Зерде • 05 Қазан, 2023

Мұхит сал жүрген жолмен

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батысқазақстандық дәстүрлі әнші, Мәдениет қайраткері Сағадат Рахмет­жа­нов бастаған шағын топ «Мұхит жүрген жолдармен» атты ғылыми тарихи сазды экспедицияға аттанды.

Мұхит сал жүрген жолмен

– Бұл көптен ойымызда жүр­ген­ жоба еді. Бұл сапардың негізгі мақсаты – әйгілі әнші Мұхит сал жүріп өткен жерлермен жүре отырып, ел ішіндегі көне­көз қарттардан, өлкетанушы азаматтардан Мұхит сал туралы құнды дерек жинау. Барған жерімізде сол өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, әншінің өнерімен, әндерінің шығу тарихымен таныстырып, дәріс-концертімізді ұсынамыз. Сонымен қатар сол өлкедегі Мұхит мектебінің әншілерімен таны­сып, тәжірибе алмасу ойы­мызда бар, – дейді Мұхит Мера­лиев атындағы қоғамдық қордың төр­ағасы Сағадат Рахметжанов.

Экспедиция екі апта ішін­де­ Атырау, Маңғыстау, Ақтө­бе, Қызыл­орда, Түркістан, Қара­ған­ды облыстарында болып, сапар­дың нүктесін 15 қазан күні Астана қаласында қой­мақ. Топ құрамында республикалық байқаулардың жүлдегері, жас әнші Нұралы Айтуғанов, жергілікті «Aqjaiyq» теле­арна­­сының операторы бар. Сапардың нәтижесінде деректі фильм, жинақ кітап шығару жоспар­лан­ған.

«Сал Мұхит – батыс­қа­зақ­­­стан­дық ән мектебін қалып­тас­тырған әйгілі әнші екенін білеміз ғой. Сондықтан еліміздің батыс облыстарын түгел аралаймыз. Ал Қарағанды облысындағы Қарқаралы өңірін кіргізген себебіміз – Мұхит баба­мыз кезінде осы жерде өткен Қоянды жәрмеңкесіне де қатысып, Ақан сері, Біржан салдармен кездесіп, бірге ән салған екен» дейді әнші.

Өнерпаздар әуелі Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінде жатқан Мұхит Мерәліұлының кесенесіне зиярат етіп, үлкен сапарға аттанып та кетті. Сағадат Рахметжанов осы сапарға қолдау білдірген облыс басшыларына рахмет айтады.

 

Батыс Қазақстан облысы