Басты міндеттің бірі – замандастарымыздың бірлігін, ынтымағын, ұлы өмірге деген алапат құлшынысын жетілдіре түсу. Әсіресе жас ұрпақты жан-жақты етіп тәрбиелеу – парыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа. Халық, бизнес және билік өкілдері бар күш-жігерін жұмылдыруы керек. Сонда ғана мемлекетіміздің қазіргі даму үрдісін түбегейлі өзгерте аламыз, кедергінің бәрін жеңеміз», деген болатын.
Өңірдегі мәдениет саласының инфрақұрылымын дамытуға кейінгі жылдары жанды қамқорлық жасалып жатыр. Пікірімізді нақты деректермен тірілте кететін болсақ, 247 мемлекеттік клубтың, оның ішінде 227 ауылдық жердегі мәдениет ошағының 77 пайызы телефон байланысымен, 60 пайызы компьютермен, 51 пайызы интернет желісімен қамтылғандығын айтуға болады. Соңғы бес жыл ішінде мәдениет ошақтарын жөндеуге республикалық және облыстық қазынадан 60 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Осындай жанашырлықтың арқасында 60 нысан күрделі және орташа жөндеуден өткізіліп, тұрғындарға заман талабына сай қызмет ете бастады.
Ел ішіндегі мәдениет ошақтарының жандануы, заман талабына сай жұмыс істеуі өте маңызды. Шалғайдағы шағын ауылдардың орнығып қалуына, жастардың туған жерден қоныс аудармауына игі септігін тигізетіндігі белгілі. Бұл орайда «Ауыл – ел бесігі» жобасының жақсылық шарапаты көп. Осы бағдарламаның арқасында ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік туып отыр. Елге деген игілігі мол жарқын жоба түзіліп, бастау алғалы өңірдегі Зеренді, Астрахан, Жақсы және Аршалы аудандарының бес мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ұзақ жылдар бойы қаңырап бос тұрған Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылдық клубы қайтадан іске қосылды. Үстіміздегі жылы жалпы құны 5,3 миллиард теңге болатын қомақты қаржыға өңірдегі 32 мәдениет үйі жөнделді. Қазіргі күні 8 нысанның құрылысы жүргізілу үстінде. Облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханаға да осы жоба аясында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жағымды жаңалық аз емес, оның барлығы елдің рухани дүниесін нұрландыруға, мәдениеттің мәйегімен сусындауға ықпал ететіндігі даусыз. Сөз арасында Аршалы кентіндегі аудандық мәдениет үйінің ғимараты, Астрахан ауданының Новочеркасск, Степногор қаласына қарасты Қарабұлақ, Бұланды ауданындағы Никольск және Вознесенка ауылдарының мәдениет үйлері жөндеуден өткізілуде. Шалғайдағы Есіл ауданының Бұзылық ауылындағы клуб үйіне 251 миллион теңге қаражат бөлініп, қайтадан қалпына келтірілуде. Жергілікті бюджет есебінен Щучинск қаласындағы мәдениет үйінің ғимараты, Аршалы ауданы Жібек жолы ауылындағы демалыс орталығы, Сандықтау ауданы Балкашин ауылындағы жастар орталығының құрылысы жүріп жатыр. Мәдениет ошақтарының оты маздап, қайта жаңғырылуына жалпақ жұрт разы. Әсіресе елді мекендердегі жастар бұрын бос уақыттарын қалай өткізерін білмей жүретін болса, ендігі уақытта клуб үйлеріндегі әртүрлі үйірмелерге қатысып, өмір мәнін мазмұнды ете түседі. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Зеренді, Целиноград, Ерейментау, Біржан сал аудандары мен Степногорск қаласының мәдениет нысандары жөндеуден өткізілмек. Шынтуайтында өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдас бермеген мәдениет ошақтарының қайта жаңғыруы, түрленіп баюы замандастарымыздың рухани байлығын еселей түсетіндігі ешқандай дау тудырмаса керек. Қысқы маусымды ойдағыдай өткізу үшін ауылдық клубтардың қазандықтары жөнделіп жатыр. Бұл мақсатқа 250 миллион теңге қаражат қарастырылған.
