Руханият • 06 Қазан, 2023

Қарымды қаламгерге арналған кеш

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы Солтүстік Қазақ­стан облыстық С.Мұқанов атындағы әмбебап кітапханада «Әде­биеттің кемел тұлғасы» атты әдеби кешпен аталып өтті.

Қарымды қаламгерге арналған кеш

Әдеби кеште баяндама жасаған­дар жазушының өмірі мен шығарма­шылығына тереңнен тоқталды. Тағ­­­дыр­дың тауқыметімен зұлмат жыл­дарда басқа қазақтармен бірге ауып барған Фрунзе (қазіргі Бішкек) қа­ла­сында әкесі мен шешесінен, жалғыз қарындасынан аса ауыр тра­гедиялық жағдайда айыры­лған Кемел ағасы Қа­сыммен бірге бала­лар үйінде өсе­ді. Ол жылдардағы Балалар үйі­нің тұрмысы да қо­ғам­дағы жалпы жағдайдан артық болмаған, сон­дықтан өздерінің ендігі сүйенері тек білім екенін сезген балалар сабақты бас алмай оқып, жақсы азамат болып шығады. Өзінен бір-екі жас қана үлкендігі бар Қасым ағасы Кемелге ендігі өмі­рінде арқа сүйер панасына айналады. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1942 жылы Ржев түбінде қаза табады. Қиын күндерде өзіне қорған болған ағасын Кемел Тоқаев өмір-бақи ұмытпай, мәңгі есінен шығармаған екен.

Кемел Тоқаевтың өзі де 1942 жылы әскерге алынып, 2,5 жыл со­ғы­сып, ауыр жарақат алған соң Гомель, Омбы госпитальдарында емделіп, әскери саптан босатылады. 1945 жылы ҚазМУ-ге оқуға түсіп, оны 1948 жылы аяқтап, Жамбыл облыс­тық газетіне жіберіледі. Осы­дан әрі оның қызығы мен шы­жығы мол қаламгерлік өмірі бас­та­лады. Жамбыл облысында бір жыл істеген соң Алматыға оралып, «Лениншіл жас», Қазақстан пио­нері», «Со­циалистік Қазақстан» газет­терінде қалам тербейді. Алғашқы кітабы «Қа­зақстан пионері» газе­тінде бас редактор болып жүргенде «Жұл­дыз­ды жорық» деген атпен жарық көрген. Қызықты әңгі­ме­лерден тұратын бұл кітап жас оқыр­ман­дардың жүрегіне жол тауып, елі­міздің түкпір-түкпірінен жүздеген хат келеді.

Жазушының 17 жыл бойы табан аудармай қызмет еткен жұмыс орны – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысы» басылымы. Осыған дейін және осы басылымның бас редакторы бола жүріп оның де­­тек­тив жанрында жазған «Қыс қар­лығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастан­дық», «Арнаулы тапсырма», «Сар­ғабанда болған оқиға», «Таң­балы алтын» атты кітаптары қазақ және орыс тіл­дерінде бірнеше реттен жа­­рық көреді. Осы тақырыпқа жа­зыл­ған жазушының соңғы романы – «Соңғы соққы». Бұл еңбегінде жа­зушы Жетісу чекистерінің атаман Дутовтың көзін жоюды қалай ұйым­дастырғаны туралы архив мате­риалдарын көркем әдебиетке айнал­дырған. Өмірінің соңғы жылдарында ол «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдарын жазды.

Баяндама жасағандардың ішінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университетінің аға оқы­тушысы Жазира Көкбас қазіргі мек­­теп бағдар­ламасына Кемел Тоқаевтың енгізіл­ме­геніне өкі­ніш білдірді. «Оның кітап­тары тіпті біз­дің университеттің кітап­хана­сын­да да жоқ», деді ол.

Кешке жиналғандар кітапхана қо­рынан алынған кітаптар мен материалдардан тұратын «Қаламы қа­рымды қаламгер» атты көрмені де тамашалады.

 

ПЕТРОПАВЛ