Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Облысты еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерімен байланыстыратын Жезқазған-Қызылорда автожолының Ұлытау облысына қарасты 208 шақырымдық бөлігінде күрделі жөндеу жүргізудің «жыры» да бітуге тақау деген жақсы хабар шығып жатыр. «2021-2022 жылдары өткізіледі» деген конкурс биылғы тамыздың соңғы күндерінде жарияланды, қорытындысы қазан айының аяғына таман белгілі болмақ. Конкурс ойдағыдай өткізілсе, жыл соңына шейін жұмылдыру жұмыстары жүргізіліп, келесі жылдан бастап нақты іске кіріседі. Жөндеу жұмыстары екі жылда аяқталады деп күтіліп отыр. Осы хабар шынға айналуынан халық үмітті.
Арқалыққа апаратын жол жағына күрделі жөндеу басталғандай болғанымен, қашан толық жөнделіп бітеді дегенше, қарыншаштың өзі де ағарып кетпесе, неғылсын? Өйткені биылдан бастап әр жыл сайын осы бағыттағы жолдың 20 шақырымына күрделі жөндеу жасалады делінген еді. Өкінішке қарай, қаржы жетімсіздігі салдарынан биыл жоспардың тек жартысы ғана орындалды.
«Жезқазған-Қарағанды» жолының 433-788 шақырым арасындағы 355 шақырымы 14 учаскеге бөліну арқылы жөндеуге жатады. 2024 жылы жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленсе, құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылы басталмақ. Бір қуаныштысы, осы жолдың Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданының аумағындағы 755-783 шақырым аралығы, яғни 28 шақырымдық учаскесі бойынша жасалған жобалау-сметалық құжаттама жақында ғана мемлекеттік сараптамадан оң бағасын алды. Ендігі түйін – конкурстық шаралардың сәтті өтуі. Сонда келесі жылы бұл учаскеде қызу еңбек қайнағалы тұр.
Облыс бойынша облыстық маңызға ие – 896 шақырым, аудандық деңгейдегі 310,1 шақырым жол бар. Бұған қалалар мен аудан орталықтарындағы 544,6 шақырым жолды қосыңыз. Осының бәрін күтіп ұстап тұру, жөндеу керек. Биыл облыс бойынша барлығы 175,7 шақырым жолды жөндеу үшін 11,4 млрд теңге қарастырылды. Нақтырақ айтқанда, облыстық маңызы бар 39,3 шақырым, аудандық деңгейдегі 48 шақырым және қалалар мен аудан орталықтарындағы 88,4 шақырым жол жөндеу көзделді. Балапанды санайтын уақыт келді. Не атқарылды, ненің сәті түспеді және себебі қандай?
Облыстық маңызы бар «Қаражал-Атасу» жолын жөндеудің жалпы шығыны 10,4 млрд теңгені құрайды. 2020-2022 жылдары осы қаражаттың 2,7 млрд теңгесі игерілген еді. Биыл 1 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Бірақ жөндеу жұмыстары толық аяқталған жоқ. Қалған 6,7 млрд теңгенің жұмысын бітіру келесі жылға қалып тұр. 2020 жылдан бері мердігерлік жұмысты атқарып келе жатқан «Прогресс KZ» ЖШС-нің жұмысында кінәрат жоқтың қасы. Сондықтан келесі жылы қаржыдан қысым болмаса, аталған жұмыс учаскесіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталады деген нық сенім бар. Бұл жұмыс тек облыстық бюджеттен емес, республикалық, ішінара Ұлттық қор арқылы қаржыландырылып жатқанын да айта кеткен жөн. Мұның өзі жаңа облыстың ішкі қатынас жолдарына да республика тарапынан нақтылы көмек көрсетіліп жатқанын байқатады.