Әрине, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ мәдениет нәрімен сусындауы үшін жер-жердегі балалар үйірмелері үзіліссіз жұмыс істеуі керек. Бүгінгі таңда өңірде 1 052 балалар үйірмесі ұйымдастырылған. Үйірмелерге 13 мыңнан астам бала қатысады.
Жыл бойы ұлттық мәдениет пен өнеріміздің дамуына айрықша мол үлес қосқан көрнекті қайраткерлердің мерейтойлық іс-шаралары ұдайы өткізіліп тұрады. Мұндай іс-шараларда кейінгі ұрпақтың өміршең өнеге алу жайы көзделген. Мәселен, Мағжан Жұмабайдың туғанына 130 жыл толуына арналған «Бала ақын – жас дарын» облыстық оқушылар айтысы көпшілік көңілінен шықты. Мектеп оқушылары арасында ақындық өнерге бейімі бар бір шоғыр балалар қаулап өсіп келе жатыр екен. Сөз өнеріне деген ыстық ықылас соңғы жылдары тіпті ерекше. Айталық, «Мағжан поэзиясының маржандары» атты мәнерлеп жыр оқу байқауы ерекше тартысты өтті. Поэзияға құмар, жыр жылуымен жас жүректерін жылытқан оқушылардың сөз патшасына деген періште пейілі құптарлық.
«Ән-аға – Шәмші аға», «Даланың жыр шежіресі», «Өнерлі шаңырақ» облыстық байқаулары Бурабай баурайындағы «Ботай-Бурабай» ашық аспан астындағы археологиялық музейінің маңында өзіндік сән-салтанатымен өткендігін айта кетсек, артықтығы болмас. Бар жұмыстың түйіні, негізгі бағыты ұрпақ тәрбиесіне бағытталатынын айта отырып, қарапайым еңбек адамдарының өнегелі ісін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру үшін қыруар жұмыс атқарылып жатқандығын тілге тиек етуге де болар.
Облыс өнерпаздары табыссыз да емес. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, үстіміздегі жылдың тоғыз айында облыстың 241 орындаушысы мен 268 көркемөнерпаздар ұжымы халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, 38 гран-приге ие болды. Осының өзі-ақ ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған киелі Көкше топырағында табиғат сыйлаған тамаша талантының арқасында тұла бойларындағы өміршең өнерлерімен қауымның көңілінен шығып отырғандығын аңғартса керек. Олар бірегей өнерлерімен туған елдің тұғырын биіктетуге талмай еңбек етуде.
Өңірдің 11 мемлекеттік музей қорында 180 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Музей қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында ғылыми-тәжірибелік конференцияларға үзбей қатысып, біліктіліктерін жетілдіру үстінде. Есте жоқ ескі кезеңнің жақұттай жадыраған жәдігерлері арқылы халқымыздың көне тарихын бүгінгінің кәдесіне жарату тарапында мазмұнды шараларды жиі өткізеді. Өткеннің өңді ізімен қатар, бүгінгіні бағалау сабақтастығы да жүргізіліп отыр. Мәселен, жаңа есімдерді анықтау, таланттарды қолдау – әрдайым назарда жүретін іс. Бұл орайда «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауын атауға болады. Байқауға 70 мыңға жуық өнерпаз қатысады. Еңбектері де еш кетіп жатқан жоқ. Облыстық байқау барысында оларға 28 жеңіл көлік, 7 шағын автобус, сахналық костюмдер және өзге де күнделікті жұмысқа қажетті техникалық құрал-жабдықтар табысталды.
Мәдениет қызметкерлері бүгінде жас ұрпақ қашанда адал еңбекті қадірлеп, әділетті қоғамның арлы азаматы болуы керектігін ұғындырып, талмай жұмыс істеп келеді. Демек, алдағы күннен үміт зор.