Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың 85 жылдық мерейтойы мен қала күні аясында есігін айқара ашқан жаңа ғимарат алдында жас жұбайларды құттықтап, мереке күндері қалада әсем ғимараттар мен көз тартар көркем аллеялар тарту етілгенін атап өтті.
– Біз үшін бұл орталықтың маңызы өте зор. Жыл сайын өңірімізде шаңырақ құндылығын қадір тұтқан үйелмендер саны артып келеді. Биыл Отбасы күні қарсаңында Астана төрінде 10-шы рет өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жерлесіміз, ғасыр жасаған майдангер Қабақ Смағұл әулеті лауреат атанды. Біз осындай өнегелі әулеттерді мақтан тұтып, жастарға үлгі етеміз. Жаңа өмірдің жарқын баспалдағына айналар сарайда рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалады, – деді аймақ басшысы.
Жиында жаңа нысанды сапалы салып, мерзімінде тапсырған «Авангард» ЖШС өкілдеріне құрмет көрсетілді. Отбасылық өмірге жаңа қадам басқан жас жұбайлар лебізін білдіріп, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты, ғасыр жасаған абыз ақсақал Қабақ Смағұлов бата берді.
Жаңа нысанда неке қиюдан бөлек Жастар денсаулығы, «Анаға тағзым» орталықтары, Отбасы банкі, «Бақытты отбасы» жұмыспен қамту орталығы қызмет көрсетіп, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрлі құндылықтарына қанығуына қолдау танытады.
Аймақ мерейтойы аясында осы күні «Анаға тағзым» орталығы ел игілігіне табысталды. Ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, дәстүріміз дәріптелетін орталық белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен бой көтеріп отыр. Өңір басшысы 1,7 млрд теңге жұмсап, осындай ғажап ғимарат тарту еткен меценатқа Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Еңбек ардагерлері Дайрабай Ысқақов, Алма Бақтиярова, Әзия Қыстаубаева жерлестерін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, Т.Жүргенов қорының төрағасы Сәпен Аңсат бата берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – креативті индустрияны жан-жақты дамытуды жүктегені белгілі. Осыған байланысты «Анаға тағзым» орталығы ғимаратынан «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастайды. Мұнда жаңаша ұлттық брендтер қалыптастырып, экспортты дамытуға үлес қосатындар шоғырланып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасалмақ. Жаңа ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, жас отбасылардың «Жас отау» мектебі, «Ана тілі» дебат клубтары да құрылып отыр.
Қызылорда