Өнер • 05 Қазан, 2023

Бекзат өнер биігінде

243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақованың әлем ұлттарының ІІІ республикалық би фестиваліне қаты­су­шылар сұлулық пен сырбаздықтың тамаша үлгісін паш етті. Әр қимылын әсемдікпен әдіптеген бекзат өнер байқауы Атырау атырабын шын мәнінде өнердің үлкен думанына айналдырды.

Бекзат өнер биігінде

Қазақ би өнеріндегі жеке орындауды насихаттау,­ ұлт­аралық мәдени-шығарма­шылық байланыстарды­ ны­ғайту, хореография өнері саласында кәсіби тәжі­ри­бе алмасу, дарынды би­ші­лер­ді, хореограф­тарды, балет­мейстерлерді анық­­тауды мақсат еткен өнер мерекесі Атырау облы­сы­ әкімдігі мәдениет, тіл­дер­­ді дамыту және архив ісі бас­қармасы мен облыстық ха­лық шығармашылығы және мәдени демалыс­ты­ ұйым­дас­тыру ғылыми-әдіс­темелік орта­лығының қолда­уы­мен­ ұйым­дас­тырылды.

Алтай мен Атырау арасын­ жалғаған ауқымды шараға елі­міз­дің түкпір-түкпірінен бар­лығы 22 орындаушы қатысты. Бай­қау шарты бо­йынша бишілер І кезеңде әлем халықтары биінің хорео­графиялық композиция­ла­рын ұсынса, ІІ кезеңде мін­детті бағдар­лама – Е.Бру­силовскийдің музыка­сына халық биі «Алты­най­ды» биледі.

Екі күнге созылған фес­тивальда бишілердің орын­дау­шылық шеберлігін қазы­лар алқасының төр­ағасы – ҚазКСР­ еңбек сіңір­­ген әртісі, Қазақ­станның халық әртісі Гүлжан Талпақова, мүше­лері – Қазақстан мәдение­ті­нің қайраткері, педагогика­ ғылымдарының докторы, өнер­та­ну ғылымдарының профессоры, Қазақ ұлттық хореография­ ака­демиясының профессоры Айгүл Күлбекова, ҚазКСР ең­бек сіңірген әртісі, өнертану ғылым­д­арының профессоры, Тойған Ізім, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңім­па­зы,­ «Роза Бағланова атын­да­ғы Қазақконцерт» мем­ле­кет­тік концерттік ұйы­мы­ «Гүлдер» ансам­блінің бас балетмейстері Анвара Садықова, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген мәде­ниет қайраткері, педагогика­ ғылымдарының кандидаты, «Қазына» халық би ансам­блі­нің бас балетмейстері және көркемдік жетекшісі Зәуре Әжібекова бастаған би өнерінің нағыз майталман мамандары бағалады.

Гүлжан Талпақова – қазақ­тың көрнекті бишісі. Жоғары орындау техникасымен және бейнені мәнерлі жеткізуімен ерекшеленетін дара дарын әлемнің 52 мемлекетінде өнер көрсетіп, ұлттық би өнерін жаһанға танытты. Биші репер­туарындағы «Айжан қыз», «Қос алқа», «Алмас қырғауыл», өзбектің «Хорезм биі» және ұйғыр, корей, вьетнам, моңғол, үнді, мысыр, малай халықтарының билері көрерменін бір сәт те бейжай қалдырып көрген емес. Гастрольдік сапармен АҚШ, Германия, Моңғолия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде (Бирма, Малайзия, Сингапур, Шри- Ланка), Үндістан, Жапония, Иран, Таиланд, Финляндия сынды елдерді аралап, өне­рімен жұртшылықты тәнті етті. Ал Болгария астанасы­ София қаласында жас­тар мен студенттердің Бүкіл­дүниежүзілік ІХ фестиваліне қатысып, «Айжан қыз» биімен айтулы фестивальдің лауреа­ты­ атанып, күміс жүлдені қан­жығасына байлады. Америка­ның тоғыз штатында болып, теңдессіз талантымен шартарапты мойындатты. Дәл осы сапарынан кейін мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев арнайы қабылдап, «Халық әртісі» атағымен марапаттады.

