Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитеті қаржыландырғанын айта кетуіміз керек. Арқа даласында өсетін өсімдіктің барлық түрін зерттеп, электронды бағдарлама түзеді. Биылғы маусымның өзінде өңіріміздің жартысына жуық даласын игеріпті. Университеттің биоғалымдары түтікті өсімдіктердің 400-ден аса түрі жиналғанын, Ұлттық биотехнология орталығына генотиптеу үшін 60 үлгісін жібергенін айтады.
Бұл ғылыми жобаға бірнеше облыс – Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстаудағы ғалымдар тобы қатысады. Ғалымдар флора мен фаунаны кеңінен зерттеп, флораның тамырлы өсімдіктерінің тізімін құруға ниетті. Жобаның тағы бір жемісті тұсы – гербарий қоры толығымен цифрландырылып, халықаралық платформада орналасады. Осылайша, Арқа топырағындағы өсімдіктермен танысуға әлем зерттеушілері мүмкіндік алады.
Биыл жаз бойы университеттің ботаниктері факультет профессоры Маргарита Ишмуратованың жетекшілігімен Осакаров, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет және Ақтоғай аудандарында экспедициялық зерттеу жүргізді. Қарқаралы және Бұйратау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Бектауата тауы мен Спасск шоқылары, басқа да орманды алқаптар қамтылды.
Жобаны жүзеге асыруға биология-география факультетінің ғалымдары ғана емес, сонымен қатар университеттің докторанттары, магистранттары мен студенттері де қатысып жатыр.
– Біз осы маусымда өңірдің жартысын зерттеп үлгердік. Келесі жылы зерттеуімізді жалғастырамыз. Осыдан кейін Қарағанды облысы өсімдіктерінің түпкілікті тізімі жасалады. Ол монография түрінде жарияланады, барлық дерек университет сайтында, сондай-ақ халықаралық ғылыми платформаларда орналасады. Осыдан 25-30 жыл бұрын қолымызда компас, күрек, гербарий папкасы, анықтамалық кітап, карта секілді керек-жарақ болатын еді. Қазір спутниктік құрал қосылды. Мысалы, шөптің табылған жерін бұрынғыдай өлшеп жүрмейміз. Әлгі құрал арқылы географиялық орнын дәлме-дәл табамыз, – дейді профессор М. Ишмұратова.
Жобаны қолға алмас бұрын ботаниктер жан-жақты зерттеу жүргізген. Ботаниктер Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті биология факультетінің, Санкт-Петербургтегі В.Комаров атындағы ботаникалық институттың, Барнаулдағы Алтай мемлекеттік университетінің, Оңтүстік Сібір ботаникалық бағының гербарийлерінде болып, тәжірибе жинақтаған.
– Гербарийлерді цифрландыру қарапайым көрінгенімен, оңай жұмыс емес. Гербарийлік парақты сканерлеп немесе суретке түсіріп, бағдарламаға құр енгізе салмайсыз. Электронды жүйеге мәліметтерді енгізсеңіз, ғаламдық зерттеушілер Арқа даласының бай өсімдіктері мен жан-жануарларымен таныса алады. Цифрланған топтамаларымыз халықаралық жүйеге (GlobalBiodiversityInformationFacility, GBIF) жүктеледі. Өкінішке қарай, 2,5 млрд нүкте кездесетін GBIF әлемдік картасында Қазақстан аумағындағы бос орын көп. Елге тиесілі 400 мыңнан аса нүктеде тек 130 мыңға жуық түтікті өсімдік бар, – дейді жоба жетекшілері.
GBIF картасы осы маусымдағы жинақтармен толығады. Ал қыста бұрын жиналған қор материалдарын цифрландыру бойынша жұмыстар жалғасады. Биология-география факультетінің гербарийлерінде өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап жиналған үлгілер сақталған.
– «iNaturalist» мобильдік қосымшасы арқылы сіз де үлес қоса аласыз. Өзіңіз қызыққан өсімдіктің, жануардың да фотосуретін сол қосымшаға жүктеп, бөлісуге болады. Сапалы суреттер сарапшылардың анықтауымен GBIF ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Бүгінде мыңнан аса әуесқой жан 3 мыңға жуық өсімдік түрін суретке түсіріп, жүктеген. Фотосуретпен қоса, орны мен күнін көрсетіңіздер, университет ботаниктері өсімдік түрін зерттеп, анықтауға көмектеседі. Бәлкім, сіз жолдаған өсімдік түрі ғылым үшін жаңалық болуы да әбден мүмкін, – дейді университеттің ғалымдары.
Қарағанды облысы