Олимпиада • 05 Қазан, 2023

Ондықтың ауылы алыстап кетті

231 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгінде көптің көкейінде «Алтын саны қанша болады?» деген сауалдың жүргені анық. Ол заңды да. Себебі 2018 жылы Жакар­тада өткен Азия ойындарында ел спортшылары ­15 алтын медаль жеңіп алған еді. Сол медальдың ­өзі Қазақстанды бейресми жалпыкоманда­лық ­есепте 9-орынға бір-ақ сырғытқан-ды. Ханч­жоуға аттанар алдында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мақсатымыз ­бес жыл бұрынғы Азия ойындарынан жоғары нәтиже көрсету деген еді. Бүгінде ­15 алтын алмайтынымыз белгілі болды. Бірақ кімдерге үміт артуға болады, ­деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Ондықтың ауылы алыстап кетті

Жоспар орындалды ма?

Жазғы Азия ойындары 8 қазанда аяқталады. Дегенмен бұл күні тек әртіс­тік гимнастика мен кара­тэнің кумитэ түрі бойынша 50 кг салмақтағы қыздар сынға түседі. Ал кешке Азиа­даның жабылу салтанаты. Сонда бүгін­гі күнмен есептегенде жарыстың аяқ­талуына үш күн ғана қалып отыр. Ал ел қоржынында әзірге 5 алтын, 11 күміс, 35 қола медаль бар. Бейресми жал­пы­командалық есепте 13-орын. Бұл Азия ойын­дарындағы антирекорд.

Салыстырмалы түрде қарасақ, Жакартада (2018) – 15 алтын, 17 күміс, 44 қола (9-орын), Инчхонда (2014) – 28 алтын, 23 күміс, 33 қола (4-орын), Гуанчжоуда (2010) – 18 алтын, 23 күміс, 38 қола (5-орын), Дохада (2006) – 23 алтын, 20 күміс, 42 қола (4-орын), Пусанда (2002) – 20 алтын, 26 күміс, 30 қола (4-орын), Бангкокта (1998) – 24 алтын, 24 күміс, 32 қола (5-орын), Хиросима­да (1994) 25 алтын, 26 күміс, 26 қола (4-орын) медаль жеңіп алған екенбіз.

Қазақ спортындағы тоқырау дәл бүгін болып жатқан дүние емес. Бұл кейінгі 5-6 жылда пайда бола бастаған шаруа. Мұндай күйге қалай түстік? Соған жауап іздеп көрсек.

Бүгінде Азия құрлығында спорт өте қатты дамып кетті. Боксты барлық елдің спортшылары әбден меңгерді десек, артық айтпаған болар едік. Себебі бокс бұрыңғыдай жылдамдықты талап ететін 2 минуттан 4 раунд емес. Әріректе әуесқой бокста қас-қабақты қорғаушы шлем киіп, ұпай үшін жұдырықтасатын. Қазір кім белсенді, соған раундтың соңында 10 деген ұпай береді.

Естеріңізде болса, 2000 жылы Сидней Олимпиадасының финалында марқұм Бекзат Саттарханов әлем чемпионы америкалық боксшы Рикардо Хуарес­пен соққыларын дөп тигізіп, көбіне қорға­на жүріп жұдырықтасты. Нәтижесін­де, чемпион атанды. Ал дәл қазір ондай стильде сынға түссең, төрешілер жеңісті қарсыласыңа бере салуы әбден мүмкін. Себебі бокста былық өте көп. «Берсе қолынан, бермесе жолынан», демекші керек десеңіз, үш раундқа аман-есен жеткен спортшының қолын көтергенін Токио Олимпиадасында да, Азия ойындарында да көріп отырмыз.

Әйтпесе, 2014 жылғы Инчхонда өткен Азия ойындарында боксшы­ларымыз 10 салмақта 6 алтын медаль жеңіп алған кездері болған. Қазір 7 салмақта 1 ғана боксшымыз финалда өнер көрсетеді.

