Мәдениет • 04 Қазан, 2023

Сандықтан шыққан суреттер

308 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сурет те белгілі бір уақыттан кейін тарихқа айналады. Тіпті кей су­реттер уақыттың қазанында қайнаған сайын құнды жәдігерге баланып жатады. Ел ішіне таралып, адамдардың жадында жатталып қалғандары да жетерлік. Көбінесе осындай танымал суреттердің авторын көп жұрт біле бермейді. Суреті әйдік, суретшісі белгісіз. Сондай әйдік суреттердің авторы, қазақ жұртында кенжелеу қолға алынған фотография саласын, жалпы, фотоөнер мәдениетін дамытуға атсалысқан қайраткердің бірі – Сайлау Пернебаев. Ол саналы ғұмырында фотоаппаратын иығынан тастамай, еліміздің әр түкпірін шарлап, әйгілі адамдарын, тарихи оқиғаларын, қас қағым сәттерін суретке түсіріп, сол қоғамның жанды бейнесін жасады. Әсіресе әдеби ортада тұлғалар образын қалыптастырды. Ол тарихи суреттердің бірін білсек, бірін білмейміз. Бүгін, міне, тұтас дәуірдің шежіресін жасаған Сайлау Пернебаевтың сандықтан шыққан суреттерін көріп, өткен күндерге сапар шегіп отырмыз.

Сандықтан шыққан суреттер

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлттық академиялық кітап­ханада фотожурналистика сала­сының негі­зін қалау­шылардың бірі, белгілі фото­тілші Сайлау Пернебаевтың 85 жыл­дығына арналған «Ақ пен қара» атты фотокітабының таныс­тырылымы өтіп, шығармашылық көрмесі ашылды. Ал­қалы жиынға Мә­дениет және ақпарат министр­лігі, Архив істері және құ­жат­таманы басқару комитетінің төр­­ағасы Қуат Бораш, сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) бас хатшысы Қайрат Сарыбаев, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқар­масы төрағасының бі­рін­ші орынбасары, жазушы Нұр­жан Қуантайұлының мо­дераторлығымен өткен бас­қосуда талантты фототілші туралы ес­теліктер мен орамды ойлар айтылды.

вап

Кемел Тоқаев пен Әкім Тарази

«Сайлау Пернебаев дегенде Алма­тыдағы ХХ ғасырдың 60-80-жылда­рындағы зиялы қауым, әдеби орта елес­тейді. Қазақ әде­биетінің алтын дәуірі сана­ла­тын сол кезеңнің фотошежіресі Сай­лау ағамыздың арқасында сақталып қалды. Қырағы фото­тілші өмірден өтсе де, саналы ғұмырында жинаған мұра­сы «тірі». Он сегіз жәшік болатын құн­ды су­рет­терді отбасы Сай­лау ағаның шәкірті Асылхан Әб­дірайымұлына тапсырған. Міне, бүгінгі жаңа жинақ сол он сегіз жәшік архивтен бес жыл бойы іріктелген бір бөлігі ғана. Мұндай игі іс үшін «Фо­то­­өнер» қоғамдық бірлестігінің прези­денті Асылхан Әбдірайымұлына, өз қаржысына «Атамұра» баспасынан 1000 данамен шығарған Сайлау ағаның балаларына ерекше алғыс айтамыз», деді модератор.

Жинақтың құрастырушысы, фотожурналист, «Фо­то­­өнер» қоғамдық бір­лес­тігінің төр­аға­сы Асыл­­хан Әбді­райымұлы аталған фо­токітап осы­­дан бес жыл бұрын дайын­далғанын айтты.