«Сәтбаев-Малшыбай-Жошы хан-Домбауыл кесенесі» деп аталатын жол аймақта туризмді дамытуға жаңа серпін береді. Жалпы, ұзындығы 19,5 шақырым құрайтын жол құрылысы жобасының құны 9,6 млрд теңгені құрайды. Жоспарланған жұмысты «Самға» ЖШС атқарып жатыр. Биыл осы жол құрылысын жүргізуге Ұлттық қор 1,3 млрд теңге бөлді. Қазір көзделген 6 дана су өткізгіш құбыр орнату, 4 шақырым ірі және ұсақ түйіршікті асфальтбетон төсеу және т.б. жұмыстар атқарылды. Жыл соңына шейін жол үстіндегі көпір пайдалануға берілмек. Өкінішке қарай, туристер бұл жолды келесі жылы да толықтай пайдалана алмайды. Өйткені жол құрылысы 2024 жылы да жалғасын табады. Келесі жылы мұнда өте ауқымды жұмыс атқарылмақ. Республикалық бюджеттен бөлінетін 2,6 млрд және облыстық бюджеттен бөлінетін 3,7 млрд теңге 2024 жылы толық игерілуге тиіс. Сол кезде Алашахан, Жошыхан, Домбауыл кесенелеріне бару жеңілдейді. Халықтың асыға күтіп отырғаны да – осы. Ең бастысы, әйтеуір жұмыс жүріп жатыр.
Облыстық маңызы бар жолдардың біраз бөлігін орташа жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 970 млн теңге қаржы бөлінді. Жөндеуге жататын жолдардың арасында 15 шақырымдық «Жезді-Қарсақбай-Байқоңыр-Қоскөл» жолының мердігері анықталмауы себепті жұмыс әлі басталған жоқ. Өйткені бірде-бір әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу шараларына қатыспағандықтан, жеңімпаз анықталмады. Құрылыс материалдары тым қымбаттап кеткен. Қазір қайта есептеулер жүргізіліп жатыр.
– Бастапқыда 667 млн теңге мөлшерінде жоспарланған еді. Қазір 973 млн теңгенің қажеттігі байқалды. Ведомстволық сараптама өткізіліп жатыр. Сараптама біткен соң мердігерді анықтау мақсатында қайтадан конкурс жариялаймыз. Әрине, биыл жұмыс аяқталмайтыны анық. Бұл бағытқа көзделген қаражат негізінен 2024 жылы игеріледі, – дейді Ұлытау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаев.
Жалпы, облыстағы ішкі жолдарды жөндеу қарқыны жаман емес. «Қарағанды-Самарқа-Атасу-Айнабұлақ» жолының 15 шақырымы толық аяқталса, «Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сәтбаев» жолының жөндеу көзделген жұмыстары да бітуге шамаласып қалды. «Қаражал-Шалғия» жолының 5 шақырымында ірі түйіршікті асфальт жабынын төсеу жұмысы бітті, 1 млрд 170 млн теңге қаржы келесі жылы игеріледі.
Жолдардағы су өткізу арналарының талапқа сай болуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде биыл облыс бойынша 20 су өткізгіш құбырын жөндеу жоспарланған еді. Қара күздің суығы түскенше бұл жұмыстар толығымен аяқталды.
– Ауыларалық жолдардың жөнделуіне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының зор көмегі тиді. Осы бағдарлама бойынша биыл ауыл жолдарын жөндеуге 1 млрд 110 млн теңге қаражат қарастырылды. Мұның 999 млн теңгесі – республикалық, 66 млн теңгесі – облыстық және 45 млн теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінді. Бөлінген қаражатқа Жаңаарқа ауданында – 22,3 шақырым, Ұлытау ауданында 22,7 шақырым жол жаңарды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Жомарт Сәбитұлы.
Ескісін айтпағанда, жаңадан жөнделген жолдың да сапасы көбіне-көп сын көтермей жатады. Күн көзіне тез оңып кететін шүберек секілді бір қысқа жетпей шұрқ-тесік болып қалатыны жасырын емес. Жолдың сапасын талапқа сай ету – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да әлденеше рет сынға ұшыраған жол сапасын жақсарту мақсатында «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығы» құрылды. Бұрын орташа жөндеу жұмыстары техникалық тұрғыдан қадағалана қоймайтын. Өткен жылдан бері бұл нақты талапқа айналды. Облыс биыл «Жол жұмыстары сапасының ұлттық орталығы» РМК-мен тиісті келісімшартқа отырды. Демек, жолдың сапасына жауап беретін нақты мекеме бар. Сондықтан үміт те басым, сенім де нығая түсті. Жаңа облыстың аяқалысын сездіргендей облыстағы жолдар жаңарып, жолаушылардың көңілін бір серпілтіп тастағаны рас. Ал алдағы уақытта қалай болар екен? Жол жақсара түсе ме? Әрине, бәрін уақыт көрсетеді.
Ұлытау облысы