Бұрын Ольга Рыпакова бастаған жеңіл атлеттер алтыны бар, күмісі бар Қазақстанға бірнеше медаль алып беретін еді. Бұл салада биыл тек 3 медальмен шектелдік. 48 медаль жиынтығы сарапқа салынатын додадан осынша медаль алу  – ұят-ақ. Оның үстіне Азия ойындарына Қазақстаннан 20 жеңіл атлет келу деген спортқа қиянат жасағанмен бірдей. Ал есесіне, спортшы деуге ауыз бармайтын, 30-ға жуық киберспортшының бірде-біреуі Азия ойындарында медаль алған жоқ.

 

Азия ойындарында африкалықтар жүр

Рас, Ханчжоудағы дүбірлі додада Кения, Оңтүстік Африка, Эфиопия, тіпті Ямайкадан келген спортшылар өзге елдің атынан сынға түсіп жүр. Мысалы, Бахрейн құрамасы алтын медаль саны жөнінен біздің алдымызда. Бірақ жеңіп алған 9 алтынның барлығын жоғарыда айтқан елден шыққан спортшылар алып беріп отыр.

Ауыр атлетикадан да біраз нәтиже­міз бар еді. Бұл додада бір ғана күміспен күптелдік.

Медаль көп үлестіретін ескек есу­шілерге, жүзушілерге және мергендерге әлемдік деңгейде жағдай жасалуы керек. Әйтпесе, жұрттың соңында қала беретініміз анық. Сондай-ақ бадминтон, үстел теннисі, ат спорты дегендерді қолға алмаса болмайды.

Міне, деңгейі жағынан кейбір спорт түрі бойынша Олимпиададан кем түс­пейтін Азия ойындарына топырлатын 525 атлетті алып келмей, ойланып, медаль алады-ау дегендерді және медаль алмаса да болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды алып келу керек еді.

 

Үздіктер қатарында орын жоқ

Өткенде нысана көздеу спортына барғанымызда Елсияр Қанағатов­ты көр­ген едік. Елсияр Баймұхаммед­ұлы­мен әң­гіме барысында «Қазақстан 10 ­алтын алса, үздік ондыққа кіре ме?» деген сұрақ қойдық. Сонда ол кісінің жауабы: «10 алтынмен үздік ондыққа кіре алмаймыз», деген еді.

Рас, кірсек те, кірмесек те бүгінгі таң­да 10 алтын арман болып отыр. Себебі жарыстың соңы жақындаған сайын алтынға таласады-ау деген спортшыларымыз азайып барады.

Қазірге дейін Қазақстан жалпы есепте бес алтынмен 13-орында тұр. Қазақстанның алтын санын онға жет­кі­зуге мүмкіндік бар ма? Кімдер чем­пион бола алады? Спортшыларымызды тізбектеп көрсек.

Велоспорттан Алексей Луценко бұр­нағы күні алтын алған. Бүгін тағы да сол жетістігін қайталаса деген ниет бар. Су добынан ерлер құрамасы чемпион болады деген болжам бар. Нұр­жан Батырбеков бастаған джиу-джитсушылар, Нұрқанат Әжіханов бастаған каратэшілер, грек-рим, еркін күрес және қыздар күресі секілді спорт түрінен тым болмағанда бір алтыннан алып берсе, сонда қоржынымызда 10-15 алтын болатын еді. Әрине, бұл – болжам.  

16 алтынмен бесінші тұрған Өзбек­станды қуып жету қиын. Себебі бокстан да, күрестен де үміттері бар. Демек қазір Өзбекстан спортты мықтап қолға алған. Париж Олимпиадасында кемі 5-7 алтынға мүмкіндігі бар.

 

Сәтсіз сәрсенбі

Кешегі жарыс күнінде грек-рим ше­берлері Қазақстанның әнұранын шыр­қатады-ау деп Ханчжоудан 40 километр қашықта орналасқан  «Hangzhou Gymnasium» спорт кешенін бетке алдық. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев та зор үмітпен осы жерге келіпті. Бірақ жігіттеріміз сенімді ақтай алмады.