Ал бұл байқау бишінің өнер жолында жинаған сол мол тәжірибесін өскелең ұрпаққа паш етуді мұрат тұтады. Яғни Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақованың әлем халықтарының ІІІ респуб­ликалық байқауын ұлттық мәдениеттің хореографиялық кеңістігіндегі бірегей оқиға десек те болады. Шараның басты ерекшелігі сол – мұнда жеке орындаушылардың шеберлігі сынға түседі. Осы арқылы халық билерін жеке орындауда насихаттау көзделген. Байқаудың шарты да ерекше. Екінші кезеңінде Гүлжан Талпақованың репертуарынан би ұсынылады. Бұған дейінгі байқауларда «Ерке бала», «Қос алқа» билері көрермен көзайымына айналса,­ биыл «Алтынай» биін сан түрлі сараптауда тамашалауға мүм­кіндік туды. Таңдаудың дәл осы туындыға түсуінің себебі – Е.Брусиловскийдің музыкасы ізденушісін хореографиялық композицияға бағыттайды. Онда орындаушы жоғары техниканы, динамиканы, қазақ қызының жарқын бейнесін, тұтас­тай алғанда өзінің шығар­ма­шылық әлеуетін көрсетуі қажет.

– Биші болу үлкен қажырды талап етеді. Әсіресе балет­ өнерінің жүгі ауыр. Сондық­тан да екінің бірі бұл саланы таңдай бермейді. Би – нағыз фанттардың, өз ісін шын сүйетін жанкештілердің жұмысы. Дайындық уақытында қанша қиналсаң, сол азаптың барлығы сахнаға шығып билеп, көрерменнің шексіз қошеметін сезінген бірнеше минуттың ішінде ұмытылып кетеді. Өнер адамының бақыты осы ғой! Яғни би дегеніміз – еңбек. Көрермен ықыласына лайық бола білу үлкен бақыт. Жас буын осыны сезінсе, білсе екен деймін. Қазір жас келді, әне-міне дегенше жетпіс бестің де белесіне келіп қалыппыз. Жастардың билегенін көріп ерекше шабыттанамын. Кейде сахнада жүрген жылдарымды сағынып жылап та аламын. Қазір жас­тарда мүмкіндік көп. Жалпы, жастарды қолдайтын осындай байқаулардың өткізіліп тұрғаны ерекше қуантады. Жақсы бастамаларға қолдау білдіріп, үнемі игі істердің қасынан табылатын жанашыр азаматтарға алғысым шексіз, – деді айтулы би фестивалінің иесі Гүлжан Талпақова.

Байқау қорытындысы бо­йын­­­ша қазылар алқасының ше­­ші­мімен ІІІ орынды Зерде Таң­­нұр­­қызы (Алматы) мен Әсем­ Асхатова (Маңғыстау об­лы­­сы­)­ тең­дей бөліссе,    ІІ о­рын­­­­д­­ы­ Іңкәр­ Айдар­хан­қызы (Ас­та­на.­ Қа­зақ Ұлттық хорео­гра­фия­ ака­демиясы) алды. І орын аста­налық Айсұлу Мұрат­қа­лиеваға бұйырды. Ал бас жүл­деге Астана қаласы Қазақ Ұлттық хореография акаде­мия­сының студенті Ғазиза Молдахмет лайық деп танылды. Гүлжан Талпақованың арнайы жүлдесі Мұрат Қаракөзге (Атырау) берілді. Сонымен қатар «Алтынай» үздік хорео­гра­фиялық қойылымы үшін А.Күлбекова, А.Шәмшиев және Д.Оразымбетов, «Үздік костюм» аталымы бойынша А.Лұкпанова, «Үздік суретші» аталымында А.Ермұхан марапатталды. Байқаудың барлық қатысушыларына алғысхаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Сондай-ақ сахнаны сұлу­лық­қа толтырған би мерекесі аясында халықаралық және респуб­ликалық конкурстардың лауреаты, өнертану кандидаты Анвара Садықованың «Гүлжан Талпақованың өнер­баян өрнегі» кітабының тұсау­кесері өтті. Фотоальбом-кітап бишінің 75 жылдық мерейтойына арналған. 1970-1980 жылдары халық билерінің бірегей орындаушысы әлемнің елуден астам елінде өзінің шығармашылығы мен қазақ өнерін абыроймен таныстырды. Оның стилі, мәнері, техникасы мен эстетикасы көбінесе отандық өнерге тән бидің жеке орындаушыларының даму жолын анықтады. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбек Гүлжан Талпақованың өмірі мен шығармашылығының қыр-сырын бейнелейтін бірегей архивтік фотосуреттерден тұрады.