Шыны керек, 10-орын – біз көздеген меже емес еді. Отандық татами шеберлерінің бұл көрсеткішіне осы саланың басы-қасында жүрген басшылар мен мамандардың ғана емес, қатардағы қарапайым көрермендердің де көңілі толмады.
Қытайда 14 балуанымыз бақ сынады. Солардың арасынан ең үздік нәтижеге 48 кг салмақтағы Әбиба Әбужақынова қол жеткізді. Барлық қарсыласын қапы қалдырып, ақтық сынға дейін алқынбай жеткен қазақ қызы финалда Жапонияның мықтысы, үш дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Мацуми Цунодадан айласын асыра алмады. Дәл сол жарыстың алғашқы күні Мағжан Шамшадин қола медаль иеленді. Қазақ балуанының әлем чемпионаты, Азиада мен құрлық біріншілігінің қола жүлдегері Ли Харимге ғана әлі жетпеді. Үшінші орын үшін тартыста Мағжан тәжікстандық Мехзод Суфиевті сан соқтырды.
Келесі күні 63 кг Есмигүл Куюлова мен 81 кг Абылайхан Жұбаназар жеңіс тұғырына көтерілді. Екеуіне де қола медаль бұйырды. Бұл – Есмигүлдің аса ірі додалардағы тырнақалды табысы. Үшінші күні 100 кг салмақтағы Нұрлыхан Шарханның өжеттігі мен табандылығына, қайсарлығы мен жанкештілігіне сүйсіндік. Тұсаукесер кездесуінде Бахрейннің туы астында өнер көрсететін шешен жігіт Зелимхан Башаевтан басым түскен ол, іле-шала Жапонияның жұлдызы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы, 2017 жылғы әлем чемпионатында алтын және 2019 жылғы жарыста қола медаль алған Аарон Вольфтің аяғын көктен келтірді. Бұл – Шарханның спорттық мансабындағы ең жарқын жеңіс. Жартылай финалда қандасымыз былтыр әлем чемпионы, биыл тек үздіктер ғана бас қосқан Мастерс турнирінде топ жарған өзбекстандық Мұзаффарбек Торобоевтан ұтылды. Қола медаль үшін бәсекеде Нұрлыхан Корея балуаны Вон Чон Хунды иппонмен жеңді.
Қытайда құрлық чемпионы Данияр Шамшаев (73 кг) пен Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамзаға (81 кг) зор сенім артқан едік. Бірақ Ханчжоуда екеуі де өте сылбыр күресті. Еш нәтиже бермейтін әдіс-тәсілді қайта-қайта орындап, босқа арамтер болды. Танымал балуандардың бойынан жеңіске деген құлшынысты байқамадық. Көздерінде от жоқ. Күш-қуаттары кем. Татамиде жайбарақат жүріп, соның салдарынан жеңілістің кермек дәмін татты. Ірі дүрмектерде әбден ысылған Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) пен Ғалымжан Қырықбайдан да (+100 кг) қайыр болмады. Сол секілді Ғалия Тынбаева (52 кг), Севара Нышанбаева (57 кг), Анастасия Маякова (70 кг), Аруна Жангелдина (78 кг) және Кәмила Берліқаш та (+78 кг) сенім үдесінен шыға алмады.
Ханчжоуда бір алтын алмағанның салдарынан жалпы есепте 10-орында қалып қойдық. Бұған дейінгі Азия ойындарының бірде-біреуінде дәл осылай төмендемеген едік. Алысқа бармай-ақ, соңғы үш жарысты алайық. 2010 жылы Гуанчжоуда Жапония (7 алтын+5 күміс+3 қола), Корея (6+3+5), Қытай (2+1+4), Өзбекстан (1+3+3) және Моңғолияға (0+1+5) жол беріп, алтыншы орынға табан тіредік. 2014 жылы Инчхонда үздік төрттіктің қатарынан көріндік. Аталған жарыста жерлестерімізге 6 (1+2+3) жүлде бұйырды. Алдымызда – Жапония (6+4+5), Корея (5+2+8) және Моңғолия (3+3+3) құрамалары. 2018 жылы Джакартада 5 рет (1+1+3) жеңіс тұғырына көтеріліп, үшінші сатыға жайғастық. Индонезия астанасында Жапония (9+3+1) мен Кореяның (4+6+3) дзюдошылары алдымызды орады.
