Ұстаз • 05 Қазан, 2023

5 қазан – мұғалім күні: Төр – мұғалімдікі

271 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Марғасқа ақын Мағжан Жұмабайдың аталы сөзін кейінгі кезде жиі айтатын болдық. Тереңіне бойлай білгенге бұл – салмақты сөз ғана емес, болашаққа бағыт-бағдар, жөн сілтеу, тіпті аманат. Азатпыз деп еңсе тіктеген кезеңде кемі бір ғасыр бұрын айтылған аманаттың үдесінен шыға алып жүрміз бе?

5 қазан – мұғалім күні: Төр – мұғалімдікі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бүгін – мереке, білім беру саласы қыз­­­­мет­­­керлерінің кәсіби мерекесі. Осы бір атау­лы күнде сөз басындағы негізгі мә­се­­леге ойысып, бар-жоқты түгендеп, бас­ты сұраққа жауап іздеп көрелік. Алаш ары­сы мұғалімнің орны төрде екенін ай­тып кетті. Қазақ ең құрметті кісіге, ең бір мәртебелі мейманға төрден орын бере­ді. Қазіргідей сананы тұрмыс билеген на­рық­тық қоғамда, құндылығы күн сайын құ­былған заманда, өзіңді ұдайы дамы­тып отыруды талап ететін жаңару кезе­ңінде шынымен де педагог дейтін қауым төрден орын алып отыр ма? Бұл сұ­рақ­қа жауап табу үшін осы уақытқа де­йін мұғалімнің мәртебесін арттыруға, атал­ған сала қызметкерлерінің жұмысын жүйе­леуге, жалпы білім беру саласын дамытуға бағытталған істерді бағамдап көрелік.

Мектепке дейінгі білім беру. Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздегі балабақшаларда 97 188 педагог жұмыс істейді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің жалақысына біліктілік санаты үшін 30-50% қосымша ақы белгіленді.

Жүргізетін міндетті құ­жат­тарының тізбесі 3 құжатқа дейін (перспективалық жоспар, циклограмма және баланың жеке картасы) төмендетілді. Жыл сайын жалақысы 25%-ға артып, төрт жылда екі есе өсті. Сондай-ақ меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшерін ұлғайту арқылы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалақысы 30%-ға көтерілді.

Осыншама жасалған жағдайға қарамастан, мектепке дейінгі білім беру саласында әлі де түйіні толық тарқатылмаған түйткілдер бар. Ай­талық, «Egemen Qazaqstan» газе­тінің 2021 жылы 20 қаңтардағы санында «Балабақшаға екі жас­тан барса...» деген тақырыппен проблемалық мақала жарияланды. Міне, осы материалымыз жа­рық­қа шыққанына бір апта өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке 2025 жылға қарай балаларды 2 жастан балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұған дейін, анығы 2010 жылы қолға алынған «Балапан» бағдарламасы талай балабақшаның ашылуына себеп болып, 3-6 жас­тағы балалар балабақшамен 100 пайыз қамтылған еді. Бірақ на­рық­тық қоғамда балабақшаға сұ­ра­ныс 2 жастан басталып тұр. Өйт­кені декреттегі аналар ертерек толық­қанды жұмысқа шығуды қалайды, баласын балабақшаға ерте жастан бергісі келеді.

Жалпы, балабақша баланы уа­қыт­ша қалдыра тұратын орын ғана емес, шын мәнінде, жан-жақты дамы­татын орта болуға тиіс. Осы ой­дың төңірегінде газетіміздің 2019 жылғы 12 шілдесіндегі нөміріне жарияланған «Мектепке дейінгі білім: міндет пе, әлде қажет пе?» атты материалымызда бүлдіршіндеріміз заманның талабына сай болуы үшін, әрі мектептің бағдарламасына толық­қанды дайындау мақсатында ерте бастан дамытудың маңызды еке­нін жеткізуге тырыстық. 2021 жылы 9 қарашада Үкіметтің №796 қау­лы­сымен «Балаларды ерте дамыту институты» құрылды. Бастысы, нақты міндет, Президенттің бастамасымен бекітілген мерзімі бар, енді жұмыстың сапалы орында­­­луын күтеміз. Шын мәнінде, мұн­дай мәселені шешу арқылы мек­­тепке дейінгі білім беру сала­сында қызмет ететін және осы маман­дықты бітіретін болашақ мамандарға жаңа жұмыс орны көбейеді.