«Фотокітаптың «Ақ пен қа­ра» деп ата­луының себебі аға­мыздың өзінің айтқан сөзі бар, «Ақ пен қара суретінің ғұмы­ры ұзақ болады», деген. Ал фо­токітап деп аталуының бір себебі бұл жерде тек қана фотосу­рет­тер емес, ағамыздың тап­қыр­­лықпен айтқан сөздері де жи­наққа еніп отыр. Әріптестері айт­­­қан жазбалары мен материал­дарын кітапқа енгіздік. Негізі, бұл жинақты осыдан бес жыл бұрын Сайлау ағаның 80 жыл­дығында шығарамыз дегенбіз. Бірақ ол кезде шы­ғуына ешқандай қолдау болған жоқ. Фотокітапқа Сайлау аға архивінің 25-30 пайызы ғана енді. Әлі жәшікте жатқан қаншама құнды суреттер бар. Алда тағы бір жинақты шы­ға­руға дайын­дап жатырмыз. Сол фотокітапқа мемлекет тара­пы­нан қолдау болады деген үміт­теміз. Мерейтойға орай жыл соңында «Қас қағым сәт» атты фо­тобәйге жария­лаймыз. Байқау жас фото­шылардың арасында өтеді. Сон­дай-ақ ағамыздың туған жерінде кітаптың тұсаукесерін жасаймыз. Ал мерейтойдың қоры­тындысы ретінде келер жылы Сай­лау ағаның туған күнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық универ­си­теті Жур­налистика фа­куль­тетінің ұй­ым­­дастыруымен ғылыми кон­­фе­ренция жос­парлап отырмыз», деді Асылхан Әбді­райымұлы.

ппп

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев

Фототілшілік те өнер. Айна­лаңда шыр айналған өмірдің қай тұсын, қай сәтін және кімді кадрға алу керектігін талғам ше­шеді. Қазақ руханиятына тарихи суреттерімен үлкен олжа сал­­ған Сайлау Пернебаев жай ғана фото­аппа­ратпен жұмыс істеуді үйренген жоқ. Ол оймен, әде­би-мәдени сауатымен, терең бі­лі­мімен, интеллектімен, қы­ра­ғылығымен жұмыс істеді.

ав

Оралханның ауылында

Расында, «Тосыннан түсір­ген­де» деген атпен ел есін­де қал­ған фототілшінің олжа сал­маған жанры кемде-кем еді. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп кі­тап­тың тереңнен тартатын маз­­мұ­ны мен атауы тоқталды. «Жа­­ңа фо­токітаптың бейненұс­қа­сын көргенде қазақтың біртұтас дә­уіріне саяхат жасағандай бол­дық. Чарли Чаплинді бәріміз білеміз. Сол Чарли түрлі түсті дыбысты фильмдер шыққан кезде «Мен үшін кино өлді» деп жариялайды. «Ақ пен қара» деген кітаптың атауы да философияға толы. Өмірдің өзі ақ пен қараның арпалысынан тұрады. Сайлау ағамыздың аңызға айналған тапқырлығын, шешендігін әлі күнге естелік қылып айтып ке­леміз. Іші де, сырты да сұлу азамат еді. Мына кітапты жарық­қа шы­ғару – үлкен жұмыс. Сон­дық­тан құрастырушыларға шексіз алғыс айтамыз», деді сенатор.

пппми

Жас ақын Қадыр Мырзалиев

Иә, фотокітапты парақтап отырып, кешегі әдебиетіміздің дәуірлеп тұр­ған шағына, жарқын бейнелерге, ел дамуын­дағы елеу­лі сәттерге куә болдық. Кейіп­­­керлердің жүзіндегі шынайы эмоция, шынайы өмір, бәрі-бәрі жып-жылы әсер сыйлайды. Көптеген ақын-жазу­шы, өнер адамының беймәлім сурет­­терін де ұшыраттық. Атап айтсақ, биыл мерейтойлары атап өтіліп жатқан Кемел Тоқаев, Әкім Та­рази, Оралхан Бө­кейдің бұрын жария­ланбаған суреттері бар. Қадыр ақынның да жас кезіндегі образы таңғал­дырды. Суреттегі сәулелі сәттер ой-қиялы­мызды шарықтатып, сонау қиянға сапар шектіргендей болды.