Биылғы Азиадада әдеттегідей Жапонияға (5+3+2) тең келер команда табылмады. Күншығыс елінің өкілдері Ханчжоуда аралас құрамда өнер көрсеткенімен, оларды ешкім тұғырдан тайдыра алмады. Өзбекстанның да (3+2+4) қарқыны өте күшті болды. Құрамында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жүлде алған беделді балуандары бар команда екінші орынды иеленді. Тайпей (2+0+0) үздік үштікті түйіндесе, төртінші және бесінші сатыларға Корея (1+2+6) мен Қытай (1+2+3) тұрақтады.
Жарайды, Жапония мен Кореяда күрестің бұл түрінде жеңіспен өрілген бай дәстүр бар дейік. Сол себепті де алпауыттардан қалып қойғанымызға аса күйіне қоймадық. Қытайдың да жайы белгілі. Өзбекстан мен Тайпейден чемпиондар жылда шығады. Олар дзюдоға мықтап ден қойған. Ал осыдан бірер жыл бұрын ғана қалың топтың арасында жүрген БАӘ (1+1+3), Тәжікстан (1+1+1) және Қырғызстан (1+0+0) құрамаларынан қалып қойғанымыз, тіпті, ұят жағдай болды.
БАӘ өз комадасын кілең легионерлерден жасақтады. Солардың арасынан суырылып шыққандары да бар. Дағыстандық Магомедамар Магомедомаров (+100 кг) бас жүлдені олжалады. Моңғолиялық Бишрелтиин Хорлоодои (52 кг) күміспен күптелсе, Нармандах Баянмұңх (66 кг) қолаға қол созды. Мәскеуде туып-өскен армян ұлтының өкілі Арам Григорян (90 кг) мен ингуш Жафар Костоев (100 кг) үшінші сатыға табан тіреді.
Тәжікстанда 81 кг салмақ дәрежесінде күресетін Сомон Махмадбеков есімді қарулы жігіт бар. Жасы 24-те. Памир тауының етегінде азамат соғысының оты өршіген тұста Махамадбековтер отбасы Таулы Бадахшан аймағынан сонау Сібірге көшіп барып, Иркутск қаласынан пана тапты. Сол жерде Сомон жарық дүниенің есігін ашты. Бала кезінен дзюдомен шұғылданған ол уақыт оза елеулі табыстарға қол жеткізді. Тәжікстан құрамасы сапында Махамадбеков 2021 жылы Бішкектегі Азия чемпионатында қола медальды мойнына ілсе, 2022 жылы Астанада күміске қол созды. Міне, енді Азия ойындарында бас жүлдені олжалады.
Кейінгі жеті-сегіз жылда Қырғызстанда грек-рим және әйелдер күресі керемет қарқынмен дамып келеді. Әлі есімізде ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында қырғыз елінің туы астында өнер көрсеткен қазақтың ұлы Айдын Смағұлов қола медаль иеленіп, Алатаудың арғы бетіндегі көршілерімізді қуаныш пен шаттыққа бөледі. Содан бері аталған мемлекеттен дәл сондай биікке көтерілген бірде-бір татами шебері шықпады. Десек те, соңғы кездері ілгерілеу байқалды. Ханчжоуда 90 кг салмақта күш сынасқан 25 жастағы Ерлан Шеров бас жүлдені қанжығасына байлады. Жартылай финалда ол Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, өзбекстандық Давлат Бабоновтан басым түсті. Ер мінезді Ерланның жалғыз жүлдесінің арқасында қырғыздар жалпыкомандалық есепте қазақтардан озды. Бұл – Қырғызстан дзюдошыларының Азиададағы алғашқы алтыны. Сондай-ақ бұл жарыста жерлестеріміз Моңғолиядан да (0+2+4) қалып қойды.
Міне, осылай тізбектей берсек, ел спортының олқы соғып тұрған тұстары аз емес екенінен анық аңғарамыз. Енді бірер күннен кейін еркін, әйелдер және грек-рим күресінің шеберлері бозкілемге шығады. Бұл жарыстарда да бәсекелестік өте күшті болмақ. Әр жекпе-жекте жеңіске жетіп, жеңіс тұғырына көтерілу үшін аянбай айқасу қажет. Өйткені сары құрлықтың ең белді балуандары бас қосатын жарыста үздіктердің қатарына қосылу оңай шаруа емес. Азиадада алтын алу – тек мықтылардың мықтысының ғана қолынан келетін іс. Сол «шайқасқа» Қазақ елінің өрендері даяр ма? Оны Ханчжоудың бозкілемі көрсетеді!