Шығыс Қазақстанда егістік алқаптарының жалпы аумағы 639,8 мың гектарды құраса, оның 290,3 мың гектары – дәнді және бұршақты дақылдар. Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары берген статистикалық деректерге көз жүгіртсек, майлы дақылдар 210,9 мың гектар жерге егілген. Күнбағыс 197,2 мың гектарды алып жатыр. Ал қарақұмық – 12,1 мың, картоп – 11,0 мың гектар. Теңіздей толқыған сары далаға орақ уақтылы түскенімен, мерзімінде орылмай жатқаны шаруаларды алаңдатады.
Дәнді және бұршақты дақылдардың облыс бойынша 68,1%-ы ғана жиналды. Орташа өнімділігі – гектарынан 13,84 центнер. Қазіргі таңда 273,4 мың тонна астық бастырылды. Былтыр дәл осы уақытта дәнді дақылдар түгелдей дерлік орылған еді. Биылғы орақ маусымына техника толықтай дайын болғанымен, күн райы мұрсат бермеді. Облыста 2 338 комбайн бар десек, оның 355 бірлігі – өнімділігі жоғары шетелдік комбайн.
Агроном мамандардың пікірінше, 30 күнге созылған жауын астық сапасының нашарлауына, оның өнуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға әкеліп соғуы мүмкін екен. Десе де, қолда бар техникалардың көмегімен түсімді сақтап қалуға тырысып жатыр. Облыс шаруашылықтарында әртүрлі қуаттылықтағы 300-ден аса механикаландырылған астық тазарту кешені, тәулігіне 12 мың тонна астық кептіре алатындай 90 кептіргіш және лицензияланған 5 элеватор бар.
Жаңбырлы күз әсіресе егін шаруашылығы шалқып отырған самарлықтарға қатты тиген. Қазіргі уақытта Самар ауданының шаруалары астықтың 40 пайызын ғана жинап үлгерген.
– Ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгінгі таңда жиналған астық өнімі 36,7%-ды құрап отыр. Күзгі дала жұмыстарына 1 167 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Зауыттық сату бағасы литріне 250 теңгені құрады, – дейді Самар ауданының әкімі Нұрлан Махамбетов.
Сондай-ақ топырағы құнарлы Самар ауданында пайдаланылмай жатқан 15,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдағы уақытта тағы да 20 мың гектар жерді қайтару жоспарда бар екен. Игерілмей жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылса, шаруалар үшін де тиімді болмақ. Олай дейтініміз, алақандай Самар ауданында 428 шаруа қожалығы бар. Соларға теңдей бөліп берілсе, қожалық көші ілгерілей түсер еді. Әйтпесе, жайылымдық жер мен шабындықтан да таршылық көріп отырған азаматтар бар. Айтқандай, ауылшаруашылық ұсынған есеп-қисапта жоспардағы шөптің 91,9%-ы әзірленіпті. Ал сүрлем мен сабан әзірлеуде межелі жоспардың жартысына ғана жеткен.
Орақ маусымына деп 8,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынына шаруалар өтінім берген. Қазіргі таңда шілде және тамыз айларына бөлінген дизель отынының көлемі толық игерілді. Облыс бойынша жеңілдікті дизель отынының орташа бағасы 1 литр үшін 250 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар егін жинау жұмыстарына 10 мың тонна көлемінде жеңілдікті дизель отынына сұраныс хаттар жолданды. Дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін 7 мың тонна дизель отыны бөлінген. Демек техникалар сақадай сай, дизель отыны жеткілікті. Тек ауа райы ашық тұрса, қалған егін толықтай орылуға тиіс.
Шығыс Қазақстан облысы