Байқаймын, әсіресе әдебиетке жақын жандардың аңсары Алтайға ауады да тұрады. Бәлкім, тұмса табиғаттан бөлек Оралханның өскен ортасын көргісі келеді, ауыл ішінен жазушы кейіпкерлерін іздейді... Өйткені былтырғы байқаудың жүлдегерлері де, биылғы қаламгерлер де «Оралханның ауылын көру үшін келдік» деп кесіп айтқан.
Очерк байқауында оза шапқан жас жазушыларды марапаттамас бұрын қабырғалы қаламгерлер Оралхан туралы естеліктермен бөліскен. Әсіресе жазушы ғұмырының соңғы сәтінде қасында болған Сенат депутаты Нұртөре Жүсіпке сөз кезегі берілгенде жиналған қауым ұйып тыңдады.
– Үндістанға Өзбекстан арқылы ұштық. Делегациямызды қонақжайлылық танытып, күтіп алды. Алдында ғана Раджив Гандидің өліміне байланысты елде төтенше жағдай жарияланған екен. Барлық жерде темірдей тәртіп. Қайда барсақ та полиция қорғап, қоршап алып жүрді. Алғашқы үлкен сапар болғандықтан, Орағаң да келелі ойлар айтты. Бір сәтте «мен туралы естелікті сендер жазасыңдар» деп тапсырғандай болды.
Тәж-махал кесенесіне барғанда байқағанымыз, қабырғасындағы бой жететін жерге дейінгі асыл тастарды ағылшындар қопарып алып кеткен екен. Сонда Оралхан аға: «Иттер-ай, бізді варвар дейді. Өздерінің істегендерін қарашы. Қалай дәті барып, пышақ сұқты екен?» деп қапа болды. Одан соң тебіреніп тұрып, құран оқыды. Үні әлі күнге дейін құлағымда. Іле шала «Абайдың өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деген өлеңін тұтас оқып шықты. Соған қарап өзі де сезгендей ме дейміз. Ресми кездесудің бірінде «Үндістан мен қазақтың ортақ сипаты – екі ел де бейбіт өмір сүрген. Өздігінен ешкімге соқтықпаған. Музыка өнері де жақсы дамыған» деп, Отырарда саздан жасалған сазсырнайды үнді еліне сыйға тартты. Сонымен әркім бөлмесіне кетті. Ертесінде Орағамыз оянбай қалды. Әуелде денесін Үндістанға жерлейміз деді. Бірақ біз ұзақ келіссөз жүргізіп, елге алып қайттық, – деді ақтарыла сөйлеген Нұртөре Жүсіп.
Тыңдарман үшін өте ауыр естелік, білеміз. Ал сафари жанрының сардары, жазушы Әлібек Асқар Оралхан ағасының шығармашылығына тоқталып өтті.
– Оралхан журналистика мен көркем әдебиетті байланыстырып жазған қаламгер. Оралхан жазуды бастағанда бәрі Оралханша жазғысы келді. Бірақ оған еліктеу, оған ұқсау мүмкін емес. Себебі Оралханның стилі тым ерекше. Ал Оралханның «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі тұнған романтика. Қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелді. Одан кейін «Ауыл хикаялары» деп Бейімбет ұқсап жазды. Содан әдеби ортадағы біреу «Ой, Оралхан сияқты табиғаттың ортасында туып өссек, біз де солай жазар едік» дегені бар. Оралхан болса, «мен сендерге көрсетейін дегендей» «Құм мінезі» повесін жазып шықты. Туындыларының бәрі өсу. Басқасын айтпай-ақ қояйық, өмірден өтерінде жазып кеткен соңғы «Атау кере» шығармасы мүлдем басқа биікке көтерілді. Тірі жүрсе, одан да жоғары дүниелер жазар еді. Оны айтып отырғаным, Үндістанға кетіп бара жатып, маған Рерихтің Алтайды аралағаны туралы деректер жинап қойшы деп тапсырды. Соған қарап ойлаймын, ол әлемдік масштабтағы дүниеге кіріспек болды-ау деймін. Әйтеуір, идеясы таусылмайтын, – дейді Әлібек Асқар.
Белгілі қаламгер Асқар Алтайды да қанатының астына алып, шығармашылығына шабыт берген осы Оралхан Бөкей еді. Оны өзі бұған дейін де сан мәрте айтқан.
– «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» деген мақаламды Оралхан аға «Қазақ әдебиеті» газетінің қос бетіне тұтас жариялады. Бір күні дәлізде келе жатқан Ораға ашық тұрған есігімнің алдында тоқтай қалды. Атып тұрып амандастым. «Сенің мақалаңды бір емес, екі қайтара оқып шықтым. Ғажап! Қазақтың тарихын білеміз ғой. Ал арғы беттегі қазақтың тағдырын қайдан білесің?» деп сұрады. «Әкем сол жақта қызмет еткен. Білгенімді, естігенімді шамам келгенше, жазып шықтым» дедім. Ораға сонда: «Енді сен Алпысбаев емес, Асқар Алтай боласың» деді. Содан бері Асқар Алтаймын, – деп әңгімесін қайта жалғаған...
Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатына Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді және сүйіншілі жаңалығымен қуантты. Айтуынша, соңғы жылдары тоқтап қалған «Оралхан оқулары» байқауы қайта жанданады. Ол үшін министрлікке арнайы хат жіберіліпті. Егер жоғарыдан қолдау таппаса, қала әкімдігі қолға алатынын жеткізді.
Сонымен қазылар алқасының шешімімен «Неткен ғажап дүние!» байқауының бас жүлдесін астаналық Жантас Еркінұлы «Тілей» атты очеркімен жеңіп алды. Оған 1 млн теңгенің сертификаты берілді. Ал Ұлытау аймағынан ат арытып жеткен қаламгер Абай Ораз «Тобылғы жарғанның суығы» атты очеркі үшін бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Алматыдан келген Айзат Рақыш, үшінші орынға жерлесіміз Айнаш Асанова жайғасты. Барша жеңімпазға қаржылай сыйлықтан бөлек, Өскемен қаласы әкімінің дипломы мен сертификаты берілді.
– Туған жерім Моңғолия. Ол жақта оқыған кітаптардың мұқабасы жоқ-тұғын. Авторы белгісіз. Әйтеуір оқи береміз. Сонда кейбір шығармалар өзгелерден ерекшеленіп тұратын. Сөйтсек, Оралхан Бөкейдің әңгіме-повестері екен. Содан бері Оралханның атындағы жүлдені алсам, ауылын көрсем деген арманым болды. Шынымды айтсам, байқауға жүлде емес, ауылын көру үшін қатыстым. Дәстүрлі іс-шараны ұйымдастырып жатқан Оралхан Бөкей атындағы кітапхана ұжымына зор алғысымды айтамын, – деді бас жүлде иегері Жантас. Асқақ арман орындалды. Ертесінде Әлібек Асқар мен Әлібек Қаңтарбаев жас жазушыларды бастап, Шыңғыстайға жол тартқан. Жолай Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханның басына бұрылып, құран бағыштаған. Жете сала С.Ластаев атындағы орта мектепте келелі кездесу өткізді. Одан кейін Шыңғыстай ауылындағы жазушының жастық шағы өткен шаңыраққа бұрылды. Музей-үй ретінде қайта ашылған Бөкейдің қара шаңырағына кірген бойда сол заманның рухы сезіледі, қалам ұстаған жанға шабыт сыйлайды. Жас жазушылар да Шыңғыстайдан, Шығыстан шабыттанып кетті-ау деймін. Оралханның жолын жалғайтындар да осылар.
Шығыс Қазақстан облысы