Ұстаз • 05 Қазан, 2023

Ұстаз еңбегі

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тау-тасынан тарихы тіл қатып, топырағынан тұлғалар тол­ғанысы төгіліп тұратын Шыңғыстау қойнауы руха­ният­тың қайнар көзі іспетті. Әсіресе көнекөздерден қалған әңгімелердің ақиқатын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, келе­ше­гінің керегіне жаратуды ниет еткен ақылман ақсақал­да­ры қандай десеңізші. Ұстаздық қызметін қалың ел таныған, сан шәкірті әлі күнге дейін өнегесін өмірлік азығы еткен сондай қарттың қатарында жазушы-ұстаз, білім беру ісінің үздігі Досымхан Тоққарин де бар.

Ұстаз еңбегі

Алдымен айтайық, бар ғұ­мы­­рын Шыңғыстау өңірін­де өткізіп-ақ аты аңызға айнал­ған «Абай ауылына саяхат» кіта­бының, «Абайдан соң» тет­ра­­логиясының авторы, «Абай ұрпақтары» қолжазба жур­­на­лының негізін салған Кәмен Оразалин, күллі Абай жұртының, Құнанбай әуле­ті­нің ата-тегіне қатыс­ты құнды де­ректер жинап, «Ұлылар ме­кені» атты та­нымдық мол мұра қал­дыр­ған Бекен Исабаев ұс­таз­дық пен шығарма­шы­лық­ты тең ұстаған болмысы бөлек тұлғалар еді. Абай елі­не жолы түскен ұлық болсын, кішік болсын, алдымен осын­дай ел ақсақалдарына сәлем беруі сан жылдан бері дәстүрге айналғалы қашан. Сол тұрғыдан алған­да, қазіргі күнде Семей қала­сын­да тұрғанымен, туған жері­нің тарихын түгендеп, әсіресе ұлы­лар еліндегі білім орда­ла­ры­ның қалыптасу кезеңін қамтитын құнды дүние жазуды мұрат еткен Досымхан Тоққариннің қажырлы еңбегі кімді болсын сүйсінтеріне күмән жоқ. Білім беру саласында 40 жыл еңбек еткен қазыналы қарт ұстаз жақында «Шыңғыстау – шежірелі білім ордасы» атты тарихи құнды кіта­бын шығарды. Семей қаласындағы «Zhardem» баспасынан жарық көрген кітапта Құнанбай Өскен­бай­ұлы 1851 жылы негізін салған «Ескі там» мектебінен (қазіргі күнде Қарауыл орта мектебінің бас­тау көзі болып саналады) бас­тап, Шың­ғыстау қойнауында әр ке­зеңде ашылған мектептер туралы қызықты дерек­терді баяндайды.

Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен және ұстаз шә­кірт­­терінің, мектеп түлек­те­рінің бірлесе атсалысуы­мен оқырман қауымға жол тартқан кітаптың Қа­рауыл­дағы Жас­тар үйінде тұ­сауы кесілді. Кі­таптың тұсау­кесеріне зор ықы­лас­пен қатысқан 97 жас­та­ғы абыз ата, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай еліне келгенде бата берген тыл және еңбек ардагері Әбдеш Имаханов, Абай ауда­нының құрметті азаматы, қа­зыналы қария Манатай Балта­қайұлы, «Құрмет» орде­нінің ие­гері, Қазақстан Жазу­шы­лар одағының мүшесі, ақын Төлеген Жанғалиев жұрт­шы­лық­қа ізгі тілегін арнап, сүбелі еңбек туралы ойларын ортаға салды.

Маңызды басқосуда сөз алған Абай облыстық бі­лім басқармасының мектепке де­йін­гі және орта білім беру бөлімінің басшысы Мәкия Көбен­тайқызы аталған кітап­тың ұрпақ тәрбиесінде алатын орны айрықша екендігін айтып, Д.Тоққаринге Алғысхат табыс етсе, Абай аудандық мәс­­лихатының депутаты Мақсат Нұрсұлтанұлы аудан бас­шылығының атынан «Ел алғысы» медалін тағып, жазушы-ұстазға құрмет көр­сет­ті. Сонымен қатар мұн­дай еселі еңбек­тің об­лыс­тың өзге де мектеп­те­рінің тарихын жүйелеу үшін әдіс­те­ме­лік тәжірибе ретін­де тарату жөнінде тамаша ұсы­ныс­тар айтылды.

«Мен Көкпекті ауданын­да туып-өскеніммен, бір жыл­дай Абай жеріндегі мектепте оқығаным бар. Яғни Абай атындағы кеңшарда 1961-1962 жылдары білім алдым. Ұр­пақ буыны ауысқан са­йын әр кезеңнің білім беру ерек­шеліктері болады ғой. Біз өз мектебімізден бөлек, ауданға аты әйгілі мұға­лім­дер­ге ерекше құрметпен қа­рай­­тынбыз. Мен үшін әлі күнге дейін сондай асыл аға­лар­дың бірі Досымхан аға», деді Астанадағы С.Сей­фул­­лин атындағы Қазақ агро­­­тех­никалық зерттеу уни­вер­­си­­тетінің доценті Өмірзақ Сұлтанов.

Түйіндей айтқанда, «Шың­­ғыс­­тау – шежірелі білім ордасы» атты кітапта қа­дірлі ұс­­таздың қажырлы еңбегі ай­қын көрініс тапқан. Білім берген шәкірттерінің көшін қазақ әдебиетінің клас­сигі Роллан Сейсенбаев, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова, жазушы Айгүл Кемелбаева бас­­­тап тұрғанын айтсақ та, Досымхан ақсақалдың өз дәуі­рін­де ұстаздық қызметін қа­лай атқарғаны түсінікті болар. Сексен жастың бел ортасын бағындырса да, сергек қал­пы­нан айнымаған жазушы-ұстаз жайындағы бір үзік сыр осындай.

 

Абай облысы