Орта білім. Еліміздегі мектептерде 340 958 педагог жұмыс істей­ді. Осыған дейін мұғалімдердің жалақысы мардымсыз екенін талай жаздық. Сірә, ең көп көтерілгені де осы мәселе болар. Себебі еңбектің еленбеуі дегеніңіз төрден орын бермегенмен бірдей. Нәтижесінде, «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді, Президенттің тапсырмасымен кейінгі 4 жылда мұға­лім­дердің жалақысы жыл сайын 25 пайыздан екі есе артты. Бұған қоса педагогтердің білік­т­ілік санаты мен жоғары оқу орнынан кейінгі біліміне қосымша ақы төленеді. Мұндай ілгерілеудің себебінен мұғалімдік талапкерлер таласып түсетін мамандыққа айналды. Өйткені педагогикалық мамандықта оқитын студенттер өзге мамандықта білім алатын ізде­ну­шілерге қарағанда 1,5 есе артық стипендия алады.

Бас басылымның 2019 жылғы 17 сәуірдегі нөміріне «Еңбек» елеу­сіз қалды» деген тақырыпта мек­­тептегі еңбек сабағының жөн­­ді өткі­зіл­мейтінін, мұның соңы жал­қау ұрпақтың көбеюіне алып келе­­­тінін меңзеп мақала жаз­ғанбыз. Осы мәселе шешімін тап­пағандықтан тағы оралып, 2022 жылғы 17 ақпанда «Еңбек» пәнінің ендігі сипаты қандай?» атты материал жарияладық. Мек­тепте еңбек сабағының қалай өтетінінен арнайы репортаж жасап, бейнелеу өнері (яғни сурет), сызу сабақтары алынып, оның мазмұны бұрынғы еңбекке баулу пәніне кіріктіріліп, көркем еңбекке айналғанын баяндадық. Бұдан пән мұғалімдерінің сағаты азайғаны айтпаса да түсінікті. «Egemen» кө­тер­­ген осы мәселе оң шешімін тауып, былтырдан бері, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Көркем ең­бек» пәні екі пәнге бөлініп, бастауыш сыныптарға «Еңбекке баулу», 1-6-сыныптарға «Бейнелеу өнері» пәндері екі бөлек пән ретінде оқы­ты­латын болды.

Көтерілген мәселенің бәрі осы­лай оң шешімін тапса, канеки. Өкінішке қарай, «Еститін Үкіметтің» кейбір жағдайларда естімей қалатын кезі бар. Соның бірі – «Күнделік». Мұғалімді төр­ге шығарған түріміз, оларды тауға, төбеге шығардық. Интернет іздеп жүр. «Күнделік» деп аталатын электронды журналды тол­ты­ру үшін. Мұғалімдердің қи­нал­­ғанын жеткізсек, Оқу-ағарту ми­нистрлігі «құзыретімізге жатпайдымен» үнемі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтейді. Түйіні тарқатылмаған түйткіл екі ведомствоның ортасында «допша домалап» жүр.

Белсенді, өз құқығын өзі қорғай алатын мұғалімдер әр­дайым өздерінің желідегі парақ­шаларында жеріне жеткізе жазып, түрлі мінберлерде ашық айтып жүргендей, педагог мәр­тебесі жалақының өскенінен, оған кабинет, оқулық, интернет, жабықтау арқылы жағдай жасағаннан түбегейлі көте­ріліп кетпейді. Педагог шынымен де кәсіби тұрғыда білімді, білікті болғанда ғана мәртебелі, кез келген ортада сыйлы болады. Осыған орай, педагогтер бұрынғыдай 5 жылда 1 рет емес, әр үш жыл сайын біліктілігін арттыратын болды. Мұндай мәселеге қатысты да мақала жазып, салмақты сұраққа тұшымды жауап іздегенбіз. Алайда бұл әлі де басы ашық сұрақ болып тұр. Өйткені қайталағымыз келмейді. Десек те көп сауатты ата-ананың да, небір дарынды, ашық дереккөзден өзінше ізденіп оқып алатын оқушыға да, жалпы жазуынан-ақ сауатына баға бергіш қоғамда да біліксіз педагог сыйлы болмайтыны, оған төрден орын берілмейтіні бесенеден белгілі.