па

Алғашында отандастарымыз Азия ойындарын сәтті бастады. Мейіржан Шермаханбет (67 кг) ширек финалда қытайлық қарсыласын жеңіп, Азия ойындарының жартылай финалына өтті. Жартылай финалда ирандық Даниал Сейед Сохрабиден белдесудің соңғы минуттарына дейін 0:7 есебімен жеңіліп келе жатқан. Алайда соңғы секунд­тар­да қайсарлық көрсеткен жерлесіміз ирандық спортшының жауырынын жерге тигізді. Отандасымыз финалда жапондық Катсуаки Эндомен соңы­на дейін күресті. Есеп – 3:4, жапондық балуанның пайдасында.

– Мейіржанға өкпе жоқ. Оның бір жылдан аса жаттығудан сырт қалып, емдел­генін ескерсек, бұл – керемет нәтиже, – деп бастады сөзін бас жат­тықты­рушы Нұрым Дүйсенов. – Біздің балуан көзінен жарақат алып, бір жылдан аса уақыт күрескен жоқ. Күресте мұнша уақыт кілемге шықпағанның кері әсері болады. Оған шетелде екі рет операция жасалды. Соған қарамастан, Мейіржан кілемге оралып, өзінің бір жылдық үзілістен кейінгі екі жары­сында да жүлдеге ілігіп отыр. Жақында өткен Гран-при турнирінде қола медаль алса, бүгін финалға шықты. Бүгінгі қарсыластары да мықты. Ол өз тобында қытайлық балуанды ұтты. Ал қытайлық балуан жақында рейтингілік турнирде чемпион атанған. Одан бөлек, Иран спортшысы да осал емес. Сондықтан Мейіржанның бүгінгі бар деңгейі осыған жетіп отыр. Негізгі мақсатымыз – Париж Олимпиадасына жолдама алу.

77 кг салмақ дәрежесінде белдескен Азат Садықов Кодай Сакураба (Жапония) мен Висит Тамвиратты (Таиланд) еш қиындықсыз жеңгенімен, жартылай финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовтан (Қырғызстан) жеңіліп қалды. Қола жүлде үшін Софак Кеомен (Камбоджа) күресу керек еді, қарсыласы жарақатына байланысты кездесуден бас тартты. Осылайша, Ресейден қоныс аударған Азат Садықов Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ал 60 кг салмақта ел намысын қор­ғаған Айдос Сұлтанғали алдымен Тайпей балуанын тізе бүктірді (11:1). Әйткенмен, жартылай финалда былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Аята Сузукиге (Жапония) есе жіберді. Ал қола медаль үшін сында Сын Риге (Солтүстік Корея) еш қарсылық көрсете алмады.

Мақсат Сайлау да (87 кг) алғашқы белдесуінде Хиеу Динь Нгиемді жеңген. Алайда ширек финалда әлем чем­пионатының екі, Азия чемпионатының 4 дүркін жүлдегері өзбек балуаны Жалғасбай Бердімұратовқа есе жіберді. Ал қола медаль үшін Масато Сумимен (Жапония) шеберлік байқасып, оған да шамасы келмеді.

Зілтемірші Александр Уваров 81 кг дейінгі салмақта үшінші орынды иеленді. Спорттың бұл түрінде еліміздің атынан Александр Уваров пен Еламан Сейтқазы өнер көрсетті. Алғашқысы қола медальға қол жеткізді. Қоссайыс бойынша ол 348 (154+194) килоны ба­ғындырды. Еламан Сейтқазы 343 (154+189) килоны көтеріп, төртінші орынға табан тіреді. Солтүстік Кореядан келген Чонгсон Ри 364 (169+195) килоны көтеріп, рекорд жаңартса, 351 (159+192) килоны бағындарған өзбекстандық Мухаммадқодир Тоштемиров күміс жүл­дегер атанды.