек Шымбергенов жартылай финалда 2:3 есебімен жапондық Сэвон Окадзаваға есе жіберді. Бірақ есе жіберді деуге келмейді, төрешілер алып берді деген дұрыс. Жекпе-жекті бір емес, екі рет қайталап көріп шықтық. Асланбек соққы жағынан да, белсенділік жағынан да алда болғанын аңғару қиын емес. Бірақ төрешілердің көзқарасы басқа болып шықты.

ва

Осы жекпе-жекке байланысты құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов отандық боксшыға жеңісті бермегеніне күйінді.

– Шағым қабылданбайды. Жақсы да­йын­­далып шықты. Ол да әлем чемпио­ны. Бір­ақ үш раунд бойы жақсы ұтып тұр­ды. Же­ңісті бер­меді. Амал жоқ, – деді бас бапкер.

Ал Қазақстан бокс федерациясының төрағасы Кеңес Рақышев Азия ойын­дарындағы Асланбек Шымбер­геновтің жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, төрешілердің шығарған шешімін сынға алды. Федерация басшысы Азия ойындарында боксшыларымызға әділетсіздік жасалғанын айтып күйінді. К.Рақышев бұл тұрғыда Қазақстан бокс федерациясы ХОК төрешісіне ресми түрде өз талаптарын білдіретінін жеткізді.

– Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі! Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтің жартылай финалдық кездесуінде төрешілердің аса әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Сэвон Оказаваны соққының астына алды. Соққылары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар Шымбергеновтің қарсыласының қолын көтерді. Халықаралық олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға шектен шығып кетті. Осыған байланыс­ты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді. Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына қатысты сұрақтар туын­датты. Ал жергілікті боксшыларға «қызыл кілем» төселді, – деп жазды ол бокс федерациясының ресми Instagram парақшасында.

Кеңес Рақышев халықаралық рингте мұндай әділетсіздікке жол жоқ екенін айтып, Шымбергеновке өз қолдауын білдірді.

– ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылық пен шағымды беруге болмайды. Қазақстан – бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай факті­лер капитанымыздың рухын сындыра алмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін. Ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан туын биікте желбіретеді деп ойлаймын, – деп жазды ол.

Орынды айтылған сөз. Бірақ, шағым түсіргеннен не пайда? Оған дейін жарыс бітеді, боксшыларымыз жолдамасыз қала береді. Шынтуайтына келгенде осындай ірі додаларда жоғары жақтан қолдау болмайынша, боксшылар зардап шеге береді. Әйтпесе, Асланбектің былай қойғанның өзінде қарсыласын қаншама сабап тұрса да жеңіліс тапқан Махмұд Сабырхан (57 кг), қарсыласын нокдаунға жіберген Нұрбек Оралбай (80 кг), тіпті бірінші раундта қарсыласын есеп ашатындай тәлтіректетіп жіберген Сәкен Бибосынов (51 кг) секілді боксшылар төрешілердің кесірінен әділетсіздіктің құрбаны болып кете береді.

 

Қамшыбек барлығына нүкте қоюы керек!

Өзбек ағайындар қайтіп төрешілер мен ұйымдастырушылардың тілін тауып отыр? Бүгінде Азия ойындары басталысымен Өзбекстан бокс федерациясының вице-президенті Сәкен Полатов деген ұлты қазақ азаматынан бастап, олардың көмекшілері де тайлы-тұяғымен осында жүр. Мақсаттары біреу – өзбек бокс­шыларын қорғап шығу. Ал Қазақстан құрамасын қорғайтын отандық бокс саласының дамуына зор үлес қосқан, 1996-2006 жылдары Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (AIBA) бірінші вице-президенті болған Бекет Махмұтовтай азаматтар болмай тұр.

Спортшыларды тек әлеуметтік желі арқылы қолдап отырған Кеңес Рақы­шевті де байқай алмадық бұл жарыстан.

Дәл қазір Қазақстанға екі таңдау бар. Біріншісі, Халықаралық олимпиада комитеті мойындамайтын (ХОК), Ресей азаматы Умар Кремлев басқаратын IBA-мен (бұрынғы AIBA) жұмыс істеу. Екіншісі – ХОК-пен бірігу. Бізде басқа жол жоқ. IBA-мен бірге болсаң, Азия чемпионаты мен әлем біріншілігінде топ жарып жүре бересің. Бірақ Олимпиада, Азия ойындары секілді лицензия берілетін жарыстан алтынсыз қайта беретініміз анық. Өйткені IBA-ның чемпиондарын ХОК онша мойындай бермейді. Оған дәлел ретінде соңғы екі әлем біріншілігі мен соңғы Олимпиада мен Азия ойындарын айтсақ та жетеді.

Бүгінде екі кеменің басын ұстаған Қазақстан құрамасы 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алса, биыл мамыр айында Ташкентте өткен әлем біріншілігінде 4 алтын ­­1 күміс еншіледі.

Ал енді ХОК ұйымдастырған жарысқа зер салсақ, ел боксшылары  2021 Токио Олимпиадасында екі қола медаль еншілеп, алтынсыз қайтты. Ал Ханчжоудағы Азия ойындарында тек Қамшыбек Қоңқабаев қана финалға жолдама алып отыр. Ал Қамшыбектің финалдағы қарсыласы Олимпиада чемпионы Баходыр Жалолов. Сондықтан Қамшыбекке бұл кездесуде жеңіске жету өте қиынға соғайын деп тұр. Дегенмен бүгін өз деңгейін толық көрсете алмаған Қамшыбек финалдық айқаста тек өзі үшін ғана емес, бүкіл қазақтың абыройы үшін рингке көтеріліп, жеңіске жетуі керек. Егер де жерлесіміз өзбек боксшысынан басым түссе, жоғарыдағы жазылған, әлеуметтік желіде айтылып жатқан сын-пікірлер азаяр еді. Сондықтан да Қамшыбек барлығына нүкте қою керек!