Кәсіптік-техникалық білім. Білім беру жүйесінің бұл сатысында 36 315 педагог еңбек етеді. Жалақы мәселесі осыншама педагог үшін де оң шешімін тапқан. Әрі өндірістен қабылданған тех­ни­калық және кәсіптік білім беру педагогтері жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы алады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлім­деуінше, «Педагог мәрте­бесі туралы» Заңның шеңберінде алғаш рет кәсіптік білім туралы тех­никалық білімде «Педа­го­ги­калық шеберлік» үшін қосымша ақы енгізілді. Бүгінде 7 мың­нан аса колледж педагогі лауа­зым­дық жалақысының 30%-дан 50%-на дейін үстемеақы алады. Сондай-ақ колледж басшылары мен олардың орынбасарларын басқарушылық шеберлігі үшін материалдық көтермелеу қарастырылған. Бүгінгі таңда 200-ден аса басшы лауазымдық жала­қы­дан 30% -дан 100% -ға дейін қосымша ақы алады.

Колледж педагогтеріне осыншама үстемеақы енгізіліп, жалақ­ы­сы көтерілсе де, білікті маман тап­шы­лығы күн тәртібінен түспейді. Өйткені кәсіптік-техникалық білім беруде практик маманның рөлі өте зор. Колледж түлектерінің ең­бек нарығында сұраныста болуын қамтамасыз етуге қатысты сын көп айтылды. Нәтижесінде, оқытушылардың сапалық құрамын өндірістен тарту арқылы арттыру ісі қолға алынды. Сөйтіп, 2023 жылғы қаңтардан бастап арнайы пәндер бойынша педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлеріне тиісті мамандық немесе сала бойынша 5 жылдан көп өндірісте жұмыс өтілі бар маман колледжге ауысқан кезде лауазымдық жалақысының 30%-дан 35%-ына дейінгі мөлшерде қосымша ақы төленеді. Өндірістен, нағыз қайнаған еңбек ортасынан келген маман қолда бар алтынмен тең. Бағасын білсек болғаны. Кәсіптік-техникалық білім беруде оқу орны мен өндірістің біте-қайнаса жұмыс істеуі өз кезегінде колледжде жүріп-ақ өндіріске өні­мін сата алатын мамандарды қалыптастырады.

Жоғары білім. Бұл күнді жо­ғары білім беретін, кадр даярлайтын жоғары оқу орындарының оқытушылары, қызметкерлері де кәсіби мереке ретінде атап өтеді. Ұлттық статистика бюросының былтырғы қыркүйекте жариялаған дерегіне қарағанда, еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытушылардың негізгі (штаттық) құ­рамының саны 36 378 адамды құрады. Ғалым да, шахтер де, дәрігер мен мұғалімнің өзі де осы университеттегі педагогтердің алдынан өтеді. Біздегі кез келген кәсіп иесі, жоғары білімді әрбір кадрдың білікті болуы да нақ сол жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың әлеуетіне байланысты. Бірнеше рет университеттің оқытушысы мектеп мұғалімі мен балабақша тәрбиешісінен де аз жалақы алатынын, мұндай жағдайда бедел туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз екенін жазғанбыз. 2021 жылы 11 мамырда жарияланған «Ғалымды кімдер даярлап жүр?» атты материалымызда 2019 жылы 20%, 2020 жылы Президент тапсырмасымен тағы 20%-ға көтерілгеннің өзінде ұлттық университеттегі оқытушылардың орташа жалақысы 100 мың теңгенің айналасында, тіпті кейбір өңірлік оқу орындарында 100 мың теңгеге де жетпейтінін жеткізгенбіз. Нәтижесінде, жа­уапты министрлік арнайы норма бекітіп, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік ведомствоға қарасты жоғары оқу орындарында оқытушылық құрамның жала­қы­сына шекті норма белгіленді. Яғни университеттер басшылығы оқытушылардың жалақысын шекті нормадан төмендетпеуге мін­дет­телді, оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлеуіне тағы мүмкіндік берілді.

Түптеп келгенде, барлық қа­был­данған шара, енгізілген оң өзгеріс білім берудің қай саты­сында еңбек етіп жүргеніне қа­ра­­мастан, педагогтердің жан-жақ­т­ы мәртебесін көтеруге бағыт­талған. Әрине, олардың жағдайын жақсартуға, беделін арттыруға қоғам болып, тіпті педагог қауым­ның өзі белсене күш салуын қажет етеді. Өйткені «Жұмыла көтерген жүк  жеңіл».